Блогер болғың келе ме?

Адамгершілік тұрғысынан қарап көрейік. Әңгіме тергіш блогерлер белгілі бір мекеменің лауазымды қызметкерінің жеке өмірі жайында керек ақпаратты естиді. Өзі жұмыстан бас ала алмай отырған адам әлгі блогердің жазбасының өзіне қатысты екенін сезеді, бірақ тура келіп соқтықпағасын құзырлы органға шағымдана алмайды. Осыдан кейін мойнына артылған жұмыстағы міндеті жайына қалатыны эмоционалды тұрғыда түсінікті. Бұл – бір.
Екіншіден, өзінің аккаунты арқылы біреуді қаралаудан тартынған блогер фейк парақшалар ашып, ойлағанын жүзеге асырып отыра береді. Заң бойынша жариялануға тыйым салынатын отбасылық құпия, жеке өміріндегі жайттарды естіп, жүрегі сыр берген, денсаулығы нашарлап, жан тапсырғандарды іздесек көптеп саналатыны анық. Оның үстіне қолы қалт еткеннің бәрі facebook-та отырып, сондай жазбаларға «запыран» құсатыны бар. Мұндай қылмысқа барғандарды құқық қорғау органдары анықтай алмайтынын көріп жүрміз. Әлеуметтік желідегі бассыздыққа органның әлі келмейтінін білген блогерлер күн сайын күш алып, қоғамды көпке кінә артуға, өсек-сөзге үйір қылуға үйретіп жатқандай көрінетіні бар.
Танымал блогер Бэлла Орынбетова мұндай видеомен бөлісу үшін адамды қандайда бір күш итермелейтінін айтады. Сондықтан бұл әрекетті әлеуметтік желі арқылы жеңіл жолмен арзан атаққа мойынсынушылық деп біледі.
– Адамдар көбінесе өздері бір ішкі эгосын қанағаттандыру үшін сондай видеоға жүгінетін сияқты. Олар жұртқа айтатын бір ойлары жоқ, өзінің қалыптасқан пікірі жоқ адамдар деп ойлаймын. Сосын сондай видеолармен, арзан лайк жинағысы келеді” – дейді блогер Бэлла Орынбетова.
Лайктан басқа бұл қадамға адамдарды не итермелеуі мүмкін екенін айттық. Бұған психологтың пайымын қоссақ артық емес.
– Көп жағдайда интернетке немесе әлеуметтік желілерге ақпаратты берген кезде көптеген адамдар өздерінің өктемдік, диспотизмдік қасиеттерін көрсетуге тырысады. Мен соны істедім, мен осыны жариялай алдым және сол арқылы өзінің бір қырын көрсеткісі келіп тұрады – дейді психолог Жаңагүл Егембердіқызы.
Күйзелістен күйініп жүрген жанды жаман әрекетке итермелеу былай тұрсын, адам рұқсатынсыз желіге жіберілген бейнежазбаның да жауапкершілігі ауыр жүк. Заң солай дейді. Қазіргі күні блогерлер құқықтарын журналистермен теңестіргісі келеді. Анығы мәртебесін заңмен белгілеп берсе дейді. Бұл тиісті мекемелерден ақпаратты оңай алуды ойлаған амал екені сөзсіз. Айта кету керек, 2009 жылдың шілдесінде Интернет туралы заң деген атпен белгілі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне БАҚ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғанын білесіздер. Онда барлық интернет-ресурстар, блогтар дәстүрлі БАҚ-қа теңестірілді. Бұл құжатқа сәйкес, әрбір интернет қолданушы өз пікірлері, жазбалары мен блогтары үшін заңға қайшы екені анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