Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласында толағай тірлік бар

Білім саласында толағай тірлік бар

Қазалы ауданы тұрғындары жақсы біледі, ауданда  мектепке дейінгі 50 ұйым жұмыс жасайтынын жақсы біледі. Оның ішінде  31 балабақша  19 балалар толық күн болатын шағын орталық балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отыр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының басты міндеттерінің бірі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету екені түсінікті. Осы міндетті орындау арқылы 2025 жылға дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 процентке, 3 жастан 6 жасқа дейінгі процесс 100 процентке жетеді деген жоспар бар.

Бос уақыт босқа өтпейді
Бірден айта кетейік, 50 мектепке дейінгі ұйымда 1-6 жастағы 5065, 3-6 жастағы 3426 бала тәрбиеленіп отыр. Бұл алға қойған міндеттің толық орындалып отырғанын көрсетеді. Оларды тәрбиелеу мақсатында 595 педагог  қызмет атқарады. Бүлдіршіндерді білімге баулитын мамандардың 403-інің жоғары және арнаулы орта мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бар. Біліктілігіне келер болсақ, жоғары санатты – 8, зерттеуші – 3, бірінші санатты – 38, сарапшы – 42, екінші санатты – 133, модератор – 125, санатсыз – 236 педагог сабақ береді. Ал жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс негізінде бюджеттен бөлінген қаржылардың өз мақсатында жұмсалуы бақылауға алынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілді. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оқу-тәрбие процесін жетілдіру және  бақылау мақсатында арнайы оқыту семинарлары, зерделеу жұмыстары жоспарға сай атқарылып отыр.
Қазалы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында қосымша білім беру ұйымдары 2075 оқушымен қамтылған. Оның ішінде Қорқыт Ата атындағы балалар өнер мектебінде 13 мамандық бойынша 884 оқушы, аудандық Оқушылар үйінде 26 үйірме бойынша 1191 шәкірт білім алады. Сонымен қатар, Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей жанындағы «Смарт» ақпараттандыру орталығында 4 үйірме жұмысы жүргізіліп, оған 349 оқушы тартылған.
2022-2023 оқу жылында аудандық бөлімге қарасты 37 мектепте 41 типтік жобадағы спорт зал, 2 білім ордасында бейімделген бөлме және спорт алаңы (оның ішінде 13 жасыл алаң) бар. Спорттың  12 түрінен 400 үйірме жұмысы жүргізіліп, оған 8000 мыңға жуық оқушы тұрақты қатысуда. Мектеп оқушылары арасында дене шынықтыру мен спорт арқылы  денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында спорт түрлерінен аудандық  жарыстар, спартакиадалар өткізілді.
Қосымша білім берумен қамтылған оқушылар санын арттыру бағытында және олардың барып-қайту жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудандық Оқушылар Үйі кенттегі №70, №165, №276, ауылдық жердегі №92, №94 мектептермен, сонымен бірге, «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығымен меморандумға отырды. Меморандум аясында Оқушылар Үйінің үйірме жетекшілері аталған білім беру ұйымдарына барып, шығармашылыққа баулу жұмыстары жүргізіледі.
Апаттық жағдайдағы мектеп жайы
Қазалы ауданы бойынша апаттық жағдайдағы 1 мектеп бар. Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп ғимараты 1985 жылы салынған. Мектептің жалпы алаңы 4678,8, жер учаскесінің алаңы 17418,0 шаршы метрді құрайды. Негізінде мектеп ғимараты пайдалануға берілген уақыттан бастап қабырғаларына жарықтар түскендіктен ғимараттың кейбір бөліктері сол уақытта құрсауланған. 2020 жылы мектеп ғимаратының артқы блогында орналасқан оқу кабинеттерінің қабырғаларына жарықр түсіп, уақыт өткен сайын олқылық үлкейді. Сонымен бірге, ғимарат периметрі бойынша жабын плиталар өз қалпын жоғалтқан. Сондықтан, мектептің техникалық жағдайына 2021 жылы «KZСтройэксперт» серіктестігімен эксперттік қорытынды жасалып, ғимарат қанағаттанарлықсыз және конструкциялық элементтер бастапқы техникалық-экономикалық сапа талаптарына жауап бермейтіні, ғимарат апаттық жағдайда екені анықталған. Мұнда биылғы оқу жылында 327 бала білім алып жатыр. Сондықтан, Жанқожа батыр ауылына 300 орындық мектеп құрылысын салуға 16,8 млн.теңге қаржы бөлініп, облыстық құрылыс басқармасы арқылы ЖСҚ дайындалып жатыр.
