Сүреңсіз аула көше сиқын кетіреді
Қазалы аудан болғалы оның экономикалық қуаттылығын арттыру, келбетін айшықтау бағытында жылдар бойы үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді. Қазынаға жиылған қаржының көлеміне қарай көсіліп, қазанның құлағын ұстаған құзіреттілер бүгінде сырттан келген меймандар мақтамаса да даттамайтын келбет қалыптастыра білді. Қала мен кентті біріктіру ісі өзгеше қарқын алғаны рас. Жоспарланған уақыттан кешігуді есепке алмасақ, енді бірнеше жылдан кейін аудан орталығы одан әрі ажарлана түсуі тиіс. Дегенмен бір қарағанда көзге іліне бермейтін, назарға алса көшеге әсемдік сыйлайтын факторлар аз емес. Соның бірі – Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің сыртқы көрінісі.
Бұған дейін қаржы саласының ардагері Кемал Көпжасар «алтындар ұстаханасының» алдындағы автотұрақты кеңейтіп, заман талабына сай ету туралы бастама көтерген. Мұны аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап іліп әкетіп, газет тілшісіне берген сұқбатында қаржы бөлдіруге жұмыс жасап жатқанын айтты. Бұдан бөлек қала мен кент арасын қосатын Жанқожа батыр көшесімен жүрген жанның көзіне алдымен мектеп ауласындағы ойын алаңы түседі. Аудандық спорт бөлімінің балансындағы жасанды кіші футбол газоны тозып, үлкен алаң иегрусіз жатыр. Жаздыгүні мал жайылып, күзде май топырақ көкке көтеріледі. Аталған білім ордасындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спорт жанашыры Ерлан Құрманов мұнда балаларды ойнатпайтынын айтты. Себебі сүрініп құласа «тентектің» тізесі жыртылады. Бүгінде балалар асыр салып, аламан қылуы тиіс алаң ештеңеге жарамай тұр.
– Үлкен алаң кенттің көркін кетіріп тұр десем артық айтқандық емес. 35х70 метрді құрайтын аумаққа жасанды жасыл алаң түссе, біріншіден аудандық спорт бөлімі үшін өте тиімді болар еді. Өздеріңіз білесіздер, екі аралық қосылуға жақын. Қазірдің өзінде жүздеген отбасы, мыңдаған балақай осы аумаққа қоныс тепті. Оларды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп, спортқа еліктіру үшін заман талабына сай алаң керек. Балаларға қауіпсіз әрі тиімді болуы үшін жақын жаттығу алаңының жақын маңнан ашылғаны дұрыс. Екіншіден әлеуметтік маңызды нысандар да лицейдің айналасында орналасқан. Әкімдік, сот, мәдениет орталығы, емхана сияқты тағы да басқа нысанға келушілер көп болғандықтан, тіпті басқа қаладан келетін меймандар да осы жерді көрмей кетпейді. Ал үлкен жасанды спорт алаңы кент көркін еселей түсер еді. Әрі-беріден кейін ілгерілеп келе жатқан үлкен футболдың дамуына, спортшы балалардың шеберлігін арттыруға үлкен сеп болар еді, – дейді ұстаз.
Расында, жаңа ауылға көшіп келген кішкентайлар көп. Балалар жылында балақайлардың қуанышын еселеу билікке де, ата-анаға да қуаныш сыйлар еді. Оның үстіне кешегі «Алтын күзге» дайындық барысында стадионның жөндеу жұмыстарымен жабылған жағдай қайталанар болса, аудан абыройын қорғайтын спортшыларға да обал болмас еді.
Айта кету керек, бұдан бөлек лицей аумағындағы кіші футбол алаңының да тозығы жетіп, табаны тесілген. Ауданда ең алғаш, 2011 жылы ашылған кіші спорт алаңының жөндеу көременгеніне 12 жылдан асып барады. Аталған мәселеге байланысты аудандық спорт бөлімінің басшысымен байланысу мүмкін болмады. Көптің көкейіндегі құлыншақтардың қажеттілігін осы мақаладан оқып, назарға алады деген сенімізі бар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