Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыс аз емес

Атқарылған жұмыс аз емес

Партияның басты мақсаты – әрқашан халықтың игілігі жолында жұмыс атқару. Осы ретте «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалы бүгінгі күннің талабына сай халық пен мемлекеттік билік арасында алтын көпір ретінде өз жұмысын жалғастыруда.

Партияның жергілікті жерлердегі негізгі тірегіне, түрлі мәселелерді талқылау алаңына айналған қоғамдық қабылдау бөлмесінің 2021-2022 жылдардағы көрсеткіші бойынша партия филиалының төрағасы, Атқарушы хатшысы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары және дербес бөлім басшыларының қатысуымен 200-ге жуық қабылдау өткізіліп, 782 өтініш қабылданды. Тіркелген өтініштің 75,7% оң шешімін тапса, ал түсіндірме жұмыстары жүргізілген өтініштер саны 24,3% құрады. Сонымен қатар облыстық партия филиалының мобильді қабылдау тобы арнайы келіп, Бекарыстан би, Бозкөл, Қожабақы және Ақсуат ауылдарында көшпелі қабылдау өткізіп, 80-нен аса ауылдық және елді мекендердің тұрғындарын түрлі мәселелері бойынша қабылдады.

Бүгінде партия филиалының жанында 5 қоғамдық кеңес жұмыс жасауда. Соңғы екі жылда 47 қоғамдық кеңестің отырысы өткізіліп, 85 сұрақ қаралған. Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес кеңес мүшелері тарапынан 208 ұсыныс беріліп, тиісті орындарға хаттамалық тапсырма негізінде жолданды.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы – партияның басты назарында. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірленген Қазалы ауданы бойынша Жол картасында 2025 жылға дейін 114 іс-шара жоспарланған. 2022 жылмен жүргізілген талдау нәтижесі бойынша орындалған іс-шаралар шеңберінде өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар іске қосылып, бірқатар кәсіпорындардың қуаттылығын кеңейту жұмыстары қамтамасыз етілді. 5 602 тұрғыны бар Қазалы қаласы газдандырылды. Жалпақ және Жұбан елді мекендерінде 2 медициналық бекет, Әйтеке би кентінде 250 келушілерге арналған емхана пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы айтқан болатын. Осы ретте 2021-2022 жылы Қазалы ауданы бойынша Ғ.Мұратбаев, Өркендеу, Бозкөл, Аранды және Құмжиек ауылдық округтері әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіліп, «AMANAT» партиясы өз кандидаттарын ұсынды. Сайлау нәтижелері бойынша партия атынан ұсынылған кандидаттар сайлаушылардың басым дауысына ие болып, округ әкімдері болып сайланды.


Сондай-ақ бүгінде партиялық жобалардың маңыздылығы артуда. «AMANAT» партиясының жобалары аясында ауданымызда бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ulttyq Mura», «Ардагерлерді ардақтайық», «Халыққа көмек» жобалары аясында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, материалдық көмектер жасалып, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолжетімділігі зерделенді.

Партия жастармен жұмысты жүйелі жолға қойды. «AMANAT» партиясының жастар қанаты «Жастар рухы» болып өзгерді. Шілде айында жастар қанатының кезектен тыс VI съезі өтіп, жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, орталық кеңестің құрамы өзгерді. Бұл өзгерістер жастармен жұмыстың белсенділігін арттыруға, олардың қоғамдағы түйткілді мәселелерінің шешілуіне жаңаша бетбұрыс әкелері сөзсіз.

«AMANAT» партиясын алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Жоғарыда көрсетілген жұмыстар партия филиалымен атқарылған жұмыстардың бір ғана бөлігі болып табылады. Жаңа жобалар, тың бастамалар халық игілігіне жарауы үшін белсенді жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Партияластарды ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын.

Бақытжан ЖАРЫЛҚАП,
«AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы
31 қаңтар 2023 ж. 231 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930