Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қатыгездік қарымтасы: Әлімжеттік пен зәбір

Қатыгездік қарымтасы: Әлімжеттік пен зәбір

Соңғы күндері Қазалы ауданында топтық төбелес пен жасөспірімдер арасындағы бұзақылық қайтадан белең ала бастады. Бұл қалада білім алып жүрген студент балалардың ауылға оралуымен, күн жылынып, серуен құрған жастардың ерегесуінен тұтанатын алауыздық екені анық. Мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айында мұндай өрескелдікке барып жүргендердің тәрбиесінде шикілік бар екені анық. Ал жалғыз баланы естен тандырып, оны өле-өлгенше төмпештеген бұзақылардың әрекеті жұрттың тіптен үрейін ұшырды.
Желіде тараған бейнежазба
«WhatsApp» мессенджлерлерінде 7 сәуір күні белгісіз бір топтың жалғыз баланы аяусыз тепкінің астына алғаны жазылған бейнежазба тарады. Видеоны жабыла ұрған 5 баланың бірі қалта телефонына түсірген. Келесі күні аталған материал әлеуметтік желілерде тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Сол бейнежазба арқылы күдіктілер аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, тергеудің астына алынды.
Жора-жолдастарының арасында «беделді», жастайынан таэквандо үйірмесіне қатысатын жәбірленуші негізі 6 сәуір күні таяқ жеген. Мұны полицейлер анықтап, түсініктеме алғанда: «Жалаңтөс батыр атындағы стадионда жаңбырлы күні жүгіріп жүріп, тайып құладым» деп арыз жазудан бас тартқан. Дегенмен бұл қылмыстық іс тіркелуіне кедергі келтірмеді.
– Кеше (ред: 8 сәуір) түнгі 1-ге 20 минут қалғанда ішкі істер бөлімінің шұғыл штаб жиналысына аудандық мәслихат депутаты ретінде қатыстым. Жиналысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, жасөспірімдер арасындағы оқыс оқиғаға терең зерттеу жасап, бұзақылыққа қатысты тыңғылықты жұмыс жасау керектігін аудандық Полиция бөлімі басшысы Болат Кабизовке тапсырды.
Сонымен қатар төбелеске қатысы бар №266 мектеп-лицей оқушыларының тәрбиесіне қатысты мектеп директоры Сейілхан Бердібеков пен №70 мектеп директоры Төребай Шермахановқа мектептегі оқушылардың тәрбие жұмыстарын сынады.
Жалпы осы елдің азаматы ретінде Әйтеке би кентінде жиі орын алатын төбелес ошақтарына сапалы бейнекамералар орнату керек екеніне көзіміз жетті. Топтық төбелестер орын алатын теміржол вокзалы түбіндегі Жалаңтөс баһадүр саябағының жанына патрулдік полиция пунктін қою керек. Себебі жастар арасындағы көп мәселе осы маңда шешіледі. Бұдан кейін жастар мен аға буын арасында жиі басқосу өткізуді жергілікті атқарушы, құзырлы органдар назарына ұсынамын, – деді жаңадан сайланған мәслихат депутаты Есет Жұмабекұлы.
Оқиғаның себеп салдары
Қазіргі таңда жасөспірімнің денсаулығы жайында алып қашпа әңгіме көп. Аудан әкімдігі мәлімдеген ақпарға сүйенсек, оқушыны жағдайы бірқалыпты.
– Қазалы ауданында орын алған төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілді.
Нәтижесінде кәмілетке толмаған, таяқ жеген баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы анықталып, 7 сәуір күні түнгі 00.00 шамасында аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Бүгінгі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заң аясында қатаң шара көріліп, жазасын алатын болады. Қазір бала ауруханада ем қабылдауда. Бүгін аудан әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысы арнайы барып, баланың жағдайын көрді. Жағдайы бірқалыпты, – делінген әкімдіктің ресми парақшасында.
Ал төбелестің қалай болғанын аты-жөнін көрсетпеуді сұраған №266 мектеп-лицейдің оқушысы айтып берді.
– «Районға» бөлінудің әңгімесі болған. Жәбірленушімен бір районда болған жігіттің бірі бұдан кейін басқа топқа кіретінін айтады. Осыдан кейін екі жақтың балалары Жалаңтөс батыр атындағы саябақта кездесіп, мәселені шешпек болған. Алайда таяқ астында қалатын оқушы қасына екі серігін ғана ерітіп барады. Осылай тұрғанда балалар сөзге келіспей төбелес басталады да, лақап аты «Қонти» есімді оқушыға 5 жігіт жабылып, ұрып кетеді. Қазір полицейлер шындап жұмыс істеп жатқандықтан кек алу кейінге қалдырылған болуы керек. Бәрі басылғаннан кейін тағы төбелес болатыны анық, – дейді мектеп оқушысы.
