Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Былтыр инфляцияның жылдық мәні 20,3 пайызға жетті - Ұлттық банк

Былтыр инфляцияның жылдық мәні 20,3 пайызға жетті - Ұлттық банк

2022 жылы инфляцияның жылдық мәні 20,3 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылдың желтоқсан айында айлық инфляция 1,2 пайызға дейін баяулағанына қарамастан, соңғы 5 жылдағы айлық орташа көрсеткіш 0,7 пайыздан айтарлықтай асып түсті. Жылдық мәнде инфляция 20,3 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3 пайызға жеделдеді. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады», - деді ол.

Оның дерегінше, азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4 пайызға дейін өсті. Импорттың жоғары үлесі бар тауарларға, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарларға, жуатын және тазалайтын заттарға, құрылыс материалдарына, дәрі-дәрмекке баға тез өсіп отыр. Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады. Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1 пайыз деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады.

«Халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Былтыр желтоқсан айында халық күткен инфляцияның медианалық бағасы 21,3 пайызға дейін өсті. Геосаяси жағдайдың белгісіздігіне, азық-түлік бойынша бағаның жоғары сақталуына, инфляцияға қатысты халық күтулерінің жоғары болуына байланысты 2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін көтерді. 2022 жылы қабылданған ақша-кредит саясаты шаралары инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететін болады», - деді Ғалымжан Пірматов.

Ашық көздерден алынған фото
11 қаңтар 2023 ж. 192 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930