Балаларын байлығына балаған
Биыл сексен алтыға аяқ басқан Бұрыш әже «Алтын алқалы» батыр ана. Өмірге жолдасы Теңізбай екеуі сегіз ұл мен қыз әкеліп, тәлімді тәрибе берді. Бүгінде балалары бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасына айналды. Немере мен шөберенің ортасында шаттанып, үлгі-өнеге көрсетіп отырған Бұрыш ана «Бар байлығым – ұрпағым» дейді.
Ұялыда туған Бұрыш Байдосқызы отбасындағы бес баланың тұңғышы. Артынан екі сіңлісі мен екі інісі ерген. Аналары Аққан бала күнінен еңбекқорлыққа баулып, үй жұмысын жинақы атқаруды үйретіпті. Бойжетіп, ауылдасы Теңізбай Әбдіқаниұлына тұрмысқа шыққан соң жары екеуі тылда тер төккен. Өздеріне тапсырылған жұмыстың ауыр, жеңілдігіне қарамай, тиянақты орындауға тырысатын олар таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеген. Бертін келе Қазалы ауданына қоныс аударып, жолдасы сол кездегі құсханада қасапшы, күзетші болған. Зейнеткерлікке шыққанша бір мекемеде еңбек еткен. Ерлі-зайыпты екеуі көппкен бірге елдің экономикалық дамуына үлес қостық дейді. Бұрыш әженің қыздары Сақыпжамал, Бәдігүлжамал, Мейрамкүл, Жанат, Роза және ұлдарым Асылбек, Мейрамбек, Мұхамбетияр аналарының үнемі халын біліп, меркеке күндері қуантып отырады.
– Ол кезде жұмыс таңдап отыратын заман емес қарағым. Тапсырылған істі аяқсыз қалдырмауға бар күш-жігерімізді жұмсадық. Үкіметтің жұмысынан босаған сәтте тоқыма тоқып, қолғап та тігетінмін. Киіз, текемет бастық. Күйеуім балық аулайтын Мен ау тоқуды да жақсы меңгергенмін. Инеағашпен су тасып, от жағатында едік. Қазір шүкір жағдай жақсарды. Біздің кезінде істеген істеріміз немерлерімізге ертегідей көрінеді. Лайым, осындай жайлы жағдайда өмір сүре берсін, – деп тіледі ақ жаулықты әже.
Бір шаңырақ астында бірнеше жыл ағайынды екі жігіт Теңізбай мен Егізбай қатар тұрыпты. Абысынды-келінді Бұрыш пен Кәдір татулығы сонша бір-бірімен сөзге келіп, «керілдескен кезіміз болмады» дейді кейіпкеріміз.
– Келін болып түскен жылдары қайын апам Күмісаймен бірге тұрдық. Балаларымның көбісін сол кісі бақты. Одан кейін екі келін бір үйде болдық. Балаларымыз аралас-құралас өсті. Бір-бірімен өте тату болды. Менің балам, сенің балаң деген сөз жоқ еді, – деп өткен күнді еске алған Бұрыш әже бүгінде кенже ұлы Мұхамбетиярдың қолында тұрады. Шаңырақтағы келіні Гүлзаһира енесінің жағдайын жасап, ас-суын уақытылы беруді әдетке айналдырған. Немерелері де әжесінің қолғанатына айналған. Бірі жастығын түзеп, бірі киімін кигізіп, асты-үстіне түседі.
– Анамыз өте сабырлы адам. Артық сөзі жоқ. Үнемі күлімсіреп отырады. Үлкен адам болған соң уақытылы денсаулығын қадағалап, дәрі-дәрмегін береміз, – дейді келіні Гүлзаһира.
Бірнеше рет қауіп-қатерден аман қалған батыр ана өткен күндегі бір жайсыз жағдайды былай деп еске алды.
– Шымкенттің Мангент қаласынан пойызға отырғалы тұрғанымызды теміржолда келе жатқан пойыздың доңғалағы абайсызда көйлегімнің етегін іліп кетіп, біраз жерге дейін мен сүйреп кеткен. Қасымдағылар мені өлді деп ойласа керек. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Сол кезде ұзақ жатып, ем алдым. Алланың қалауымен бір өлімнен қалған жайым бар. Одан кейінде талай қиындықты бастан өткердік ғой. Бүгінгі күнмізге шүкір. Осындай тәтті балаларымның ортасында аман-есен отырмын, – деген кейуана немересінің маңдайынан сүйді.
Еңбекпен есейген кейуана: «Маңдай термен тапқан несібенің берекесі бар. Ешқашан біреудің алажібін аттамай, әділ өмір сүрсең, пейілің кең, көңілің таза болса, Алла дегеніңе жеткізеді», – деп балаларын үнемі ададыққа баулып отырады.
Ұ. ТАЛАПБАЕВА