Қылмыс пен жаза
Ең алдымен қоғамда қылмыстық істің не себепті шу көтерілгеннен кейін тіркелгені дау болды. Бұдан кейін күдіктілердің бірі орган қызметкерінің баласы деген де әңгіме тарады. Қызылорда облыстық полиция департаменті бұған байланысты түсінік берді. Ресми органнның айтуынша, қылмысқа үш оқушының қатысы бар.
– Әлеуметтік желідегі жарияланған бейне ролик бойынша іздестіру жұмыстары жүргізу нәтижесінде кәмелетке толмағанды ұрып соққан кәмелетке толмаған күдікті тұлғалар үшеуі Қазалы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, тергеп тексеру амалдары жалғасуда.
Әлеуметтік желідегі кәмелетке толмағанды ұрып соққан балалардың ішіндегі жұмыс жасайтын полиция қызметкерінің баласы жоқ. Дегенмен біреуінің әкесі 2017 жылы полициядан зейнеткерлікке шыққан. Бұл қылмыстық іс процесінде жасөспірімді жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ауданда орын алған жасөспірімдер арасындағы бұзақылыққа қатысты тергеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Қазіргі таңда соққыға жығылған оқушы Қазалы аудандық теміржол ауруханасында ем қабылдауда. Аудан басшысы баламен әңгіме барысында денсаулығына қатысты сұрап білді. Оқушы денсаулығы жақсарып келе жатқанын айтуда. Ал дәрігерлер балаға уақытылы дәрі-дәрмек егіліп, қатаң бақылауға алынғанын жеткізді.
Полиция департаменті бұзақылыққа қатысы бар барлық азаматтарға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, қорытындысымен заң аясында қатаң шара көріліп, кінәлі тұлғалар жазасын алатынын жеткізді.
Ал оқиғаны дер кезінде тіркеп, Заң аясында тиісті шара көрмеген орын алған құқық бұзушылықты дер кезінде анықтамай, алдын алу шараларын жүргізбеген жауапты полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталып кетті.
Айта кетейік, тепкінің астында қалған баланың денсаулығы жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдірді.
– 06.04.2023 ж. күні сағат 16:00 шамасында 15 жасар бала жедел жәрдем бригадасы арқылы Қазалы көпбейінді орталық ауруханасына жеткізілген. Аурухананың қабылдау бөлімінде тексеріліп, бас ми соғылу клиникасымен хирургия бөліміне жатқызылған.
8 сәуір күні сағат 10:35-те ата-анасының өтінішімен Қазалы аудандық теміржол ауруханасына ауыстырылған. Тиісті медициналық көмек ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бас сүйегінің рентгенографиясы, компьютерлі томографияға түсірілді. Сондай-ақ, іш қуысының, бүйрек ультрадыбыстық зерттеулері жүргізіліп, невролог, окулист мамандарымен қаралды.
Науқастың денсаулық жағдайында Астана қаласына ауыстыруға көрсеткіш жоқ екендігін мәлімдей келе, жалпы жағдайының тұрақты екендігін жеткіземіз. Облыстық медициналық авиация арқылы сала мамандарынан кеңес алынып, еміне коррекция жасалды, бақылауда, – дейді ақхалаттылар.
Құзырлылар қарекеті
8 сәуір күні Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде аудан әкімі, облыстық білім басқармасы басшысы мен облыстық Полиция департаменті бастығы орынбасарының қатысуымен төбелеске байланысты мәжіліс өткізді.
Жергілікті бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері, директорлар мен олардың орынбасарлары және ата-аналар комитетінің төрағалары қатысқан жиынды аудан әкімі М.Оразбаев жүргізді. Ол ең алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизовті баяндама жасауға шақырды. Полиция басшысы қазіргі таңда бұзақылық бабы бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатырғанын, 9-11 сынып оқушылары арасындағы жанжалға байланысты облыстан қосымша күш келіп жеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, күндіз де рейдтік шараларды күшейту керектігін, соған білім саласы қызметкерлерін тарту туралы ұсыныс айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы өткен іске өкініш білдіріп, оның алдын алу бағытында әрекетсіз қалған мектеп басшылығын сынға алды. Үйдегі ата-ананың тәрбиесінен бөлек ұстаздардың бақылауы, жауапкершілігі осы жағдайда әлсіздік танытып отырғанын айтты. Құлап жарақат алған бала мен жәбір көрген оқушының жүзіндегі жарақаттың айырмашылығын ажырата алмау полицейлердің қателігі екенін, тергеу барысында кінәлі тұлғаларға аяушылық танытпауды тапсырды. Бұл жағдай басқаларға сабақ болуы керек екенін баса айтты.
