Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өрелі іспен өскен өлке

Өрелі іспен өскен өлке

Ауыл дегенде алдымен ойға оралатыны ауызбіршіл ұстанымы, байсалды болмысы бар адамдар қауымы тіршілік ететін орын. Осындай бірлігінен бір елі арылмаған Ақтан батыр ауылы айтуға тұрарлық абыройы, көруге лайық көрінісі бар іргелі елді мекен. Редакцияның тілшілік тобы бұл жолы дәл осы ауылда болып, тіршілік тынысымен танысып, ау-жайын аңғарып қайтты.

Шаруасын шалқытқан
Қазалы қаласының күн батыс бетінде 10 шақырым қашықтықтан орын тепкен Көларық ауылдық округінің тарихы тым тереңде. Ертеден жер еміп, малын мыңғыртып, нәпақасын сонан тапқан жұртқа бұл мекен қолайлы әрі тиімдіге саналған. Жыл сайын тасыған Сырдария өзенінен су алатын «Жайықбай», «Бозкөл», «Лайкөл», «Қаракөл», «Табанкөл», «Домалақ көл» атанған үлкенді-кішілі су айдындары да елді жергілікті байлық – балықтан кенде етпеген. Тасыған су өз кезегінде жердің лайланып қана қоймай, шырайлануына септігін тигізген. Қыста қалың қамыстан түлкі, қоян, қырғауылын аулаған ағайын туған жерінің қадіріне бойлаған. Осындайда «Сулы мекен – нулы мекен» деген нақыл ойыңа ­оралады.
Сырдария өзенінен бастау алатын арықтар жүргізіле бастағанда округтегі «Қырғызарық», «Құрманайарық», «Көларық», «Әжіарық», «Қазалыарық» атты су жолдары пайда болғанда, суармалы егістің дамуына түрткі болып, бау-бақша дақылдары көптеп егіледі. Ал «Оң жаға» каналының қазылуы егіншіліктің дамуына серпіліс әкеледі.
1936 жылдары сол кездегі колхоз төрағасы Айғазы Дайрабаев бастаған мамандар мен ауыл белсенділері су толатын Қаракөлден саға алып, 1936 жылдың күзінде арық қаза бастайды. Ол келер жылы көктемде пайдалануға беріледі.
1937 жылы егін салған шаруалар мол өнімге қол жеткізеді. Ел көркейіп, іргелі шаруашылыққа айналады.
1938 жылы екі пәтерлік отыз тұрғын үй және қойма салынады. Колхоз сол жылдардан бастап көлден саға алған арыққа байланысты Көларық аталады.
1937 жылы Корей ағайындарының көшіп келуіне байланысты Томан, Жалайыр жерлері қосылып «Көларық» ауылы болады.
Шаруашылықтар жекешеленген кезде, әр бригада өз алдына қожалық болып құрылып, егін шаруашылығы жұмысын жалғастырды. Ауылға Жанқожа батырдың сенімді серігі, үзеңгілес досы болған Ақтан батырдың есімі беріледі. Міне содан кейін ауыл қайта түлеп, тірлік кешіп келеді.

Инвесторы бар ел азбайды
Ауыл тарихы туралы сөз қозғалғанда, ауылдағы инвестор «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы айтпауға болмайды. Өткен ғасырдың соңында Одақ іргесі сөгіліп, құрамындағы мемлекеттер егемендігін алғанда алғашқы қиындықты еңсеру кім-кімге де оңайға соқпады. Бұрынғы совхоз, колхоздар ыдырағанда ауылдағы тұғындар мен олардың жерін сақтап қалуда жекелеген адамдар жұмыс істеп, қарым-қабілетін танытты. Осы тұста яки 1999 жылы ауыл тұрғындарынан бірнеше күріш бригадалары жемісті еңбек етуге бірігіп, «Сыр маржаны» ЖШС құрылады. Серіктестік директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мінәжадин Өтеев сол кезеңнен бастап күні бүгінге дейін біліктілігі мен тыңғылықтылығы, тәжірибесін ауылға жұмылдырып келеді. Ақтан батырлықтармен бірге серіктестіктен Жанқожа батыр, Жанкент аулының 200-ден аса тұрғыны жұмыс тапқан.
Бүгінде жалпы көлемі 12943 гектар жерді иеленген шаруашылық күріш, бидай, жүгері, жоңышқа, мақсары, арпа дақылдарын отырғызып, күтіп-баптауда. Мұнан бөлек 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар ұжым төл істі заман ағымына ілестіріп, ұйымшылдық пен ұтқырлықтың үйлесімді үлгісін көрсетіп келеді. Олардың демеушілігімен көптеген игілікті шара жүзеге асқанын ауылдықтар мақтанышпен айтады. Көпшілік арасында «Инвесторы бар ел азбайды» деген заманауи өзгеріске енген мақалдың мазмұны да осыған саяды. Ауыл экономикасының өркендеп-өрлеуіне лайықты үлес қосып отырған, облыстық мәслихат депутаты, елге белгілі кәсіпкер бұл азаматтың атқарған жұмысына қаныққанда, ақша мен абыройды алыстан іздемей, ауылдан да табуға болатынын іштей топшылап, ізденген мұратқа жететін ұғынасың.

Ажарланған ауыл, орнықты істі округ
Шаруасы шалқыған мекен Тәуелсіздіктен кейін де толымды түрге еніп, түрленіп, жаңа тыныс, жарқын көрініске ие болды. Аты ауыл демесең, аудан орталығынан тұрғылықты жері мен тұрмыстық жағдайында көп айырмашылық байқалмайтын округ орталығы кім-кімді де көркем келбеті, түзу жолдары, әлеуметтік нысандары, әсем тұрғын үйлерімен баурайды. Ғасырлардан-ғасырға жалғасқан үрдіс – көгалдандыру ісі жолға қойылған жерден тазалықтың табы байқалады.
Жергілікті ахуал туралы 268 отбасы, 1504 тұрғыны бар ауыл әкімі Серік Өмірзақовтан сұрап-білдік.
2012 жылы жаңадан ауылдық емхана халық қажеттілігіне ұсынылса, 2016 жылы Ақтан батыр ауылдық клубы ғимаратына жалпы сомасы 35 млн 337 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы жобасы бойынша құны 17 млн 51 мың теңге қаржыға №190 орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, жаңаланған. Алда білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі күтіп тұр. Ауыл тұрғындарының мал басы саны артқан.
1997 жылы ұлт-азаттық күрестің даңқты қатысушысы, ержүрек Ақтан батырға арналып салынған кесене құрмет пен тағзым ететін жер емес, ауылға ажар беріп тұрған орынға айналған.
1922 жылы салынған архитектуралық ескерткіш, ауыл мешітін күту, қорғау жұмыстары қажеттілігі туындағандықтан, 2015 жылы ауыл атымтайы М.Өтеевтің демеушілігімен Әзілхан ишан мешітінің жаңа ғимараты бой көтереді.
Ауыл имамы Бауыржан Жайлыбайұлының айтуынша, ғибадат орнына келушілерге арналған қосымша құрылыс салу қажеттілігі туындайды. Осы мақсатта қолға алынған бастама бүгінде ауызбіршілікпен жалғасын тапқан. Біз барған сапарда ауылдың белсенді жастары мешіт маңындағы демалыс орны құрылысына өз көмектерін тигізіп жатқан сәтіне куә болдық.
Облыс әкімінің қолдауымен 2018 жылы облыстық бюджеттен ауылды абаттандыру мақсатында жоба ұсынылып, жалпы құны 240 млн теңге босатылған. Аталмыш қос кезеңді жоба аясында орталық алаң абаттандылып, әсем саябақ ел игілігіне тартылған. Ерекше архитектуралық талғаммен бейнеленген алаңға демалу үшін сырттан келетіндер қарасы қалың. Концерттік бағдарламалар өтетін ашық сахна алаңы табиғат аясында келушілерге ерекше тынығу сезімін тарту етіп, таланттыларды шыңдары сөзсіз. Көз тартатын мүсіншелер, түнгі жарықшам, алуан гүлзарлар шаршағанға таптырмас орын.
Жобаның екінші кезеңі 2019 жылы жалғасын тапқан. Кейбір облыс орталықтарында кездеспейтін заманауи 150 орындық стадион құрылысын асыға күткен ағайын жасанды жасыл төсеніш, жүгіру жолағы, волейбол ойнауға арналған ойын алаңы мен қосымша дене шынықтырумен айналысатын құрылғылары бар орында салауатты өмір салтын ұстау дағдысын дамытпақ.
А.Иманов, Ә.Дінісламов, Б.Машенбаев және Жеңістің 40 жылдығы көшелері, Әйтеке би – Әлсейіт тас жолының Ақтан батыр ауылы тұсы, ауылға кіреберіс көше және Ақтан батыр көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылып, жөнделген.
Ақтан батыр ауылына кіре беріс көшесіне жаяу жүргіншілер жолы және жасыл-желек орналастыру үшін қоршаулар тұрғызылған.
Үстіміздегі жылы Б.Момышұлы көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселген. Сонымен қатар, ауыл орталығына жаңа КТПН трансформатор қондырғысын орнату қолға алынған.
Округтегі кәсіпкерлік саласының жыл санап кеңінен құлаш жайып келе жатқанын ауыл әкімі аппаратының жетекші маманы Арыстанбек Қанат айтып берді: «Кәсіпкерлік саласы бойынша округтің даму көрсеткіші жақсы.
2018 жылы тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің саны 71-ді құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша олардың қатары 92 кәсіпкерге жеткен. 2020 жылы 25 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, түрлі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 167,4 млн теңге болатын 25 жоба қаржыландырылды.
Алдағы уақытта да кәсіпкерлік саласын дамытуға жағдай жасап, жұмыссыздар санын азайтуға жұмыстар атқарылатын болады», – дейді сөзінде. Бізді қызықтырғаны, соңғы жаңалықты жатырқамайтын тұрғындар бір-біріне ұқсамайтын кәсіп түрлерін қолға алған. Бір ғана мысал, ауқымы 40 сотық жерді ауыл әкімі қоршап берсе, оны көгалдандырып, күтіп-баптауды өз қолыма аламын деп жұмыс істеп жатқан тұрғын Әлібек Нарымбетовтің ісі көңіл сүйсінтеді.
Ауылдағы ағайынның базынасына құлақ салғанымызда дені атқарылып жатқан ауқымды іске көңілі толатындықтарын жеткізді. Енді бір ғана мәселе ауылға газ тарту жайы шешімін тапса, басқа тілек те, талап та жоқтығын түйіндеді. Бұл істі жүзеге асыру жұмыстары басталып кеткендігін білдік. Саяси жағдайдың тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс жағдайын басты назарда ұстаған мекеннен ертеңге деген сенімді көзқарасты аңғару қиынға соқпады.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
02 маусым 2021 ж. 889 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930