Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Танымал қылған «Tik-Тok»

Танымал қылған «Tik-Тok»

Қазірде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіде десек артық болмас. Бірі Facebook, Instagram-да, отырса, екінші Tik-Tok пен Tvitter-де. Соның ішінде ең танымалы – «Tik-Тok». Бірі оның зиян екенін айтса, екіншісі пайдасының да жоқ емес екенін алға тартады. Ендеше, тақырыпқа терең бойлап, жан-жақты сараптап көрелік.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл бағдарламаны 500 миллионнан астам адам қолданады. Ал солардың ішінде 400 миллионы күнделікті белсенді қолданушылар болып табылады. Олардың 69 проценті жасөспірімдерді құраса, қалған 31 проценті ересектер екен.

Атың шықпаса «рекке» шығар
Расында, жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие бұл әлеуметтік желі жаңа таланттардың шығуына, өз өнерлерін танытуға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Одан қалды әртістік шеберліктерін шыңдап, сол арқылы кино әлеміне қадам басып жатқан жандар да қаншама. Одан бөлек «Тикток» желісі ұлттық құндылықты дәріптеп, әлем назарына жаңа форматта ұсынуға жол ашады. Мысалы, 175 жылдығы аталып өткен Абай Құнанбайұлының суретіне жан бітірген бейнетаспа әп-сәтте әлемге таралып, көп қаралым жинаған.
Барыс жылы батыл шешім мен ерекше оқиғаларымен есте қалды. Соның ішінде ел жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленгендер көп. Бірі адам өмірін құтқарып есте қалса, ендігісі әсерлі сөзімен, әрекетімен желі жұлдызына айналды. Міне, осының барлығы аталған желінің арқасы. Мәселен, өткен жылдың жазында Астана тұрғыны Сәбит Шонтақбаевпен Сағи Жылқышиев тұрғын үйдің 8-қабатында балконда ілініп тұрған қызды құтқарады. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше балконда салбырап тұрған қызды аман-есен үйіне алып кіреді. Мұны көрші қабаттағы тұрғын видеоға түсіріп алады. Желіде лезде таралып кеткен видеоны халық жылы қабылдап, тілегін жаудырады. «Көп тілегі – көл дегендей» кәсіпкерлер мен халық Сәбиттің елордада пәтер жалдап тұратынын біліп, қор жинауды бастап кетеді. Жұрттың бұл әрекеті ешкімді бей-жай қалдырмай, күллі Қазақстан болып азаматтың үйлі болуын қалайды. Осылайша, кәсіпкерлер Сәбит Шонтақбаевқа да, көмектескен Сағи Жылқышиевқа да пәтер кілтін табыстайды. Халық жинаған ақшасын жаңа пәтерге жөндеу жұмысын жүргізсін деп қос батырға бөліп береді. Осындай жүректі ұлды тәрбиелеген ата-анаға да алғыс айтып, сый-сияпат беріледі. Міне, бұлда болса сол желінің пайдасы десек артық емес. Әйтпесе, балкондағы қыз құтқарылып, тақырып сол күйі жабылып қалар еді. Есесіне, кеудесіне төсбелгі тағылып, халық батыры атанды. Баспаналы болып, елді алғысына бөленді.

Тиктокер имам
Жақында тиктокер имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы «Жыл блогері» атанды. Оның діни ұғымдарды әзіл-қалжыңмен араластыра жастарға икемдеп жатқаны көптің көңілінен шыққан. Tik-tok желісінде әр сұрақты жауапсыз қалдырмай, ынта-шынтасымен ұғындыруға тырысқаны да жан жылытады. Оның Tik-tok желісінде жинаған лүпіл саны 3,9 миллионнан асқан. Жазылушылар саны да күн сайын артып келеді. Телеарна бағдарламаларына да жиі қонақ болып жүр. Берген сұхбаты мен кей мәселеге қатысты мәлімдемесі де жиі талқыланып, танымал тақырып қатарынан түспейтіні тағы бар. Нұрлан имам бір сұхбатында неліктен осы желіні таңдағаны туралы былай дейді.
– Қазір жастардың барлығы әлеуметтік желіде. Сондықтан мен парақша ашып, инстаграм мен тик ток арқылы жастардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруді шештім. Өйткені, мешітке келе алмаған жастарды осы ортадан табуға болады. Ал олардың ішінде көптеген сауал бары анық. Менің оған көзім толық жетті. Жекеме келген хаттардың ішінде ата-анасымен қарым-қатынасы, салт-дәстүрге байланысты, отбасылық жағдайлар, бала мәселесі көп кездеседі. Сондықтан тікелей эфирде болып тікелей сұрақ күтемін. Сол секілді жекеде толған хаттарға біртіндеп тоқталып отырамын. Мәселе, ақша табу емес. Жасөспірімдердің тура жолдан адаспауында, – деді имам.

