Сенаторлар электр самокаттардың қозғалысын реттейтін заң жобасын мақұлдады
Заң электр самокаттарын және шағын электрлі көлік құралдарын пайдалануды заңнамалық негізде реттеуге бағытталған.
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
«Заң - жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен әзірленген. Заңның негізгі мақсаты - қолданыстағы құқықтық оқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу болып табылады. Бұдан бөлек, Заңмен көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізіледі.Сонымен қатар, Заңмен Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады», - деді сенатор Евгений Больгерт.
Заңға сәйкес:
«Шағын электр көлік құралы» ұғымы оның техникалық сипаттамаларын және пайдалану тәртібін құқықтық регламенттей отырып, жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесін белгілеу енгізіледі;
«Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады, сондай-ақ олардың жүргізушілеріне тыйым салынады.
«Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне жол беріледі. Атап айтқанда, бұл 18 жасқа толу, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігінің болуы, түймеленген дулығаның болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын заттың болуы.Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км аспайтын жылдамдықпен жүруіне жол беріледі», - деді сенатор.
Ол атағандай, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының қызметін бастау немесе тоқтату туралы хабарламаның жаңа түрімен толықтырылады.
«Жалпы, көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттеріне шектеулер мен тыйымдарды белгілеуге бағытталған Заң - көлік құралдарының түрлерін пайдаланудағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге ықпал етеді деп санаймыз.Мәжіліс қабылдаған Заң жеке жүріп-тұру құралдарын пайдалану тәртібін құқықтық реттеу саласындағы алғашқы қадам болып табылады. Сонымен қатар, енгізілетін құқықтық новеллаларды тәжірибеде сынақтан өткізуді, сондай-ақ электр самокаттар мен шағын электр көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттеудің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, болашақта өзінің заңнамалық шешімін талап ететін бірқатар мәселелер бар», - деді ол.