Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойлылар ойыны

Ойлылар ойыны

Өткен аптада «Қазалы аудандық шахмат федерациясының» құрылуына 8 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында жарыс өтті. Мұндағы мақсат – өскіндердің шахматқа деген қызығушылығын арттырып, аудан құрамасын іріктеу болатын. Сайыстың жұмысын зияткерлік орталығының бекіткен төрешісіне жүктеген.
– Шахмат жарыстарын өткізудің бірнеше жүйесі: айналмалы жүйе, швейцариялық жүйе, олимпиадалық жүйе және тағы басқалары бар. Солардың ішінде ең көп тарағаны айналма жүйесі. Бұл жүйе бойынша жарысқа қатысушылар бір-бірімен жеке-жеке ойнап шығады.
Бүгінде біздің тәрбиеленушілеріміз түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл күндері 200-ге жуық бала осы ойын түрін таңдаған. Олардың арасында ең жасы 2016 жылғы Ахметбек Жұмаділда.
Қазір шахматқа қызығушылар қатары ұлғаюда. Ата-аналар баласын математикадан алғыр және ой-өрісі дамуы үшін осы спорт түрін қалап келеді. Ынтасы барлар орын алуға құштарланып, бір ай шамасында жүлдеге қол жеткізуде, – дейді Сырдария спорттық-зияткерлік орталығының шахмат жаттықтырушысы Әбдреим Шүренов.
Оның мәлімдеуінше, мерейтойлық ойынға 9, 10, 11, 12 жас аралығындағы 50-ге жуық оқушы қатысты. Ал аудандық шахмат үйірмесі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Оған Құбыл Ршымбетов аудандық шахмат федерациясының президенті ретінде ұдайы қолдау көрсетіп келеді.
Жалпы шахмат ойлылар ойыны. Әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Шахмат сөзінің мағынасы парсы тілінен аударғанда патша шах өлді мат дегенді білдіреді.
– Бас төреші қатынасушылардың тәртібін бақылайды. Ойын қатаң түрде әрбір тур бойынша өткізіледі. Мүмкіндігінше кезекті турдағы партиялар толық ойналады. Қалып қоюға жол бермейді. Соңғы турдың алдында ойналмай қалған партиялар болса, түгел ойнап бітіру керек. Ойын кезінде ойнаушылар бірі мен бірі сөйлеспейді. Қалта телефондары сөндіріп қойылады. Кімнің телефоны дауыс шығарса, сол ойыншыға ұтылыс беріледі. Ойын кодексі қатаң сақталады. «Ұстадың – жүр» ережесі мүлдем бұзылмауы тиіс.
Ойын кезінде барлық партиялар жазылып, ойын біткеннен кейін бас төрешіге тапсырылады. Жарыстар сағатпен ойналады. Жарыс біткеннен кейін бас төреші оның қорытындысын хабарлап жеңімпаздарды марапаттайды, – дейді шахмат жаттықтырушысы.
Қорытынды нәтижесі бойынша шаршы тақта ойынында алғырлық танытқан жеңімпаздар Қазалы ауданының шахмат федерациясының І, ІІ, ІІІ дәрежелі грамотасы және медалдарымен марапатталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 тамыз 2022 ж. 157 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930