Ақыл-ой спортының озаттары

Сайысқа 2009-2010, 2011-2012, 2013-2014 жылғы оқушы қыздар қатысты. Ұйымдастырушы «Сырдария» спорттық зияткерлік орталығы және Қазалы аудандық шахмат федерациясы бірлестігі.
3-5 наурыз аралығында өткен доданың қорытындысына Қазалы аудандық шахмат федерациясының президенті Құбыл Ршымбетов арнайы келіп, жеңіске жеткен нәзік жандыларды мерекемен құттықтай келе, марапаттау рәсімін жалғастырды.
– Спорттың түрі көп. Соның ішінде шахмат ойыны адамды мәдениетке, тереңінен ойлауға, асықпай шешім қабылдауға баулиды. Осы жолда үлкен жетістікке жетіп, қатарларыңның алды болыңдар. Әрдайым биіктен көрініңдер. Мен сіздердің ауданның ғана емес, ел намысын әлемдік аренада қорғайтындарыңызға сенемін, – деді Құбыл Ршымбетов.
2013-2014 жылдар арасында сынға түскен сайыста ІІІ орынды екі бірдей ару қанжығалады. Олар Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің оқушысы Айғаным Жаңбыршы мен №266 мектеп-лицейдің аруы Айдана Елубай. Ал ІІ орынды Қазалы қаласындағы М.Горкий атындағы №16 мектептің шахматшысы Айзере Асылбекқызы иеленсе, І орын Жалаңтөс батыр ауылындағы №91 мектептен Махаббат Амантайқызына бұйырды.
Сол секілді 2011-2012 жылғы дүниеге келген қыздардың ішінен екі үшінші орын тағайындалды. Оның алғашқысы Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің оқушысы Айжұлдыз Меңдіқараға бұйырса, екіншісін №266 мектеп-лицейден келген Нұрсая Байғабыл иемденді. №216 орта мектептің намысын қорғаған Камалия Берденова ақтық сында сүрініп ІІ орынға қол жеткізді. Ал осы жылдағы арулар арасынан үздік деп танылған Ақнұр Батырбек І орынды алды. Ол Қазалы қаласындағы М.Горкий атындағы №16 мектептің шахматшысы.
Үш күнге созылған сайыстың нәтижесінде 2009-2010 жылдар аралығында қатысқан жастардың жүлдесінің барлығы М.Горкий атындағы №16 мектептің озаттарына бұйырды. Атап айтсақ, Гауһар Серікқали мен Сабина Кимилбаева ІІІ орынды бөлісті. ІІ орынға Малика Исахмет лайық деп танылса, І орын Инабат Қалымбетке бұйырды.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға диплом мен медаль табысталса, қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары тарту етілді.
Айта кетейік, қазірде Жалаңтөс батыр ауылдық округінде спорттың бұл түріне жастарды Ғарифулла Абдуллаұлы жаттықтырса, Қ.Пірімов елді мекенінде Бақытжан Ізбасқанов дайындайды. Ал жергілікті Әйтеке би шахмат клубындағы оқушылардың үздік болуына Абдрейм Шуренов пен Ербол Есмамбетовтың еңбегі орасан.
А.ЖОЛТЕРЕК