Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлдиі жоқ әже көп

Әлдиі жоқ әже көп

Бүгінгінің әжелері бесік жырын білмейді. Бесік жыры былай тұрсын немересін жай ғана қараудан қашқатайды. Бала бағуды бақ деп емес, бейнетке балайтын енелер қатары көбейді қазір, – деп кейіп отыр Күләнда әже. Сөзінің жаны бар секілді. Кейінгі кезде құрбыларымның көбісі «Енем баланы қарамайды» дейтінді жиі айтып жүр. Жуырда танысым Жайнаны жолықтырдым. «Жұмысқа шыға алмай отырмын. Екі балаға қарайтын адам жоқ. Күйеуім жұмыста. Балабақшаға кішкентайымның жасы келмей тұр», – деп қынжылды. «Әжелері ше?» деген сауалыма: «Ол кісі бала бақпайды» деп қысқа қайырды. Одан әрі менде қазбаламадым. Бірақ ойымнан «бала бақпайды» деген сөз көпке дейін кетпей қойды.
Өткенде жұмысым болып, көршінің үйіне бардым. Ауызғы бөлмеге кіре бергенімде үй ішінен музыка естілді. Табалдырықтан ішке аттап, «Апа, апа», – деп дауыстадым. Естімеді ме, ешкім жауап бермеді. Сәл кідірдім де, жөтелген кейіп танытып, ішке аяқ бастым. Оң жақта орналасқан бөлмеде бесік тұр. Балбырап, тәтті ұйқыда жатқан нәресте бірдеңеден шошынғандай әлсін-әлсін жыбыр-жыбыр ете қалады. Байқап қарасам, бөбектің жастығының астында ұялы телефон тұр. Даңырлаған жағымсыз әуен осыдан шығып жатыр екен.
Қап, мына бір телефонды кім қойды екен, баланың ұйқысын бұзды-ау, деп ойлап болғанымша қасыма нәрестенің анасы келе қалды.
– Сәлеметсіз бе, ұялы телефонды бесіктің басына қойып кеткеніңіз не? Біреу хабарласып жатқан секілді. Бөпеңізді оятатын болды, – дедім.
– Мен еді ғой, ұйықтасын деп музыканы қосып кеткен, – деді де телефонды қолына алды.
– Мынадай әуенге бала қалай ұйықтайды? Ең болмаса, әсерлі ырғақты қазақша әуен қосып кетпедіңіз бе? – деп ренішті кейіппен қарадым.
– Оқушы балаларым осындай әндер жазып қойыпты. Олар да телефонға тыным бермейді, – деді анасы ақталғандай болып.
Келген шаруамды айтып, кері қайттым. Үй арасы жақын болса да ойыма біраз нәрсе оралды. Бұрын ауылда бесік жырын айтып, немере-шөбересін тербетіп отыратын әжелерді жиі көруші едік. Әжесі әндеткенде бала да балбырап, тәтті ұйқыға кететін. Қазіргі уақытта бесік жырын айтпақ түгілі бесік тербетіп отырған әжелерді сирек көріп жүргеніміз рас.
Ертеректе әжем: «Бесік жыры – ананың балаға деген үлкен махаббатының жырмен өрілген көрінісі. Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау керемет жырдың тәрбиелік, тағылымдық мағынасы зор. Әдемі әуеннің астарында жас сәбидің дені сау, адал, өнерлі, еңбексүйгіш, еліне қорған болатын азамат болып ер жетсе екен деген ізгі ниет бар. Ананың жырмен жеткізген ізгі тілегін тыңдаған бала шебер, шешен болуға ұмтылып өсері анық», – деп айтып отыратын. Жоғарыдағы оқиғадан кейін немересі бар әже, құндақтаулы баласы бар ана көрсем, «Бесік жырын білесіз бе?» деп сұрауды әдетке айналдырып алдым. Тосын сауалға тосылып қалатындар көп. Әжелердің бірі «иә, білемін» десе, енді бірі білмейтінін жасырмады.
– Жеті ұлдан бірнеше немере сүйдім. Бәрін мен бақтым демеймін. Қолымдағы ұлдың балаларына өзім қарадым. Бесік жырын да, ертегіні де айттым. Дүниеге жаңа келген сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам – «Бесік жыры». Қазір немерелерім ержетті. Алла жазып, шөбере сүйсем, бесік жырымен тербетемін. Алайда келіндерім бесікке бөлеуге көне қойса. Қазір бала жататын төсектің түр-түрі шығыпты ғой, – дейді Ақсәуле әже.
Расында да өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жыры сәбидің жан дүниесіне рухани азық беріп, жүрегіне имандылық ұялатады. Әр нәрсенің парқын білген ата-бабаларымыз сәбиін әнмен жұбатып, әнмен оятқан. Бесік жыры ауыздан-ауызға тарап, әр баланы жөргегінен-ақ батыр, батыл болуға тәрбиелеген. Дегенмен заманның талабы ма, адамның таңдауы ма, бүгінде бесік жырын айтатын жас аналардың аздығы жасырын емес. Олардың басым көпшілігі бесік жырын білмейтінін, тіпті жаттап алуға да құлықты еместігін еш қымсынбастан айтады.
– Бесік жыры дейсіз бе? Шынымды айтсам, білмейді екенмін. Кейде әндетіп ұйықтататыным бар. Бірақ бесік жыры емес. Бесікке де жиі бөлемейміз. Манеж алғанбыз, әуен айтып тұратын «тетігі» бар. Соны қосып қойып, үй шаруасымен айналысамын. Енемнің де бесік жырын айтқанын байқамадым дейді, – жас ана Мейірім.
«Ел боламын десең, әуелі бесігіңді түзе» деп қазақ атамыз тектен-текке айтпаса керек. Төле би кең дүниенің есігіне балаған бесікті қолданушылар қатары да азайып барады. Бесік болмаса, бесік жыры қайдан айтылсын? Сәби даңғырлаған, ешқандай тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, баланың болашағы не болмақ? Осы сұрақтар әрбір ата-ананы мазаласа, бөбектер бесік жырын тыңдаудан құр қалмас па еді, бәлкім.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
28 ақпан 2023 ж. 222 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930