Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан қорғау неге қорқынышқа айналды?

Отан қорғау неге қорқынышқа айналды?

XXI ғасырға аяқ басқанға дейін жігіттердің арасында әскери борышын өтеп келу қалыпты, ер жігітке міндетті дүние етін. Тіпті денсаулығында кірәрат бар жігіттердің өзі қатарынан қалмас үшін «таныс» тауып, казармаға аттанатын дегенді жиі естиміз. Қазіргі таңда мұндай тенденция жоқ десек артық емес. Тек келешек мансабын құзырлы органдағы қызметпен байланыстыратындар болмаса, өз еркімен военкомат есігін қағатындар некен саяқ. Қазіргі жастар бір жылдық Отан алдындағы борышты текке уақыт оздыру, оқуы, жұмысы жоқтардың баратын жері деп санайтындар арамызда жеткілікті. Ал соңғы жылдары жиі орын алып жүрген казармадағы әскерилердің өлімі, үйден діні аман кетіп, жыл өткесін мүгедек болып оралғандар мәселені одан әрі күрделендіріп жіберді.
35 мың борышкер босып жүр
Елімізде әскерилердің арасында орын алып жатырған суицид, кісі өлімі, ауыр жарақат алу сияқты жағдайларға қарамастан жоспар толығымен орындалып келеді. Бұл туралы жақында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Сондай-ақ, министрлік жыл сайын әскерге шақырудың басында іздеуде жүрген 35 мыңнан астам сарбаз болатынын мәлімдеді. Бұл ретте, аталған санаттағы азаматтардың әскери есепке алу міндеттерін орындамағаны үшін іздеуде жүргенін айта кеткен жөн. Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, өткен жылы 7 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айыппұл арқалағандардың қатарында әскери есепке алу бойынша міндеттерін орындамаған 4000-ға жуық адам бар. Қолына шақырту қағазын алса да, медициналық тексеруден жалтарған 200-ге жуық адам жазаға тартылған. Бұдан бөлек 2800-дей борышкердің әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіргені немесе жоғалтқаны анықталған.
Шынын айту керек, әскерге барудан жалтару әскери казармаларда айқай-шу болмай тұрып та баршылық еді. Өткен жылдармен салыстырғанда Отан алдындағы борышты өтеуге асықпайтындар саны күрт өсіп келеді. Ал әскердегі қауіпсіздіктің сыр беруі бұл статистиканы одан әрі өршітіп жіберді.
Казармадағы айқай жігіттің жігерін жасытады
Соңғы бірнеше айда екі бірдей әскери өлім құшты. Жамбыл облысындағы екі сарбаз да себебі толық нақтыланбаған жағдайда қаза тапты. Мұндай жағдай бұған дейін де орын алғандықтан ата-аналар тарапынан үзілді-кесілді қарсылық нық қалыптасып үлгерді.
– Отанды қорғау – әрбір азаматтың борышы екеніне дауым жоқ. Бірақ әскерге үрімдей жас жігіттер өлу үшін бармауы керек. Түптеп келгенде Отан алдындағы борышты әскерге бармай-ақ өтеуге болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, қарулы құрылымдардағы соңғы оқиғалар кез келген адамның қызмет етуге деген құлшынысын төмендетеді. Бейбіт уақытта қаншама жас жігіттер қайтыс болды. Маған шақыру қағазы келді, бірақ мен военкоматқа бармаймын, менің бұл шешімімді ата-анам да қолдайды, – дейді Мақсат есімді аудан тұрғыны.
Бұл мәселе өткен жылы Парламент қабырғасында да қызу талқыланды.
– Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау фактілері туралы қайғылы, өте алаңдатарлық жаңалықтарды жиі естиміз. Әлеуметтік желіден сарбаздардың ата-аналарының жанайқайы желдей есіп жүр. Армиядағы ахуал осылай өрби берсе, жігіттердің әскери қызметке еліту туралы қалай әңгіме айтамыз? – деп сұрады сенатор Дана Нұржігіт.
Ал Қорғаныс министрлігі әскерилер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында «Өмірді ойла» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарын пысықтап жатқанын жеткізді. Бағдарлама басқалармен қатар жеке құрам арасында профилактикалық іс-шараларды жүргізуді және әскери қызметкерлер арасында борышкерлер мен ойынға әуесқойларды анықтауды қарастырады. Себебі соңғы күндері командирлер құмар ойын үшін борышын өтеушілерден ақша талап ететіні туралы ақпарат тараған.
