Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие тал бесіктен

Тәрбие тал бесіктен

«Бабалар аманаты» деген кітабымның жартысынан көбі сәлем беруге арналған. Еркектердің сүйісіп амандасуы Хрущевтің заманынан келді де, бастық не істесе, соған бас иетін әдетіміз бар ғой. Содан қалып қойды. Бұрын көптен бері керіспеген аталарымыз бірін-бірі сағынысып көріскенде төс қағыстырып амандасатын. Ал қыз-келіншектер бет сүйісіп-ақ амандаса беретін. Әсте сәлем түрлері өте көп.
Қазір әсіре мұсылмандар сәлем салуды «Құдайға серік қосу, ширк» деп жүр ғой. Бір тойда келінге сәлем салғызбады. Ән де айтқызбады, би де билеткізбеді. Сонда той емес, жаназа сияқты бірнәрсе болды. Қарап тұрып, таң қалдық. Ал шын мәнінде келін сәлем салғанда, келген жерінің әруағы мен үлкендеріне, шаңырағына құрмет көрсетеді. Егер ол келмей жатып, сәлем салмай тайраңдайтын болса, үлкенді сыйлай білмесе, оның соңы не болады?! Содан бір күні сондай әсіре діншілдерге: «Ал жарайды, ол келін құдайға серік қосып тұр екен. Бірақ сендер өздерің жыл сайын Меккеге барып, қара тасты не үшін айналып жүрсіңдер? Ол не Құдай ма? Рас, ол Ыбрайым пайғамбардың салдырған алғашқы мешіті. Барлық сахабаларымыз намаз оқыған қасиетті орын. Бірақ ол – Жаратушы емес. Қолының ұшын тигізу үшін аяғының астында адам мыжылып жатса да мойын бұрып қарамайды. Осы мұсылманшылық па? Құдайға серік қосқандық емес пе?» – деймін. Ол кезде үндей алмайды. Бұның барлығы ойдан шығарылған. Құрметтің аты – құрмет, ізеттің аты – ізет. Құрмет, ізет, бата алғаннан жаман болған ешкімді көрмедім. Мәселен қазір менің жасым 70-тен асып барады. Бірақ әлі күнге мен сәлем салатын адамдар бар. Өзімнің алдымда иіліп сәлем салатын адамдардың болғанына тәуба қыламын. «Осылар жүре тұрса екен!» деп Құдайға мінәжат етемін. Өйткені солар жүрген кезде өзімді жас, келін санаймын. Сәлем салғанда қайынағаларымның берген батасы менің рухымды қалай көтеретінін білесіздер ме? Марқұм Димекеңнен бастап қазақтың небір марғасқаларына, ауылдағы қарапайым шалдарға, барлығына сәлем салдым. Менің өстіп жүргенім, бәлкім, сол кісілердің батасының шарапаты шығар. Қасиетінен айналайын, бата деген адамға рухани күш береді. Қазіргі жастардың бойындағы «өзім ғана болсам екен» деп кеуде керетұғын өзімшілдік жақсылыққа алып бармайды. «Үлкеннен өнеге көрмегеннен ұлағатты адам шықпайды». Біздің қазақтың өзге халықтарға ұқсамайтын қасиеті, жазылмаған алтын заңы – үлкенді сыйлау, алдынан кесіп өтпеу, сөзін бөлмеу. Тіпті жас кезімізде үлкендер отырған үйге рұқсатсыз кірмейтінбіз. Үлкен кісі келе жатқанда бір шетке тұра қалатынбыз. Осының барлығы ата-анамыздың берген тәрбиесі ғой. Бізде Кеңес өкіметінен кейін дәстүрлі қоғам бұзылды. Осының өзі көп нәрсені бүлдіріп кетті. Бір таңғаларлығы, Кеңес өкіметінің кезінде 462 ұсақ ұлт жер бетінен біржола жойылып кетіпті.
1932 жылғы аштықтан кейін біз де жойылып кетудің алдында тұрдық.
1937 жылы бес қазақтың төртеуі атылды.
1941 жылы соғысқа кеткен қаншама қазақтың артынан «қара қағаз» келді. Осынша қырғындардан аман өтіп, әлде де болса, жоғалғанымызды іздеп, бұлақтың көзін ашқандай болып, ата-бабалардың сан ғасырлық сарабынан өткізіп, бізге қалдырған асыл мұраларын өзімізге өзіміз қайтарғымыз келіп, тырысып, тырбанып жатқанымыздың өзі ғажап дүние. Өйткені халықтың жадында, ми қатпарларында әлі де болса қазақтығын сақтап отырғаны адам таңғаларлық дүние. Бірақ біз тым еліктегіш халықпыз. Іргеміздегі өзбек көршілеріміз 37 млн-ға жетті. Соның бәрі өзбек дейсіз бе? Өзбектің керемет бір қасиеті, кез келген адамды ым-жымын білдірмей өзбек қылып жібереді. Ал біздіңкілер қазақ ағылшын да, орыс та, жапон да болғысы келеді. Бірақ нағыз қазақ болғысы келмейді. Одан соң ешкімді қазақ қылғысы келмейді. Осыны пайдаланғандар қазақты ішінара бөліп жатыр. Мұсылман болуды араб болу деп түсінетіндер көп. Қазақ халқы ешқашан құдайсыз болған жоқ. Бірақ ешқашан табынушы болып, құлдық ұрған халық емес. