Жұмысшылардың жай-күйі қалай?
Бірнеше апта бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Шеврон” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдағаны есте. Бұқаралық ақпарат құралдары екеуара әңгімеде мұнай нарығындағы тәуекелдер талқыланғанын жарыса жазды. “Шеврон” компаниясының Қазақстанмен алдағы уақыттағы өзара іс-әрекетінің негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жайында да пікір алмасу болған.
Кездесуде Майкл Уирт “Теңізшевройл” компаниясы қосымша 2,6 миллиард текше метр газды ішкі нарыққа бағыттау туралы шешімі қабылдағанын сүйіншілеп еді, Президент құптай кетті. Сондай-ақ “Шеврон” компаниясының мұнай-химия саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу перспективалары мен Қарашығанақ кен орнының өндіріс қуатын одан әрі кеңейтудің жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл тағы жүздеген қазақстандық үшін ірі әрі беделді компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік туады деген сөз.
– Ауылда диплом бойынша жұмыс табу мүмкін болмағасын, 8 жыл бұрын Теңізге вахталық негізде жұмысқа тұрдым. Әрине, отбасымнан алыс жүру қиындық тудыратыны рас. Қалауыма сәйкес, 15 немесе 30 күн жұмыс істеймін де, сонша күн елге ораламын. Онда бас ауыртып, балтыр сыздататын ауыр тірлік жоқ. Дегенмен қызметте өсіп, мансап жасағысы келген әріптестерім дегеніне жетіп жатыр.
Қазіргі таңда жалақыма, жұмыстың жағдайына қызығатын, сонда орналасқысы келетін жұмыссыз құрдас, жолдастарым жетерлік. Мүмкіндік болса, олардың да талап-тілегі жақсы жерден нәпақа айыруына жағдай жасалғаны дұрыс болар еді, – дейді қазалылық Дәулет Нысанбаев.
Ал “Шевронның” стратегия және бизнес жоспарлау жөніндегі кеңесшісі Ардақ Алимақанова компания жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына болысып, мансаптық өсуіне тікелей жол ашатынын айтып отыр.
– Біздің компания бұған үлкен көңіл бөледі, өйткені қызметкерлердің дамуы — компанияның өсуіне әсер ететін өте маңызды фактор. Әр қызметкердің өзінің жеке даму жоспары бар, оның шеңберінде менеджермен бірге қажет тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарын таңдайды. Сонымен қатар бізде компанияның әр қызметкері үшін қолжетімді онлайн-тренингтер өте көп. Егер кез келген бағытта білімді жетілдіру немесе жетілдіру қажеттілігі туындаса, менеджмент міндетті түрде мүмкіндік береді, ең бастысы – ол негізгі жұмысқа кедергі келтірмейді. Сонымен қатар бізде әр қызметкер міндетті түрде этика, мәдениет бағытында тренингтерге қатыса алады, – дейді ол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