Көшеден әскерге әкету дұрыс па?
Әлеуметтік желі айшылық алыс жерлерден жылдам хабар беріп отыр. Бірнеше ай бұрын танымал желі ленталарында жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқаны түсірілген бейнежазба тарады. Бұл қаншалықты заңды?
Ереже бойынша, әскери комиссариатқа шақыру қағазы әскерге шақырылушыларға жеке тапсырылуы тиіс. Егер шақыру қағазы ата-анасы, достары, көршілері арқылы өткізілсе немесе пошта жәшігіне тасталса, оның заңды күші болмайды. Әскери комиссариаттың шақырулары да шақыру қағазы болып табылмайды. Екінші жағынан, шақыру комиссиясына тек дәлелді себептермен – ауыр науқастанған, қайтыс болған немесе жақын туысқанның ауыр сырқаты себеп болып, табиғи апатқа душар болса бармауға болады. Бірақ дәлелді құжаттарды тапсыру міндетті.
Ешқандай себепсіз дәрігердің тексеруіне бармаған борышкерге Әкімшілік кодекстің 647-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Әскерге шақырылушыны дереу военкоматқа шақыру қағазын беріп, полицейдің жетегімен алып кету заңсыз болып табылады. Шақыру қағазы әскери комиссариатқа белгіленген уақыттан екі жұмыс күні бұрын тапсырылуы тиіс. Бұл әскери міндеттілер мен мерзімді әскери міндеттілерді әскери есепке алу ережелерінде жазылған.
Ескеретін жайт, егер шақыру қағазы алғаш рет тапсырылса, борышкерді әскери комиссариатқа ешкім мәжбүрлеп апара алмайды. Бұл заңсыз және адам ұрлау, немесе билікті асыра пайдалану болып саналады. Бұл жағдайда жәбірленуші полиция шақыруға құқылы. Адамды заңсыз ұстағаны үшін олар Қылмыстық кодекстің 414-бабы бойынша сотталуы мүмкін.
Ретін тапқандар Ресейге қашады
Наурыз айының соңында бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның солтүстігінде әскерге шақырылғандар әскерден жалтару үшін Ресейге қашып жатыр деген ақпарат таратты. Сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Марат Кәрімовтің қаңтар-ақпан айлары аралығында облыс бойынша жоспарға сай әскер қатарына шақырылғандардың 37,8 пайызы ғана қабылданғанын мәлімдеді.
Бір күн бұрын Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев 200-ден астам қазақстандық әскерге шақырылмау үшін Ресейге қашып кеткен деген ақпаратты растады. Оның 120-сы студенттер.
– Үндеуді ұйымдастыру және өткізу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі. Қабылдаушыларды зерделеу қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда (бөлімшелерде) әскерге алынушылардың іскерлік қасиеттері, дене дамуы, жалпы білімі және арнайы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтерді жүйелі жинақтау негізінде екі кезеңде жүзеге асырылады.
Бірінші кезең қаңтардан ақпанға дейін, ал екінші кезең наурыздан көктемгі шақыру жасақтарын жіберу аяқталғанға дейін өтеді. Осылайша, әскери қызметке шақырылуға жататын мерзімді әскери қызметшілерге қойылатын талаптарды ескере отырып, Солтүстік Қазақстан облысының ТЖМ зерттеудің бірінші кезеңінде ҰҚК Шекара қызметіне жоспарға қажетті санның 37,8%-ын таңдады.
Сонымен қатар, жыл сайынғы шақыру кезеңінде республикадағы сыртқы көші-қон мәселесі туындайды. Шақыру науқаны басталғалы бері 10 мыңнан астам әскери жастағы азаматтар әртүрлі себептермен (оқу, емделу, табыс табу мақсатында) әскери есептен шығарылмай және шет мемлекеттердің аумағында мемлекеттік шекараны еркін кесіп өтті. Осыған байланысты аталған санаттағы тұлғалар іздеуде жүргендер тізіміне енгізілген. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мерзімді әскери қызметшілерді іздестіру мәселелері ішкі істер органдарының құзырында, – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігі.
Еркімен бару үшін еліту керек
Жас үлкен азаматтар Кеңес үкіметінің идеологиясы жайында сағаттап әңгіме айтуға бар. Әсіресе, мұны сол тұстағы жігіттердің Отан қорғауға, әскери борышыне өтеуге деген құлшынысынан аңғаруға болады. Қазір бейбіт әрі нарық заманында мұны жұрт асқан қажеттілік деп санамайды. Бұл қазақ армиясының толысуына, күш алуына кері әсер етеді. Сол себепті ведмство өз еркімен әскер қатарына келгендерге бірталай жеңілдіктерді іске қосты.
