Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігі мен еңбегі ел жадында

Ерлігі мен еңбегі ел жадында

Айқын мақсат адастырмайды.Уақыт ағымында жолыққан ауыртпашылықты ерік-жігерімен еңсеріп,адамдық ар-ұжданын аласартпаған алдыңғы буынның легі аз емес.Солардың елім деп еміренген қастерлі үрдісі мен ілкімді де ізгілікті істері өскелең өрендерге байыпты да берік бағдаршам.Бейбіт күндерде қажырлы еңбектің берекесін келтіріп,жау жағадан алғанда Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбегімен көрінгендер қатарында Бекжан Дидаровтың есімін ерекше атап өткен орынды.
Бекжан 1906 жылы Қазалы ауданында қызылқұмның қиясындағы «Достық жалы» аталатын жерде туып,тағдырдың маңдайына жазған тауқыметін бастан өткерген.Таршылық пен жоқшылық билеген заманның зұлматты зардабы бұлардың да отбасын біраз қиындыққа душар етті.
Тірлік қамын күйттеген әкесі Дидар үдере көтерілген көшке ілесіп,Қазалы аумағына жеткен.Ұзамай жаңа қонысқа біршама үйренісіп алады.Етек-жеңін жиған соң Ақтөбе аймағының Елек өзені жағалауындағы Шыңғырлауда тұратын қарындасын жанына көшіріп алуға бекініп,жолға шығады.Сол сапарында аяқ астынан тырыспай ауруына ұшырап,дүние салады.Мүрдесі қала маңындағы орталық қорымға жерленеді.
Арқа сүйер тірегі әкесінен айырылған төрт жастағы Бекжан мен бестен асқан апасы Назира екеуі анасы Күнжанға еріп,нағашы жұртын паналайды.Шешесінің әкесі Сарыбай мен оның інілері Балсары,Тампыш қолдан келген көмектерін көрсетіп,қамқорлығына алады.Жұрттан қалмай тырбана жүріп,оң мен солын танып ержетеді.
Отызыншы жылдардағы жаппай ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушілік пен қуғын-сүргін кесапаты талайларға кесірін тигізген.Аумалы-төкпелі тұстың тосын жағдайынан бас сауғалаған Бекжан отбасы және ағайын-туыстарымен Қаралпақстанның Тақтакөпір өңіріне атбасын тірейді.Жылдар өте келе Шынбай ,Әмудария аймағының да тұз-дәмін татқан.
«Туған жер- оттан да ыстық» деген.Қалай десек те кіндік қаны тамып,өсіп-өнген жердің топырағына ешнәрсе жетпейді екен.Ақырында қырқыншы жылдары қайта айналып,өзіне « Мысыр шаһарындай» көрінген қасиетті Қазалыға оралады.Қазіргі Бозкөл,Қызылқұм елді мекенінің ізіндегі №6,№7 ауылдарда колхозшы болып еңбек етеді.
1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Бекжан отыздың бесеуіндегі қылшылдаған жігіт еді.Тылдағы тіршіліктің тайқазанын тасытуға аянбай үлесін қосқан ол,1942 жылдың маусымында майданға аттанады.№16 гвардиялық ауыр артиллериялық полктің құрамындағы зеңбірекшілер сапында соғысқа қатысады.Алғашында Волхов, кейін I-III Прибалтика, I-II Беларуссия майданындағы оқ пен оттың ортасында болған.Волхов даласындағы жойқын шайқаста жауынгерлік ерлігіне сәйкес ефрейтор шенін иемденіп, «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағады.Сондай-ақ екі мәрте «Ерлігі үшін» және «Ленинград қаласын қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Өткелегі көп өткен күндердің куәсі іспетті ескі құжаттарды ақтарып көріп,жылтырақ қағаздағы қып-қызыл сиямен басылған бұрыштама мен мөр таңбаға көзім түсті.Мұқияттай қарағанымда Рижадағы гвардиялық ауыр артиллериялық бригаданың штаб бастығы,гвардия капитаны Андрущенконың 1943 жылғы 7 қазандағы №143 бұйрығымен берілген арнаулы куәлік екенін білдім.Оның бетіне «Гвардия ефрейторы Дидаров Бекжан сеніп тапсырылған техниканы неміс басқыншыларына қарсы соғыста біліктілікпен қолданғаны,жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін «Үздік артиллерист» төсбелгісімен наградталады» деп жазылыпты.Соғыс сарбазына бұдан басқа Рига,Тарту,Данциг,Берлин қаласын азат етудегі батыл қимылына байланысты Жоғарғы бас қолбасшы И.В. Сталинның «Алғыс хаттары» тапсырылыпты.
