Декреттік демалыс пен төлемақы қалай есептеледі?
Ауыр босанған кезде еңбекке жарамсыздық қағазын қалай ұзартуға болады? Ал шетелге барғанда оны қалай рәсімдейді?
Осыған дейін біз жұмыс істейтін әйелдерге қандай төлемдер қарастырылғанын, әлеуметтік төлемдердің қандай түрлеріне мемлекет кепілдік беретінін және қандай мөлшерде белгіленгенін айтқан болатынбыз. Бүгін декреттік демалыс кезеңін есептеудің күрделі схемасын қарастырамыз.
№1. Кім декреттік демалыс ақысын алуға құқылы?
Жалпы ереже бар: еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша декреттік демалыс ақысы тек жұмыс істейтін әйелдерге – әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төленеді. Жұмысқа қабылдау кезінде олармен еңбек шарты жасалып, жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) ай сайынғы жалақының 3,5%-ы мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударды.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кіретін жеке кәсіпкерлердің жүктілік пен босану бойынша ақылы демалыс алуға құқығы бар және олар да декреттік төлем алады. Оған мемлекетпен салықтық есеп айырысуда бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қолданатындар да кіреді.
Келісімшарттың басқа түрі – қызметтерді көрсету шарты жасалған қызметкерлер әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жатпайды, өйткені олар үшін әлеуметтік аударымдар төленбеген. Жақын арада Әлеуметтік кодекс күшіне енеді, оған сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлердің осы санаты үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар аударуға міндетті. Содан кейін әйелдер еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша декреттік төлемдер ала алады.
№2. Декреттік демалыс алу үшін қайда жүгіну керек?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан декреттік төлемдерді алу үшін қандай кезеңдерден өту керек екенін көрсету үшін мысал келтірейік.
Әйел өз уақытында (30-шы аптаға дейін) еңбекке жарамсыздық қағазын алуға жүгінді, ал гинеколог оған жүктіліктің 30-аптасынан бастап 126 күнтізбелік күнге еңбекке жарамсыздық қағазын жазып берді:
70 күнтізбелік күн – босанғанға дейінгі декреттік демалыс;
56 күнтізбелік күн – босанғаннан кейінгі демалыс.
Назар аударыңыз: еңбекке жарамсыздық қағазы екі нұсқада беріледі.
Әйел екі нұсқасын да жұмыс орнына тапсырды. Бірінші нұсқаны жұмыс беруші жүктілік пен босануы бойынша демалысқа қалдырды, ал екіншісіне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына тапсыру үшін қажет жазба мен мөр қойды.
Содан соң әйел eGov.kz порталы арқылы декреттік демалысқа шығуға өтініш берді. Ол үшін оған ЭСҚ және еңбекке жарамсыздық қағазының екі бетінің фотосы қажет болды.
Сондай-ақ ХҚКО-ға барып та өтініш беруге болады. Мұны осыған дейін жазған болатынбыз.
Назар аударыңыз: Әйелдер құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке жарамсыздық қағазы ақысын алуға өтініш беруге құқылы. Мысалы, егер әйелге еңбекке жарамсыздық қағазы 2023 жылғы 21 ақпанда берілсе, онда ол 2024 жылғы 20 ақпанға дейін әлеуметтік төлем алуға өтініш бере алады.
Әйел мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан барлық кезеңге, яғни 126 күнтізбелік күн үшін біржолғы төлем алды. Кейін ол асқынуларсыз, дені сау баланы күні жетіп дүниеге әкелді, сондықтан декреттік демалысқа төленетін күндер саны өзгеріссіз қалды.
№3. Декреттік демалыс ұзақтығы қалай және қашан өзгеруі мүмкін?
Келесі жағдайларда еңбекке жарамсыздық демалысының мерзімі ұзарады, азаяды не өзгеріссіз қалады:
1. Әйел айы-күні жетіп босанды, бірақ босанғаннан кейін денсаулығы асқынды (мысалы, ол кесар тілігі арқылы босанды) немесе екі немесе одан да көп бала туды. Бұл ретте босанғаннан кейінгі ақы төлеу мерзімі 56 күнтізбелік күннен 70 күнтізбелік күнге дейін ұлғаяды, ал еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша демалыстың жалпы төленетін мерзімі 140 күнтізбелік күнді құрайды.
2. Әйел еңбекке жарамсыздық қағазында жазылған мерзімнен бұрын босанды. Бала тірі және сау дүниеге келді, ал анасында ешқандай асқынулар болмады. Бұл ретте төленетін мерзім 126 күнтізбелік күн болып өзгеріссіз қалады. Ад декреттік демалыс мерзімі қысқартылмайды.
Назар аударыңыз: әйел аяғы ауыр кезде еңбекке уақытша жарамсыздық қағазын алуға өтініш бергенде жүктілік және босану демалысы оның босанғанға дейін нақты пайдаланған күндер санына қарамастан жалпы есептеліп, толық көлемде беріледі.
3. Әйел 22 мен 29 апта аралығында босанып, гинекологтан еңбекке жарамсыздық қағазын алып үлгермеді. Жүктілікке байланысты еңбекке жарамсыздық қағазы 30-аптадан бастап берілуіне байланысты ол жүктілік бойынша демалыс ала алмайды және тек босанғаннан кейін еңбек демалысы төленеді. Бірақ еңбекке жарамсыздық қағазы 56 күнтізбелік күннің орнына 70 күнтізбелік күнге беріледі. Өтініш беру және төлемді алу тәртібі декреттік демалысқа ұқсас.
4. Әйел үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста немесе жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында. Бұл ретте әйелге жүктілік және босану бойынша жалпы негізде бүкіл кезеңге – 126 күнге еңбекке жарамсыздық қағазы беріледі.
5. Қайғылы жағдай болса:
22-аптадан 29-аптаға дейінгі кезеңде дене салмағы 500 грамм және одан асатын нәресте дүниеге келсе, бірақ жеті күннен астам уақыт қана өмір сүрсе, онда әйелге босанғаннан кейін күнтізбелік 70 күнге еңбекке жарамсыздық қағазы беріледі;
22-аптадан 29-аптаға дейінгі аралықта өлі ұрық немесе салмағы 500 грамм және одан асатын баланы дүниеге әкелсе, бірақ туғаннан кейін жеті күн ішінде қайтыс болса әйелге босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күнге еңбекке жарамсыздық қағазы беріледі.
№4. Өз аймағынан кеткен кезде еңбекк жарамсыздық қағазы мен төлемдерді қалай рәсімдейді?
Әйелге басқа қалаға уақытша көшуге тура келсе, онда көшкенге дейін жүктілік және босану бойынша еңбекке жарамсыздық қағазын алып алғаны жөн. Бұл жағдайда босанғанға дейін өз аймағына оралса, онда басқа медициналық ұйымдарға жүгіну қажет емес.
Егер әйел республика шегінде тұрақты тұрғылықты жерінен уақытша кетсе және мерзімінен бұрын босанса (22-ден 29-аптаға дейін), онда оған босану бойынша демалысқа еңбекке жарамсыздық қағазын босанған жердегі медициналық ұйым береді.
Егер 30-шы аптаға жетіп босанса, онда еңбекке жарамсыздық қағазы уақытша тұрғылықты жері бойынша бақылайтын әйелдер консультациясы береді. Күндер саны жоғарыдағы ережелер бойынша анықталады.
№5. Шетелге кету еңбекке жарамсыздық қағазы мен төлемдері қалай рәсімдейді?
Шетелге сапарлайтын болса онда кетер алдында еңбекке жарамсыздық қағазын рәсімдеп үлгерген жөн.
Егер әйел жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке жарамсыздық қағазын рәсімдемей тұрып уақытша шетелге кетсе, онда қиындықтарға тап болады. Басқа ел декреттік төлем төлеуге міндетті емес, ал шетелде жүргенде қашықтан құжат рәсімдеуге болмайды.
Егер әйел босанғанға дейін елге оралса, онда ол тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда құжатты кешіктіріп рәсімдей алады. Кешіккен соғ декреттік демалыс күндерінің саны қысқарады. Мысалы, әйел 30-аптада емес, 35-аптада жүгінсе, сәйкесінше жүктілік бойынша еңбекке жарамсыздық қағазы 35-аптадан бастап беріледі.
Әйел шетелде босанса, онда жағдай бөлек. Бұл жағдайда ол Қазақстанға оралған соң өзі тіркелген медициналық мекемеге босанғаннан кейінгі кезеңге ғана еңбекке жарамсыздық қағазын алуға өтініш бере алады. Қажет құжаттар:
Әйел тіркелген медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) қорытындысы. ДКК – еңбекке уақытша жарамсыздықты сараптау үшін меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан медициналық ұйымда құрылатын комиссия;
Баланың (балалардың) орналасқан мемлекеттің медициналық мекемесінде туу фактісін куәландыратын құжат (медициналық анықтама);
Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі. Құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне (қажет болған жағдайда) аударылып, орналасқан елде немесе Қазақстан Республикасында нотариалды куәландырылған болуы керек.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады? Декреттік төлем мен оның тәртібі
№6. Қайта есептеуді кім және қалай алады?
Босану кезінде жағдайы асқынған (мысалы, кесар тілігі арқылы босанғандар) немесе екі және одан да көп бала туған әйелдерге босанғаннан кейін қосымша күнтізбелік 14 күн демалыс беріледі. Олар осы кезеңге қосымша еңбекке жарамсыздық қағазын алу үшін өздерінің медициналық ұйымына жүгініп, содан кейін қайта есептеу үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына құжаттарды тапсыруы қажет. Өтініш беру тәртібі бірдей.