Үздік педагог-психолог
Жуырда Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен педагог-психолог мамандар арасында «Үздік педагог-психолог – 2023» облыстық байқауы өтті.
Талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз кәсіптік біліктілігін көрсете алатын педагог-психологтарды анықтау, қолдау және мадақтау мақсатында ұйымдастырылған байқауға Қазалы ауданынан Ж.Жабаева атындағы №234 орта мектептің педагог-психологы Баян Ермаханова қатысып, екінші орын тұғырынан көрінді.
Жарыс кезінде мамандар алғашқы кезеңде өзін-өзі таныстырды. Екінші кезең бойынша Элективті курс, авторлық бағдарламасын қорғады. Келесі шарт негізінде «Профессионалдық калейдоскоп» педагогикалық-психологиялық жағдаяттарды шешті. Содан соң эссе жазып, соңғы бесінші кезеңде тәжірибелік іс-шараға атсалысты.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және облыстық кәсіподақ комитетінің бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Алдағы уақытта қазалылық педагог-психолог маман білімі мен біліктілігін республикалық байқауда сынайды.
Баян Ермаханованың білім беру саласындағы еңбек өтілі жиырма жыл. Ал педагогика-психология саласында 16 жылдық тәжірибесі бар. Қазірде өз білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып, жан-жақты еңбек етіп келеді. Педагог-сарапшы Баян Тажиманқызы: «Ұстаздық жолды жүрек қалауыммен таңдадым. Балалармен жақсы қарым-қатынаста болуды кішкентай күнімнен армандайтынмын. Шәкірттермен жүйелі жұмыс жасау ақылы олардың ішкі дүниесіне үңіліп, қандай іске қабілетті және неге қызығатындығын аңғаруға болады. Әр оқушының бойында өзіне тән ерекшелік жатыр. Балаға бала деп қарамай, үлкендерше ой-пікір алмасып отыру қажет. Өйткені олар да тұлға. Өзіндік ұстанымы мен көзқарасы бар. Жасөспірімдермен ортақ тіл табысып, көкейдегісін анықтай білсек, олардың дамуы мен дарынын ашуда жұмбақтың кілті табылады», – деген пікірде.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