Оқыту құралы оқушыларға қолжетімді
Білім беру ұйымдарында жаңа модификациялық  физика-25, химия-22, биология-22, лингафон-11 кабинеттермен жабдықталған. 2020 жылы 9 мектепке цифрлық бейнекамера орнатылды. Былтыр 5 мектепке бейнекамера, биыл 8 мектепке 9 пән кабинеті жасақталынды.
Психологиялық-педагогикалық медициналық консультация мекемесінің қорытындысына сәйкес 0-18 жас аралығында ерекше білімге қажеттілігі бар балалар саны 819 болса, оның ішінде мектеп жасындағы- 443 бала инклюзивті біліммен 50%, үйден оқитын 97 бала, 0-6 жаста-156 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде. Облыстық бюджеттен қаралған қаржыға 12 мектепке дейінгі ұйымдар логопед мамандармен қамтылғанын да айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда барлығы 13 балабақша инклюзивті біліммен қамтамасыз етіліп отыр.
Сондай-ақ, қазіргі таңда аудан бойынша 19 мектепке «Инклюзивті қолдау» кабинеттінің құрал-жабдықтары алынған. Мәселен, 2020 жылы №204, №266, №16, №170, №249 оқу ордалары, 2021 жылы №216, №92, №94, №24, №276, №234, №103, №88, №17 мектепке, биыл тағы 5 мектеп қажетті құралдамен қамтылды. Сонымен қоса, арнайы педагог-дефектолог мамандар 27 білім ордасында қамтылған. 4 мектепке маман жақын уақытта қабылданады деп жоспарланып отыр.
2021-2022 жылы үйден білім алатын балаларға «Edu Quest» және «Дельфа» компенсаторлық құрылғыларын сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 12 оқушыға «Edu Quest», 18 оқушыға«Дельфа» аппараты берілді.
Орын тапшылығы ойдағыдай шешілуде
Ауданда үш ауысымды мектеп жоқ. Қазіргі таңда аудан орталығы Әйтеке би кентінде оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында Достық көшесі, №17 учаскесінен 250 орындық мектеп салынуда. Құрылыс 2022 жылдың аяғында пайдалануға берілу тиіс.
Әйтеке би кенті бойынша мәселені шешу мақсатында 2025 жылы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 600 орындық мектеп ғимаратын салу жоспараланған. Қазіргі таңда мектеп үшін қажетті жер белгіленіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Жанқожа батыр ауылындағы апатты жағдайдағы №94 мектеп ғимараты орнына 2023 жылы жаңадан 300 орындық мектеп ғимаратын салу үшін ЖСҚ дайындауға қажетті қаржы бөлінді. Аталған мектеп құрылысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салу жоспарланып отыр. Ал Қазалы қаласындағы апатты жағдайдағы №3 «Өрімтал» балабақшасының 140 орындық жаңа ғимаратының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.
Жайлы мектеп бала жағдайын жақсартады
2022 жылы орта және негізгі білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 45616 мың теңге бөлінген. Оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс және шаруашылық материалдары алынып, мектеп ғимараттарына, пән кабинеттеріне, шеберхана, компьютер, мультимедия, лаборатория кабинеттері, акт залы, спорт зал, асхана терезелері мен едендерін сырлау және қабырғаларын әктеу жұмыстары жүргізілген.