Теңге түсірген Tik-Tok
«Тик-ток» қолданушысы Аслан Аман күніне 20-30 мың теңге пайда табатынын айтады. Оның сөзінше бұл қаражат оның күнделікті ішіп-жеуіне жетеді.
– Өзім ірі сауда орнында сатушы болып жұмыс істеймін. Күні-бойы қолым бос. Адам жоқ кезде, тик-токта тікелей эфирде отырамын. Әрине, кей кезде түрлі батлдарға шығып, ойындар ойнап, ерсі қылықтар істеуге тура келеді. Себебі, сол арқылы мен күніне 20-30 мың теңге тауып отырмын. Ал ақшаның дәмін көргеннен кейін, сенде ұялу деген болмайды, – дейді ол.
Бұл пікірді ұстанатындар саны көп. Себебі қазір елімізге танымал адамдар, блогерлер де осы әлеуметтік желінің белсенді тұтынушылары.
Одан бөлек аузыңа келгенін айтып, көрермен мен жаға жыртысатын, лексикасына бей әдеби сөздерді қолдана отырып, пайда табатын адамдар да табылады. Оған мысал әлеуметтік желіде «Сампо», «Гугуша», «Хан-ата» есімді қолданушылар. Осындай ерсі қылықтары үшін Мұрат Әбілда есімдіқолданушы бүгінде темірторда өз жазасын өтеп отырған жайы бар. Сондықтан бір шара тауып, артық қылыққа басқандардың аккаунтын жауып, айыппұл төлету қажет. Жоғарыда айтып өткендей жастардың басым көпшілігі осында. Бастысы – санасы балағатты сөздермен бүлінбесін.

Жер-жаһан қарсы, Қазақстан...
Тигізер зиянына қарай бұл платформаға әлемнің кей елдерінде шектеу бар. Мысалы Үндістан билігі бұл қосымшаға тыйым салған.Оның себебі, бұл қосымша елдің тәуелсіздігіне, қорғанысына, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке әжептеуір зиян келтіретін желі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ АҚШ-тың сөзінше, Тик-ток Қытайдың арнайы ақпарат алу үшін жасаған қосымшасы деген пікірде.
Бірақ саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан олай өз мүддесін қоя алмайды. Себебі, бұл біздің елімізде енді ғана дамып келе жатқан қосымша.
Бұл ретте Қазақстандағы мамандар да құр қалмады. Олардың айтуынша, кез келген әлеуметтік желінің өмір сүру уақыты болады және ондағы ақпараттың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан тек Tik-Tok қана емес, барлық әлеуметтік платформаға қойылатын талап бір.
Facebook, Instagram, Tik-Tok секілді платформалар ақша төлемей-ақ адамдарды танымал қыла алады. Өз аудиториянды жинап, өз бағытыңды айқындап алсаң дұрыс жағынан табыс көзіне айналдыруға болады. Сондықтан оның болашағы алда. Қазірдің өзінде сауда дүкендері, ірімекемелер, тіпті мемлекеттік мекемелер де өз аккаунттарын ашуда. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жастармен бір арнада болуды құп көріп, өз парақшасын ашты. Осының өзі Қазақстанда бұл әлеуметтік желінің маңызын көрсетеді, – дейді Tik-tok қолданушысы, блогер Асхат Қасым.
Мейлі, жақсы болсын, жаман болсын, қоғаммен бірге өсейік деген ұғымнан аулақ болған абзал.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
17 қаңтар 2023 ж. 321 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 112

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930