Сонымен бірге біз тілге тиек етіп отырған қандыбалақ майдангердің 1945 жылдың сәуірінде ВКП (б) мүшелігіне өткеніндегі партиялық билеті,қызылармиялық кітапшасы,әскери билеті де сол күйінде сақталған.Онда солдаттың керзі етігінің табаны тиген жерлер мен мақтау-марапаттары анық жазылған.
Үш жылдан астам от-жалынымен шарпыған сұрапыл соғыс үстінде зеңбірекші сарбаз талай жантүршігерлік оқиғаларды бастан кешкен.Жүздеген өрімдей боздақтар ел-жұрттың тыныштығын қорғау жолында опат болды.Бекжанның маңдайына жазылған сәттілік пен көрер жарығының таусылмағандығы шығар,Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады.1945 жылдың 25 қыркүйегінде әскер қатарынан босатылып,жөргек жуған атамекенге аман-сау оралады.
Ержүрек жауынгер бейбіт өмірге оралысымен соғыс уақытында азып-тозған халықшаруашылығын қалпына келтіруге байланысты көтерілген бастамаға қызу қолдау көрсетеді.Қандай іске де икемді жігітті ауылдастары Жданов колхозының егіс бригадирлігіне ұсынады.Көптің тілегіне сай белгіленген орынға бекітілгендіктен,жұрттың сенімінен шығуға күш салады.Диқандарды ортақ шаруаға жұдырықтай жұмылдырып,астық өндіру мөлшерін молайтады.
Бекжан Дидаровтың бұдан кейінгі еңбек жолы да ауылдың қат-қабат тіршілігімен қабаттаса өрімделген.1948-1950 жылдары колхоз төрағасының орынбасары-партком қызметінде істейді.1950 жылы кішігірім шаруашылықтар ірілендірілуіне байланысты Жданов колхозы төрағасының орынбасарлығына,кейін төрағалығына сайланған.1955-1960 жылдар аралығында мал фермасына басшылық етіп,төрт түлік басын көбейтіп,алынатын өнімді арттыруға белсене атсалысады. Отбасында зайыбы Қалмеңтай Есқызы екеуі шаңырақтың шаттығын келтіріп,бір қыз, екі ұл тәрбиеледі.Барлығы да үйлі-баранды болып,ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда.Ол 1969 жылдың маусым айында өмірден озды.
Жақсының аты өшпейді.Елбасына бұлт үйірілген соғыс жылдарында жаумен алысқан,бейбіт шақта еңбек көрігін қыздырған еңбек және соғыс ардагері Бекжан Дидаровтың есімі көптің жадында сақталған.Атпал азаматтың көзін көрген замандастары адамгершілігі мен елжандылық болмысын жаңа толқын жастарға әрдайым айтып отырады.Тәуелсіз Қазақстанның ғарыштап өркендеуіне қажырлы да үлгілі ісімен үлесін қосқан жайсаң жанға жұртшылықтың ұсынысы,аудандық ономастикалық комиссияның қолдауы,аудандық мәслихаттың шешімі,кент әкімінің өкімі арқылы Әйтеке би кентінен 2022 жылы көше атауы берілді. «Ер есімі-ел есінде» деген осы емес пе?!
Орайы келген сұқбат үстінде ауыл шаруашылығы саласында түрлі қызмет атқарған зейнеткер,Қазалы ауданының Құрметті азаматы Әнес Дидаров:
–Қазақ елінің гүлденіп,өсіп-өркендеуіне бізден бұрынғы ата-ағаларымыздың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз.Солардың арасында менің әкем де болған.Жасымыздан оның еңбекқорлығын көріп,есейдік.Бүгінгі ұрпағыма атасының ел-жұртқа деген адалдығын ұғындыра білу –бұлжымас борыш.Жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында әкемнің және қаруластарының рухына құран бағыштауды дағдыға айналдырғанмын.Баршаңызды ата-бабалардың әруағы желеп-жебеп жүрсін.Ел аман,жұрт тыныш болып,жақсы күндерде ғұмыр сүрейік,- деген жылы лебізін ортаға салды.
Біз де соғыс жауынгерінің ізбасар ұлы айтқан ыстық ықылас пен ізгі тілекке қосыламыз.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
13 мамыр 2023 ж. 300 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 29

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930