Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешіре білу – кеңшілдік

Кешіре білу – кеңшілдік

Жұмыстан шыға салысымен кент орталығындағы Пірімов көшесіндегі тротуарды бойлап, үйге қайтып келемін. Көшедегі қозғалыс әдеттегіге ұқсамайды. Арлы-берлі өтіп жатқан көліктер, жұмыстан үйіне асыққан адамдар. Кешкілік серуенге шыққан жастар.
Жан-жағыма көз тастап, ойланып келе жатқаным сол-ақ екен, артқы жақтан қатты шу естілді. Жалт қарасам, машинаға велосипед тізгіндеген бір бозбала келіп соғылыпты. Құдай сақтағанда өзі аман. Тек құлап, жарақаттанған екен. Әп сәтте жұрт машинаның маңын айнала, қаумалай алды. Ал мен анадайдан бақылап, «адам аман болса екен»,– деп жанымды шүберекке түйіп тұрмын Әлгі көлікті жүргізіп келе жатқан адамның көзінде үрей байқалады. Бірақ өзі түсініксіз күйде. Әйтеуір аман қалғандарына шүкір десіп жатыр. Ал қалғаны қызбалыққа салынып, баланы сұрақтың астына алып әлек. Балада ес жоқ. Шошынып қалған. Сауалдарына мүлдем үн қатпады. Сонда да жұрт шулағанын қояр емес. Сәлден соң ес жиды ма, бозбала көлік иесінен: «Мені кешіріңізші, аға, байқамай қалдым. Жолдың шетінде ғана келе жатқанмын. Менің де алдымнан ит жүгіріп өтті. Соны айналып өте бергенімде сіздің көлікті аңғармай қалдым» дегенді қайталай берді. Көлік иесі баланың алдынан әдейі шықпаған түсінді де, арқасынан қағып: «Жарайды, бауырым, ештеңе етпес. Бастысы аманбыз», – деп жұбатты. Әлгілерді айналшықтағандардың арасынан біреуі: «Көзіңе қарап жүрмейсің бе? Қайта аман қалып, оңай құтылдың. Кұр кешірім сұрағаныңмен көліктің қисайған жерін жөндей алмайсың ғой. Әке-шешеңе хабарлас», – деп мысқылдай, сөз астына алып жатыр. Соғылған көліктің иесі «Ағайын тараңдар, қызық бітті» дегенде ғана жиналғандардың аузына құм құйылды. Бағанадан болып жатқан оқиғаны сырттан қарап тұрған мен әлгілердің сау екендігіне көз жеткізген соң, қызықтағандай болмайын дедім де, үйге қарай беттей бердім. Бірақ келе жатып, мына ой маза бермеді. Әлгі жүргізуші кісілігін жоғалтпаған нағыз жігіт екен. Әйтеуір бір-бірін түсініп, кешіре қойды. Оқыс жағдай екендігін ұғынып тұр. Бірақ сол жердегі үлкендердің ісіне қарным ашты. «Кешірім берме, мұндайларға», «Келесіде жолға шықпайтын болады» дегендері кәдімгідей ызамды келтірді. Сонша тас жүрек болып кеткен бе адамдар? Мәселенің мән-жайын білместен, ақ-қарасын ажыратпай неге айыптай жөнелеміз екен? Дәл осы сұрақтарға үйге жеткенше өзімше жауап іздеп келемін.
«Қате аяқ астынан» деп жатады. Ешкім жолда сақтандырылмаған. Тіпті сақтандым дегеннің өзінде кейде оқыс жағдайға ұшырауың әбден мүмкін. Бірақ біз кенеттен болған жағдайдың өзін әдейі жасағандай бір-бірімізден кінә іздеуге неге дайын тұрамыз екен? Мұндай жағдайлардың талайын естіп, көріп жүрміз. Бірақ сонда да өзімізге емес, өзгеге кінә артуға бейілміз.
Бір оқиғаны естіген едім. Көлік тізгіндеген бір кісі оқыстан жол апатына ұшырап, бір адамның өліміне себепші болады. Әлгі жүргізуші өмірінде жолда жүру ережесін ешқашан бұзып көрмеген екен. Бірақ сол күні ол үлкен сәтсіздікке ұшырайды. Сәтсіздік деуге де келмес. Себебі ол әдеттегідей жол ережелерін бұзбастан көлік жүргізген. Тек кенеттен жол ортасына жүгіріп шыққан адамды байқамай қалғаны болмаса. Онда да ол тежеуішті басып үлгермеген. Себебі бәрі қас пен көздің арасында орын алған. Соған қарамастан көлік астына жүгіре шыққан адамның өліміне жүргізуші айыпты деп саналып, түрмеге тоғытылып кете барады. Бірақ жәбірленуші тарап кейін өздерінің арыздарын алып, жүргізушіден кешірім сұраған көрінеді. Ал жүргізуші түрмеде отырса да, кешірімін қабыл алған. Дегенмен оның тар қапастағы жылдарын қайтарып бере алмады. Бірақ көңілдегі кірін жуа алды. Дәл осы сынды оқиғалар көптеген адамдардың басынан өтуде. Тіпті кейбірі керісінше көрініс тауып жатыр. Қателігі болмаса да кешірім сұрап барғанда, мүлдем кешірмейміз дейтіндер де табылады. Тіпті кінәлі еместігін іштей сезініп, түйсінсек те, айыптауға бармыз. Бірақ бұл ешкімге де опа әкелмейді ғой.
Дана халқымыз «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» демей ме? Кешірмеумен жоқтың орнын толтыра алмайсыз. Ол сіздің жаныңызды одан әрі жегідей жей береді. Сондықтан адамдардан кешірім сұрау және оған кешірім беру өте маңызды екенін естен шығармау керек. Себебі кешіре білу – өмірде болып жатқан жаман жайттарға бой ұсыну емес, барлық дүниені қабылдап, өмірдің жаңа парағын ашу болып саналады. Сөз соңында ешкімге кек сақтамай, бәріміз кешірімді болайық дегім келеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА
16 мамыр 2023 ж. 243 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 29

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930