Қазалы ауданы бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер бойынша кезектілік әзірленді. Бұл тізімге бүгінгі күні 12 мектеп енгізілген. Атап айтар болсақ, №17, №24, №25, №88, №90, №92, №95, №100, №165, №190, №216, №234 мектептердің жөндеу күтіп тұрған тұстары бар.
Кезектілік бойынша Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілді. Жоба-құны 239,550 млн.теңгені құрайды. Қажетті қаржыға бюджеттік өтінім тапсырылды, келер жылы қаржы шешімін табады деп күтілуде. Ал Әйтеке би кентідегі №234 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізуге 1300,0 мың теңге бөлінді. Мәселе жыл аяғына дейін шешілуі тиіс.
Сондай-ақ, бірінші кезекте №95, №100, №165, №190, №216 мектептердің ЖСҚ-ын дайындау мен сараптамадан өткізуге қажетті қаржысы есептеліп, бюджеттік өтінім ұсынылған.
Шаттық мекені – Шағала
«Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығына 2022 жылға бюджеттен лагерь шығындарына 40 млн 642 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, шаруашылық шығындарға 1 млн 192 мың 775 теңге қаралды. Демалыс орталығының жатын ғимараттары, асхана, медпункт, мұғалімдер үйі, қойма ғимараттары, қызметтік үйлер қайта жөндеу жасалды. Сол сияқты балалар душына әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Балалардың жазғы демалысында демалыс орталығын дәрігер-педиатр, тіс дәрігері, медбике Қазалы ауданаралық ауруханасына арнайы хат жолданып, тиісті мамандармен қамтамасыз етілді.
Биыл лагерге келетін тынығушылар 37 мектеп бойынша жинақталып, «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен 743 оқушы, білім кәсіподағы ұйымы есебінен 100 оқушы және демеушілердің көмегімен 106 оқушы демалды. Онда жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларынан шыққан, көп балалы, толық емес, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары қамтылды.
Аудандық полиция есебінде тұрған оқушылар да мектеп жанындағы және «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында демалды. Айта кету керек, балалардың өмірі мен денсаулығын, олардың судағы және өртке қарсы қауіпсіздікті сақтау мақсатында әрбір ауысым сайын дизенфекциялық жұмыстар жүргізу үшін «Дизенфекция и К» толық серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Лабораториялық аспаптармен тексеру жұмыстарын жүргізу үшін «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалымен және Қазалы аудандық бөлімшесімен келісім-шарт жасалып, аспаптармен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, хаттамасы алынып аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Балалар бақыты үшін жасалған бастама
2022-2023 оқу жылында аз қамтамасыз етілген, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қайырымдылық көмектер көрсету мақсатында жүргізіліп жатқан «Мектепке жол» акциясының аясында аудан активтері, мектеп басшылары және кәсіпкерлерге бекітілген 155 оқушыға мектеп формасы мен қажетті оқу құралдары алынып берілді. Бұл шамамен  6 миллион теңгенің шамасын қамтыды.
Мектеп әкімшілігі тарапынан демеушілерді тарту арқылы 467 оқушыға қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдағы мешіттегі имамдары 100 оқушыға мектеп сөмкесі, оқу-құралдарын сатып алып бергенін ризашылықпен айтамыз. Сонымен бірге "Сауаптан құр қалмайық" қоры арқылы 52 оқушыға мектеп сөмкесі, білім алуға қажетті заттар сыйланды.
Білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы да қалыс қалмады. Олардың демеушілігімен 135 оқушыға қатарынан қалмай, көңілдері бірленді. Ал "ҚазТрансГазАймақ" АҚ 221 оқушының қажеттілігін өтеп берді. Жалпы есепке сүйенсек, демеушілердің кең жүрегінің арқасында 20 миллионнан астам қаржы жиналып, 1130 оқушы алаңсыз білім алып жүр.
