Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлер династиясы

Дәрігерлер династиясы

Отан – отбасынан басталады. Сол себепті де халқымыз отбасы келешегіне немқұрайлы қарамаған. Керісінше, ерекше көңіл бөлген. Оны сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі санаған. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемін көрсетеді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы зор. Осындай шағын мемлекеттің жауапты жүгін көтеріп жүрген Көбек пен Жансұлу Наршабаевтар бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Наршабаевтар әулеті антына адал дәрігер ретінде елдегі денсаулық сақтау саласының заманға сай болуы үшін еңбек етіп жүр десек жарасады. Бұл жанұяда Бақытгүл, Раушан мен Бақытжан және Ербақыт есімді алтындай қыз-ұл тәрбиеленді.
Қазір әрқайсысы бір-бір үйдің сыйлы абыройлы отағасы мен сыйлы отанасы атанып отыр. Ерекшелігі – төртеудің үшеуі дәрігерлік жолды таңдағандығында. Шаңырақтағы келіндері Ботагөз бен Алмираны да осы саладан теңін кездестірген бақытты жандар.
– Осыдан 15 жыл бұрын аудандағы медицинаның жағдайы жыларман күйде болса, қазір ғимараттарына дейін заман талабына сай жаңарған. Ауданаралық ауруханада бүгінде жүрекке ота жасайтын жабдығы мен мамандары бар. Іш қуысына пышақ тілігінсіз лазер арқылы ота жасайтын эндовидиохирургиялық аппараты бар аудандар арасындағы санаулы нысанның бірі. Сәл ертеректе өтінде тас жиналған науқас ауруханада 14 күн емделсе, бүгінгі мүмкіншілікпен бес күннен кейін-ақ үйіне орала алады. Бұл – мемлекеттің халық денсаулығы мен ұлт амандығы үшін жасап отырған игілігі, – дейді Көбек Наршабаев.
«Ердің атын еңбек шығарады» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Көбек Наршабаевтың көп жылғы төккен тері мен ел-халыққа жасаған еңбегі ескеріліп, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған. Ол «КСРО санитарлық қорғаныс үздігі» төсбелгісінің және денсаулық сақтау саласының «Үздік дәрігер» атағын иеленген. Төрт мәрте ауданның «Жыл дәрігері» атанған ақ халатты абзал жанға 2012 жылы «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Бұның бәрі Құдайдың қалауымен төккен тердің арқасында келген. Түп тамыры Ү.Түктібаевтан шыққан Көбек Наршабайұлы мектепті бітірерде «Алтын медальға» ұсынылған екен. Сол кезде шаруа отбасында тәрбиеленген ол прокурор немесе заңгер болуды мақсат тұтқан. Дегенмен шешуші емтихан тапсырарда қатты науқастанып, 1,5 ай төсек тартқандықтан, тек 3 тоқсанның бағалауымен аттестатын қолына алыпты. Алтынды кеудеге таққысы келген жас бір жыл егісте жұмыс істеп, қайта 10-шы сыныпта оқыған. Алайда ол кезде ереже бойынша бұл ұсыныс күшін жойғандықтан заңгерліктен бас тартып, дәрігер болуды шешкен. Оқуда да озат атанып, 300 студент арасынан іріктелген 5 хирургтің қатарынан көрінді.
– Бүгінде ұлдарым Бақытжан мен Ербақыт менің жолымды қуып, уролог-хирург қызметінде. Маған екінші өмір берілсе, хирург болуды қайта таңдар едім. Немерелерімді де осы саладан көргім келеді. Сондықтан әрдайым бұл мамандықты жақсы жағынан насихаттаймын. Соған қарай бейімдеп, дайындауға мән беремін, – дейді Көбек Наршабаев.
Әңгіме арасында осы күні заманауи гаджеттер дамып, ақпараттар ғаламторда толып тұрғандығын алға тартты. Дей тұрғанмен ондағы мәліметтер кез келген тексерілмеген дерекпен толтырылады. Сондықтан арнайы авторлары бар кітапты оқып, соған сүйену қажеттігін жеткізді. Дәрігер жан-жақты ізденіп, заман көшінен қалмай, өзін-өзі біліммен толықтырып тұратынын айтып қалды.
– Бала кезімде әкемді күн-түн деместен арнайы шақыртумен келіп алып кететінін көріп ерекше қызығатынмын. Ақырында дәрігер боламын деп шештім. Қазір бұл таңдауыма ризамын. Күрделі отадан шығып, халықтың алғысына бөленгендегі сезімді жеткізу мүмкін емес. Кейбір ауыр дерттерге ота жасағанда әкем өзімді жинақтап, қалай отаны сәтті жасау бағыттарын көрсетеді. Мұндайда бойыңды тіктеп, тың оймен әп-сәтте жұмысымды жасаймын. Әрбір ота сайын науқасымның аман қалуын жан-тәніммен тілеймін. Себебі олар түрлі жағдайда операция үстеліне келеді. Әкем бұрынғылардың тәрбие тезінен өткендіктен өзіне тән қаталдығы бар. Талапшыл. Оған қарап біз де бой түзуге қалыптасқанбыз. Алкогольдік өнімдер мен темекінің қас жауы. Салауаттылықты санамызға құяды. Себебі мас хирург пен мас шопыр адам өміріне қауіп төндіреді деген тұжырымда. Мектепте оқып жүргенімізде қатарластарымызға қарап, сникерс жеп, кока-кола ішкіміз келетін. Бірақ ондайға бізге ақша бермейтін. Бірақ білімге қатысты болса, ол кезде ештеңесін аямайтын. Жарысқа бару, кітап алып беру, ақылы курсқа қатысу сынды істерде қысылып көрмедік. Хирург болып, алғашқы отаны 25 жасымда жасадым. Содан бері әрбір ота сайын алға ұмтылу құлшынысым артып келеді. Бауырым Ербақыт та бүгінде ізімізді жалғап жүр, – дейді Бақытжан Наршабаев.
Ауданаралық аурухананың хирургия бөлімі меңгерушісі Көбек Наршабаев 39 жыл осы салада еңбек етіп келе жатқан алтын қолды дәрігер. Ол бүгінге дейін 25000-нан астам әртүрлі көлемде ота жасаған.
Ел дамуындағы жетекші салалардың бірі – медицина жүйесі саналатындықтан, халықтың саулығын қадағалайтын дәрігерлер ерекше сый-құрметке лайық екені даусыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
14 қаңтар 2023 ж. 613 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031