Өз болашағымызды өзіміз жасайық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне ресми кіріскеніне үш жарым жылға жуықтап қалды. Осы мерзім Қазақстан халқының көптеген талап-тілегі ескерілген, еліміздің келешектегі даму бағдары жаңаша айқындалған кезең болды.
Перспективадағы дамуымыздың нақты бағыттарын 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және 2022 жылдың 11 қаңтарындағы Парламентте, сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде тағы да нақтылап көрсетіп, Жаңа Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму бағыттарын анықтап берді.
Президент қызметінде әлеуметтік-экономикалық дамумен бірге, елімізде ашық қоғам құру мәселесіне де баса назар аударылған. Мәселен, билік пен қоғам арасындағы диалогты тиімді іске асыруға бастайтын маңызды және өзекті шешімдер қабылданды. Бейбіт жиын және митинг өткізу, партиялар құру, оппозицияның Парламенттегі рөлін күшейту туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Президент ретіндегі ең басты мақсаты – халқымыздың бірлігін сақтау, әр азаматтың құқығын қорғау, әл-ауқатын жақсарту және әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін бәрінен биік қою екенін қадап айтты. Қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар Мемлекет басшысының іскер де батыл басшылығымен жүйелі негізде іске асырылу үстінде.
Өткен үш жарым жыл өте күрделі жылдар болды, көптеген сын сағатты бастан өткеруге тура келді. Өйткені ел Президенті осы кезеңде әлем жұртын алаңдатқан кедергілермен бірге, ел ішіндегі түрлі тосын саяси оқиғалармен, апаттармен де күресуге мәжбүр болды. Әрі кез келген сын-қатерлерге лайықты тойтарыс беріп, шұғыл, батыл әрі маңызды шешімдер қабылдай алып отыр. Сол себепті халықтың Президентке деген сенімі уақыт өткен сайын артып, күшейіп келеді. Қоғамның әрбір мүшесі сол сенімін белсенді де адал еңбегімен еселей түссе, еліміз де еңсесін тіктеп, болашағымызға алаңдамай тіршілік ететін күнге де жететініміз күмәнсіз.