Жалпыға міндетті оқу қоры есебінен әлеуметтік осал топтағы 3355 оқушы бір жолғы қаржылай көмек, бала басына 37000 тг берілгені де белгілі. Бұл бюджеттен 125 млн 440 мың теңге бөлінгенін білдіреді.
Сондай ақ, білім беру ұйымдарында 3380 оқушыға, яғни, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге бір мезгіл ыстық тамақ берілуде.
Құлыншақтардың қауіпсіздігі маңызды
Облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген «2019-2023 жылдарға арналған кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға қатігездікпен қараудың алдын алу және профилактикасы бойынша іс-әрекеттер ведомствоаралық өңірлік іс-шаралар» жоспарын орындау мақсатында 2021 жылы білім бөліміне қарасты 37 мектептің 19-на турникет, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы 13 мектепке дабыл қондырғысы орнатылды.
Бөлімге қарасты 37 мектеп, 19 мемлекеттік, 12 жеке балабақшаның барлығы 100 роцент бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Мектептердегі ішкі бейнекамера саны – 209, сыртқы бейнекамера саны – 157-іні құрайды. Қазіргі таңда 24 мектептің бейнебақылауы аудандық полиция бөліміне қосылған. Сондай ақ 2022-2023 оқу жылында 5 мектепке (№249,91,16,17,95) стандартқа сай бейнекамера сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 241 бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде 19 мемлекеттік балабақшада - 188 камера (ішкі -145, сыртқы - 43), 12 жекеменшік балабақшада 53 камера (ішкі– 40, сыртқы - 13) жұмыс жасайды. Сонымен бірге білімі беру ұйымдары толықтай ішкі жылы әжетханалармен қамтылған.
Аудан әкімінің орынбасарымен бекітілген салааралық жұмыс кестесіне сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында Білім бөлімі, Полиция бөлімі, Денсаулық саласы, Жастар ресурстық орталығы және білім беру мекемелерінің тиісті қызметкерлерімен рейдтер ұйымдастырылуда. Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар арасында түнгі беймезгіл уақытта жүру, қаңғыбастық, қолайсыз отбасыларын анықтау, көлік жуу орындарында, тағы басқа да тыйым салынған орындарда жүрмеуінің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, барлық білім беру мекемелерінде «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» науқаны аясында «Өмірдің қауіпті кезеңдері және оны жеңудің жолдары», «Зорлық- зомбылықсыз балалық шақ» тақырыптарында  оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы полиция бөлімі қызметкерлерінің  қатысуымен түсіндірме жұмыстары өткізілді. Акция аясында «Зорлықсыз отбасы» «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты кең көлемді күшейтілген рейдтік жұмыстар мектеп еріктілері, полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды.
Сынақтан сүрінбеу – мақсат
2021-2022 оқу жылында аудан бойынша 9 сыныпты 1446 оқушы бітірді. Оның 178-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 11 сыныпты 34 орта мектептен 684 оқушы бітірді. 684 оқушының 610-і (89,1%) ҰБТ-ға қатысты.
Өткен оқу жылымен салыстырғанда, биыл мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 1,3 процентке артып отыр. 610 мектеп бітіруші ағымдағы жылдың 16 мамыр-4 шілде айлары аралығында І және ІІ лек бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Қазіргі таңда ҰБТ-ның І легі бойынша түлектердің жалпы орташа балы 80 пайыз, ІІ лек бойынша 79 процентті құрап отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу Әйтеке би кентіндіге Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде орналасқан U-Study тестілеу орталығы базасында мамыр-шілде аралығында «Бір оқушы, бір компьютер, бір камера» қағидаты бойынша, талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді. Нәтижесінде 25 мектептен 56 мектеп бітіруші  «Алтын белгі» белгісін, 68 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанды. Ең жоғары 133 балды №170 орта мектептен Әзен Аяулым, №226 мектеп-гимназиядан Смағұл Іңкәр жинады.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
11 желтоқсан 2022 ж. 226 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031