Мәселен, мерзімді әскери қызметшілерге кредиттік демалыс берілетін болды. Бүгінгі таңда 3400 «солдаттың» негізгі қарызы бойынша төлем және 4900 несие бойынша сыйақы төлеу мерзімі ұзартылған. Мектеп бітіріп, оқуға түсе алмаған түлектер үшін де елітетін ұсыныс бар. Олар әскери қызметін өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ақылы негізде ЖОО-ға ҰБТ-сыз, конкурссыз түсу алады. Қазірдің өзінде еліміздің 40-тан астам жетекші жоғары оқу орындарымен білім беру саласында әскери борышын өтегендерге 3000 орын беруді көздейтін келісім жасалды.
Бұдан кейінгі өмірін әскери салада елестететіндер, яғни «генерал» болсам дейтіндер әскери кафедраларға конкурстан тыс оқуға түсу алады. Ал мансап қуғысы келгендер үшін оқу орталықтары арқылы әскери қызметшілерге мемлекет мойындайтын тиісті куәліктер бере отырып, экономиканың нақты секторы үшін қажетті азаматтық мамандықтарға жататын әскери есепке алу мамандықтары бойынша оқытылады.
«Әскерге барып, балалықтан арылдым»
Мерзімді шақыртудан бөлек, жасы келіп, әскери борышын өтеу керек екенін шынайы түсінген азаматтар да аз емес. Олардың жігерін, отансүйгіштігін басқаларға үлгі етуге әбден болады. Мәселен, Әйтеке би кенті, Жиренше шешен көшесінің тұрғыны Ғалымжан Ұзақ жүрек қалауымен әскер қатарына барған.
2016 жылы Қызылорда медицина колледжін мейірер мамандығы бойынша бітіргеннен кейін 20 жасар Ғалымжан военкомат есігін қағады. Денсаулығынан кінәрат табылмағаны олжа, комиссия ірі денелі жігітті Алматы қаласында орналасқан Қапшағай 35 шабуылдаушы әскерилер бригадасына жөнелткен. Минометшілікті шебер меңгерген Ғ.Ұзақ онда үзеңгілестерімен тез тіл табысып, өмірінің ең қызықты жылын өткізгенін айтады.
– Ауылда қалаған уақытта, қалаған тамақты жеп үйренген маған режиммен тамақтану қиын болды. Бірақ соның арқасында сымбатты дене, мығым бұлшық ет қалыптастыра алдым. Шақырымдап полигонды айналып жүгіру, күннің аптап ыстығы мен аяусыз аязына денемізді шынықтырып, шыдамдыболуға үйрендік. Осы сәтте балалық теріс қылықтарыңнан арыласың. Бұдан бөлек түрлі мылтық атуды меңгердім. Тікұшақпен 1 шақырым биікке көтеріліп, парашюттан секірдік. Бұған арнайы сертификат береді. Үйге қайтатын күнді санап, асығып, ақыры елге келгеннен кейін әскердегі адреналинге, дүние тануға толы күндерді сағынып қалдық.
Әрі-беріден кейін өмірімнің жарқын естелігі болып қалды. Бұрынғы көкелеріміз екі жыл борышын өтеген емес пе? Екі жылдық болса да барар едім. Алайда қазіргі жастардың 1 жылдық нағыз жігіттің «демалысына», әскерге баруға беттемейтіні алаңдатады. Ел басына күн туар болса, Отанымызды қорғауға дайын болуымыз керек. Әсіресе, өз еркімен «әскерге барамын» деп жұлқынып тұрған жастарды көргенде көңіл жадырап, көз күледі, – дейді Ғалымжан Ұзақұлы.
Қазіргі таңда Ғалымжан мемлекет тағайындаған қайтарымсыз грант жеңіп алып, ұрылған-соғылған көліктерді қалыпқа келтіретін бірнеше аппарат сатып алды. Жиренше көшесінде орналасқан көне үйден «Костоправ» атты көлік жөндеу шеберханасын ашқан. Жігітке жеті өнер де аз деген тәмсілді терең түсінген жерлесіміз мұның да негізін әскер сапында жүріп үйренгенін айтады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 мамыр 2023 ж. 325 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 29

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930