Бұдан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы болған жағдайдың жай-күйін хабарлады. Аудандағы білім беру ұйымдары басшыларымен, олардың орынбасарларымен мәжіліс ұйымдастарылып, кешкі сағат 20:30 дан бастап рейд жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді. Қазір №266, №70 мектептің оқушылары, олардың ата-аналарымен кездесу өтеді. Онда да оқиғаның салдары жайында, тәрбие турасында түсіндірме жүргізетінін баяндады.
Бұған байланысты аудан басшысы тәрбиесінде қиындық бар, толыққанды емес отбасынан шыққан балалардың мінез-құлқын, бос уақытын бақылауға алуды күшейту керектігіне тоқталды. Осы міндеттерді қалт жібермеуі тиіс сынып жетекшілерін де жауапкершілікке тарту ісін қарауды қатаң тапсырды.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет бұған дейін қолға алынған тәрбиеге байланысты жұмыстардың зая кеткеніне өкініш білдірді.
– Өткенде ғана осы залда аудан активімен, ақсақалдарымен тәрбие мәселесіне байланысты тәлімді семинар өткізген едік. Бала тәрбиесін жетілдіріп, олардың құқықбұзушылық жасауына жол бермеу тетіктерін талқылап, тиімді әдістерді енгіздік. Соған қарамастан осы күнге дейін білім мен тәрбие тұрғысынан өңірде үлгі ретінде көрсетіліп жүрген ауданда келеңсіз жайт орын алып отыр. Бұл мектеп басшыларының орын алған жағдайды жасырын ұстап, жағдайды дер кезінде баяндамауынан, оқиғаға лайықты талдау жасамауынан ушығып кеткенін жасыра алмаймыз. Ал директордың бірнеше орынбасары әр сыныптағы бұзықтау бір-екі балаға әсер етеуші факторды неге зерттемегені таңданыс тудырады. Соның алдын алмағаннан кейін мұндай жағдай қайталана береді, – деді М.Шермағамбетов. Сондай-ақ, екі мектеп басшысының, олардың орынбасарларының қызметке сәйкестігін қарау туралы білім бөлімінің басшысына қатаң тапсырды.
Жиын соңында сөз алған облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Байжұманұлы, іске қатысты барлық азаматтар мен олардың ата-аналары Заң талаптарына сәйкес жазаланатынын қайта еске салды. Бұдан кейін жергілікті мектептердің ата-аналар комитеті төрағалары орын алған жайтқа байланысты пікірлерімен бөлісті.
Оқиға жайындағы орам ой
Қайбір жанжалда бір жақты түбегейлі кінәлауға болмайтынын уақыт көрсетіп берді. Алайда Заң жүзінде емес, өзіндік сотқа салып, күш көрсеткен, онысы мәлім болған жақ ұтылады. Мәжіліс өткізген басшылар бірер күн бұрын Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің ата-аналарымен кездескенде де біраз жайттың басы ашылды.
Жиын соңында сөз алған аналардың бірі жәбірленуші жігіттің тентек екенін, осы уақытқа дейін аталған мектепте білім алатын баласын үш рет соққыға жыққанын күтпеген жерден жайып салды. Бауыр еті баласының қысым көргеніне шыдамай, үш мәрте арызын арқалап келсе де, ата-анасының көңілін қимай, юарлығында кешірім берген. Осындай жағдайдың бұрын да орын алғанын ескерсек, тәрбие жөніндегі орынбасарлардың, сынып жетекшілердің, тіпті, мектеп басшысына кінә артуды артық көруге болмайды.
Десек те, баланың сабақ уақытынан тыс үйіне қайтпауына, мектеп ауласынан тыс жерде белгілі бір әрекетке баруына ата-ананың тәрбиесі мен бақылауы тілкелей әсер ететінін ұмытпаған абзал. Рас, құзырлы орган дер кезінде жұмыс істемеді. Ұстаздар профиликтикада босаң болған дегендер де аз емес. Қоғамда жасөспірімдердің қатысуымен орын алып жатырған кез келген келеңсіздік үшін Заң шеңберінде де, адамдық тұрғыда да ең алдымен асыраушылары жауапты екенін бір сәт есен шығармайық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
11 сәуір 2023 ж. 78 0

Еңбегімен елге елеулі

21 мамыр 2024 ж. 41

Өнерпаздар бақ сынады

21 мамыр 2024 ж. 24

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031