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен сипаттаған. Әр түрлі секталарға бөліну, ол – білімсіздіктен. Әлемде Құдайдың жаратқан бір ғана кітабы бар, ол – Жаратылыс. Қауғадай қылып сақал қойып, байы өлген әйел құсап қылқынып қара орамал салып жүргендерге жаным ашиды. Қазақтың қай қызы күйеуге тигенге дейін орамал салған?! Олар кәмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сораба, моншақты қасаба, салпыншақты жырға деген бас киімдер киген. Қазақтың қыздарының бас киімінен өткен әдемі бас киім жоқ. Басына орамал түсті деген – күйеуге тиді деген мағына берген. Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген. Шолпы, шаштеңге, шашбау сияқты бұйымдары қандай керемет болған. Енді араб болады екенбіз деп соның бәрін жерге көмуіміз керек пе? Әйел адам күйеуі өлген кезде ғана басына қара орамал салған. Үйдің төбесіне қара ту тігіп, жыл бойына қаралық ұстаған. Жыл өткен соң қара туды түсіріп, әйелдің де қаралығын шешкен. Қазір қыздарымыз жаман ырым шақырып, бастарына қара орамал салып жүр. Оны өздеріне керемет үлкен дәреже көреді. Бір күні театрдан шықсам, кілең қара киініп, оранған қыздар: «Апай, мұсылман қыздармен суретке түсіңізші!» –дейді.
Егер соны: «Апай, сізбен суретке түсуге бола ма?» – деп жәй айтқан болса, ұнатпай тұрсам да, «жарайды» дер едім. Менде өркөкіректік жоқ. Бірақ өздерін-өздері «мұсылман қыздар» деп ерекшелеп тұрғанының бір шеті маған да тиіп кетті кетті. – Ойбу, айналайын, мен сияқты кәпірмен түсіп қайтесіңдер? – дедім де, кетіп қалдым. Бұрын менің басымда орамал болған кезде олардың қайда жүргенін білмеймін. Білесіздер ме, солардың көбі бір азаматтардың екінші, үшінші әйелдері. Айтуға аузың бармайды, бірақ рас нәрсе. Сақал қойғандарды соншалық мұсылман деп, керемет сенудің түкке керегі жоқ. Бірақ олардың тілдері өте шешен. Арасына талай арқалы ақындар қосылып кетті. Аузына Алла сөз салған «менмін» деген ақындарыңыз да сол қасиетті сөзді басқа жолға жұмсауда. Қаншама жастар солардың жетегінде жүр. Әркім өзінің ұлтымен бірге туылады. Ұлтыңның жері, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бәрі саған тиесілі, дін одан кейін келеді. Адам дінмен бірге туылмайды. Әсіре діншілдер «Мұсылман боп туылғанбыз, қазақпын деме, мұсылманмын де» дейді. Олар мұсылман да, кәпір де емес, шақалақ болып туылды. Дін – адамның Құдайды жан-дүниесімен іздеуі, ішкі қажеттілігі. Алдымен – қазақсың, одан кейін – мұсылмансың.
Мен Кеңес өкіметінің кезінде-ақ басыма орамал салған адаммын. Атаның қолына көшіп келгенде бірінші рет көзіне жаулықсыз көрінген жоқпын, сол күйімше кеттім. КСРО-ның кезінде теледидарға шығарда шопанның әйелінің де басынан орамалын алдыртып тастайтын. Мен бірінші рет хабарға түсетін кезде маған да «орамалыңызды алып тастаңыз!» деді.
– Хабарың жүрмей кетсе де, алмаймын! Мен сендерге Бейсенбай, Сейсенбайдың келіні емеспін. Атаның келінімін! «Қазір Баукеңнің келіні сөйлейді» деп көк жәшіктің алдында ақ шашты ата, ақ жаулықты әже отырады. Сондықтан жалаңбас шыға алмаймын, – дедім.

Зейнеп АХМЕТОВА
30 тамыз 2022 ж. 351 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031