Маңызды мәселелер талқыланды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті. Мәжілісті ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев күн тәртібінде екі мәселе қаралатындығын айтты.
Оның алғашқысы – Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралар туралы болды. Ол жөнінде Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров баяндады.
Мұнан соң жұмыспен қамту саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, болдырмау бағытындағы қабылданған шаралар жөнінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев айтып берді.
Аудан басшысы Совет Кеңесұлына халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған заңнамалардың сақталуына, қайтарымсыз мемлекеттік гранттардың мақсатына сәйкес игерілуіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар басқосуда баяндамашыларға ұсыныс-пікірлер айтылып, сауалдар жолданды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы жиын Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысына жалғасты.
Мәжілісті жүргізген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев күн тәртібіндегі мәселе жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың нәтижелері туралы екенін айтып өтті. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің бөлімше бастығы Ғалымжан Аманов баяндап берді. Аталған мәселе бойынша қосымша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов хабарлама жасады.
Мұхтар Әуесұлы қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың өз бетінше жол кедергілерін орнатуына жол бермеуге, жол ережелерінің қатаң сақталуына бақылау жасап, полиция бөлімімен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар аудандық полиция бөліміне көлікті масаң күйде, ешбір құжатсыз басқарудың алдын алу бағытында бірлескен іс-шара жоспарын жасап, аталған санаттағы құқық бұзушылыққа тосқауыл қою керек екенін тілге тиек етті.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі