Халықты газдандыру деңгейі 65 пайызға артады
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сайлау тұғырнамасы аясында Энергетика министрлігі сегіз тапсырманы жүзеге асыруда. Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жариялаған үш тапсырма орындауға қабылданды.
Министрдің айтуынша, әділ экономика секциясында ірі мұнай-газ жобаларының серіктестерімен республикаға экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында оларды дамытудың кешенді жоспарын қабылдау жұмыстары жүргізіледі.
2029 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 миллион тоннаға дейін кеңейту жобасын аяқтау жоспарлануда. Бұл өңдеу көлемін жылына 21 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Экспорттық бағыттарды әртараптандыру жөніндегі тапсырма аясында мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту бойынша Жол картасының жобасы әзірленді. Осылайша, Әзербайжан, Грузия және Түркия порттары бағытында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ Қытай мен Иранға экспорттық бағыттарға баса назар аударылады», деді Б.Ақшолақов.
Сонымен қатар 2023 жылы «ЖайықМұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу туралы шешім қабылданады, бұл газ өңдеуді 4 миллиард текше метрге арттырады.
Мемлекет басшысы көтерген маңызды мәселелердің бірі – халықты газбен қамтамасыз ету. Министрлік 2029 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр, бұл 12 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді.