Бесік – баба мирасы
Бабадан мирас болып келе жатқан киелі мүліктің бірі – бесік. Ол – тәрбиенің қайнар көзі. Халқымыз бұл бұйымның киесі бар деп қасиетті санаған. Төле бидің «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой» деген сөзі осының дәлелі.
Қазақ халқы бесікті ежелден қастерлеген. «Ел іші – алтын бесік» деген мақал да соның айқын көрінісі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесік негізінен нәрестені бөлеуге арналған киелі ағаш төсек. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасында ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асықжілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады.
Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік деген екі түрі кездеседі. Қазіргі кезде сәбиді бесікке бөлейтіндер тым аз.
Егер бар болса да, ауыл тұрғындары дер едім. Бір сөзбен түйіндегенде, шетелдің құралдарына әуестеніп барамыз. Мысалы, қай көшеге бет алсаңыз алдыңызда «коляска» итерген қыз-келіншектер шығады. Міне, көрдіңіздер ме, өзіміздің ертедегі ата-бабаларымыздан асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан қасиетті бесігімізді менсінбеген күйге де жеттік. Кейбір дәрігерлер де «баланы бесікке бөлеуге болмайды, денсаулыққа зияны тиеді» дейді. Бұл ұлттық құндылықтарымызды өз қолымызбен өзіміз жоққа шығарумен тең.
– Қазір көптеген ата-аналар бесіктің орнына заманауи жөргекті пайдаланады. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Ол балаға өте зиянды. Сонымен қатар баланың тазалығына нұсқан келтіреді, тыныш жатқан баланың ұйқысын бұзады, жиі оянады. Ал ұйқысы тыныш болмаған бала, әлбетте мазасыз болады. Медициналық жағынан қарағанда, баланың дұрыс демалмауы жүйке жүйесіне әсер етіп, толық жетілмей қалуына ықпал етуі мүмкін. Бұл жөргекті біраз уақытқа қолданады, оны негізі, сәбиге екі сағаттан артық қолдануға болмайды. Мүлдем бесікпен салыстыруға келмейтін дүние деп есептеймін. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Баланың жүйке жүйесінің бір жүйеге, тәртіпке түсуіне ықпал етеді. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды деп ойлаймын. Бесіктің осыншама пайдасын көре тұра, кейбір ата аналардың одан жерінуінің сырын түсіне алмаймын, – дейді көпбалалы ана Дина Нұрқожаева.
Бұрын жеңгейлерімізден «Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деп басталатын бесік жырын естуші едік, ал қазіргі жеңгейлердің арасында бесік жырын айтушылар жоқтың қасы. Байқасаңыз, осылайша бірте-бірте жатжұрттық дәстүрлерге әуес болып, ұлттық салтымыздан алыстап барамыз. Бала тәрбиесі бесіктен деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан елім, жерім, халқым деген ұрпақ тәрбиелеуді мұрат тұтсақ, ұлттық дәстүрлерді сақтап, ең әуелі бесіктің қадірін түсінген абзал.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА