Жастардың саяси белсенділігі маңызды
20 қараша еліміз үшін тарихи күн, яғни үлкен саяси науқан болғалы тұр. Осы кезектен тыс Президент сайлауына баршамыз бір кісідей жұмыла қатысқанымыз абзал. Өйткені, бұл күн еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды. Әркім өзінің таңдауын дұрыс жасаса, ол біздің болашаққа деген үлкен әрі нақты қадамдарың бірі деп есептеймін.
Сайлауға қатысу бұл - өзіміздің саяси еркіндігіміз. Біз жастар еліміздегі болып жатқан саяси науқаннан қалыс қалмауымыз керек. Себебі, бұл сайлау – біздің болашағымыздың айнасы болары анық.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы лауазымына 6 кандидат ұсынылып отыр. Әрқайсысының елді дамытуға деген жаңа мақсаттары, ұсынып отырған бағдарламалары бар. Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін кезеңді бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Сондықтан баршаңызды алдағы Президент сайлауына белсене қатысуға шақырамын. Жұртшылық болып, ел тағдырын шешетін тағы бір науқанды бірге алып шығайық, жерлестер.
Санаулы ғана күндерден кейін өтетін сайлаудан соң еліміздің, жалпы халықтың алдында тағы да бір үлкен тағдыр тұр. Әлемдегі орын алып жатқан түрлі жағдайларды бағамдай отырып, бізге ең бірінші бірлік, тұтастық, ынтымақ керек деп ойлаймын. Кез келген қиын кезеңдерді ауызбіршілікпен шешуге болады. Сондықтан да барша қазақстандықтарды, оның ішінде жастарды бір болуға, алдағы саяси науқаннан қалыс қалмай өз таңдауын жасауға шақырамын.
Ернұр МЕРЕК,
Қазалы ауданының ішкі саясат бөлімінің әдіскері