Қос ауылда қыруар жұмыс бар
Биыл аудан орталығына жақын орналасқан Қ.Пірімов пен Басықара ауылдарында көптеген жобалар қолға алынып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қыруар жұмыстар атқарылуда.
Бұған дейін Қ.Пірімов ауылына заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қос ауылды көгілдір отынға қосу үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Басықара аралығындағы жол асфальтталуда. Басықара елді мекеніне кіре беріс жолдағы апаттық жағдайдағы көпір де қайта салынуда.
Осы және қасиетті өлкеде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қ.Пірімов және Басықара ауылдық округінде өткен тұрғындармен кездесуде айтып берді.
Мұхтар Әуесұлы одан бөлек жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді де тілге етті.
Халықпен кездесулерде аудан басшысы Мұхтар Оразбаев осыған дейін басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлердің де назардан тыс қалмағандығын жеткізді. Бұдан бұрын айтылған сұрақтардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып, олардың шешілу жолдары қай кезеңге жеткенін айтты.
Кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың арасында Қ.Пірімов ауылына балабақша салу, Құмжиек ауылдық округінен су ұңғымасын қазу сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев халықтың тарапынан айтылған әрбір мәселенің маңызды екенін тілге тиек етіп, оларды оңтайлы шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылатын жеткізді.
Қ.Пірімов атындағы ауылдағы тұрғындармен кездесуде осы елді мекеннің тумасы, бүгінде Елордада теміржол саласында еңбек ететін Ғалымжан Пірімжаров өзінің ауылдастарын «барды бағалай біліп, тазалық сақтауға» шақырды.
Туған жерге деген адал азаматтың сөзін Мұхтар Әуесұлы қолдап, әркім өз ауласын, көшесін таза ұстаса кез келген ауыл үлгілі елді мекендердің қатарында болатынын айтты.
Басықара ауылдық клубында өткен кездесуде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов құмжиектік азаматтың ұсынысын көпшілікке жеткізіп, үндеуге қолдау білдіруге шақырды.
Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қ.Пірімов атындағы №92 мектеп пен Басықара ауылындағы №182 мектептерге арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен көрді.
Халықпен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ғазиз Әліш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
#Қазалы