Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерге бару – абыройлы міндет

Әскерге бару – абыройлы міндет

Әскерге барғандар мен бармағандар арасында сөз қозғала қалса, өзара талас-тартысқа түсіп қалып жататыны бәріне мәлім. Бірі – әскерге бармаған жігіт жігіт емес десе, ал екіншілері – жігіттік әскерге барумен өлшенбейді деген пікірде. Олай болса қоғамда жиі талқыға түсетін осы бір сұрақ аясында ой қозғап көрелік.
Жалпы ер азамат үшін «Әскер – өмір мектебі» саналады. Десе де мұны көбі жоққа шығарғысы келеді. Мүмкін сылтау. Бәлкім жауапкершіліктен жалтару. Не десек те бүгінгі жастардың дені әскерге бармауды құп көреді. Әскерде борышын өтемеген жігіт емес дейтіндерге олардың жауабы да дайын. Қазір күш сынасатын емес, ақыл-ой жарыстыратын заман деп кесіп айтады. Солайы солай ғой. Бірақ қоғамға жүректі, елді қорғайтын азаматтар да керек емес пе?! Бәрі бірдей білімге бет бұрып, тек бір салаға қызмет етер болса, Отанды кім қорғамақ? Шындығында солай айтатындардың өзінен мемлекет мүддесін жоғары қоятындығына да күмәнданасың. Оған себеп те жоқ емес. Қазір жігіттердің көбі әскерге баруға моральдық, физикалық тұрғыда да дайын емес. Оны әрқайсысы әртүрлі себептермен байланыстырады. Иә, солай-ақ болсын. Бірақ олар әскери өмір тек жігітті тек физикалық тұрғыда емес,нағыз азамат етіп тәрбиелейтін орта екендігін қаперден шығармау да керек. Әскер – жауапкершіліктің жүгін арқалауды үйрететін орта емес пе еді?
Кеңестік кезде борышын өтегендер мен қазіргі әскерде сап түзегендердің айырмашылығы жер мен көктей. Ол кездегілер нағыз жігіт пе дерсің?! Неге дейсіз бе? Себебі олар қиындықтан қашпайтын. Қазіргі кездегідей оларда да әскердегі әлімжеттік болмады емес, болды. Бірақ соған қарамастан сол қиыншылықтарға төтеп берді. Сол арқылы олар сыналды, шыңдалды. Қиындықтарға шыдап, өздерін алып шықты да. Ал қазіргілер ше?. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десе де бүгінгі жігіттердің көпшілігінің жігіттік намысы белден төмен. Қайрағанымыз емес. Бірақ бұл шындық. Иә, көбі бүгінде орын алып жатқан әлімжеттікті желеу етіп, содан қашатын да, қорқатын да шығар. Бірақ кеудесіне үрейді қондырып алған жігітті жігіт деуге бола ма? Жігіт өр рухты, жүректі болмаушы ма еді? Әскер сондай болуға септесер еді ғой. Жігіттің шымыр әрі ширақ болып, жіптей болуына, оның ішкі мәдениетін қалыптастыруына әскердің маңызы зор екендігін сол кеңестік дәуірде борышын өтеген азаматтың бірі Серік Айтбекұлы да растайды.
– Әскерге барғандар мен бармағандар арасындағы тартысқа өзімде жиі түсіп қаламын. Қалай десек те, әскерде борышын өтеген және өтемеген жігіттердің арасындағы айырмашылық желдей есіп тұрады. Әскерде болғандар көбіне байыпты, ұстамды, шыдамды көрінеді. Өйткені олар темірдей тәртіптен өткен. Сөздің де қадірін біледі. Жауапкершілікті жүрегімен сезінеді. Ал бармағандарды жаңағы айтылғандарға мүлдем қарама-қайшы деп айтудан аулақпын. Десе де олардың бойынан балалық та, шалалық та жиі байқалады. Өзім соны жиі аңғарамын, – дейді кент тұрғыны.
Жоғарыдағы пікірді қостамайтындар да жоқ емес. Солардың қатарында Айдын есімді жас та бар. Оның айуынша жігіттің жігіттігі әскерге барумен шектелмейді. Жігіттің өзіне деген сенімділігін әскерсіз-ақ қалыптастыруға болады-мыс.
– Тек әскерде ғана тәрбие мен тәртіп болады деген қасаң пікірмен келіспеймін. Үйдегі тәрбиеде атаның ақылы, әкенің айбары, ағаның айтары болса, отбасында-ақ нағыз жігіт болып қалыптасасың. Адам өмірінде әскерден де бөлек қаншама орта болады емес пе?! Сол ортада өзіңді қалай ұстай білсең, соған сай өзіңді қалыптастыруға болады. Ал Отанды қорғауға келсек, ол әрбір азаматтың борышы. Міндеттелген борышты өтеуге дайынмын. Меніңше, санадан «әскерге барып, нағыз жігіт боласың» деген стереотипті жою керек. Әскерге тек Отан алдындағы борышты өтеуге дайын болу үшін бару керек деген ұранды жастардың санасына сіңірген дұрыс болады деп ойлаймын, – дейді жас жігіт.
Иә, бұл әңгіме аясындағы талас-тартыс бітпейтінге ұқсайды. Әр буынның бұл тақырып төңірегіндегі ойына шектеу қоя алмаймыз. Халық даналығында «Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады» деген сөз бар. Қанша жерден жоққа шығарсақ та, жігіттің жігіт болып қалыптасуында әскердің рөлі зор екендігін естен шығармайық.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
06 мамыр 2023 ж. 757 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 32

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 40

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930