Тіл тұғыры бекісін десек...
Ұлттың алтын діңгегі, терең тамыры, тарихы, діні мен ділі, яғни шынайы үні ол – ана тілі. Тіл тақырыбында қозғалмаған әңгіме, толғанбаған тұлғалар аз емес. Қазақ сөзінің қорына жететін құндылық жоқ. Дегенмен, бүгіндері алтын ғасырлардан қазақтың нағыз қалыптасқан бай сөздері қазірде кедейленді. Тіпті бодандықтан босау бойына байырғы байлығынан айырылған қазақтың сөздеріне енген түрлі өзге елдің терминдері сөз мәдениетін орнынан тайғақтатты. Оған халық куә. Дәлелдеудің қажеті шамалы. Одан бөлек күнделікті өмірде қолданылатын ауызекі әңгімелердің өзі құлағыңа түрпідей тиетін күйге жеттік. Мәні жоқ сөз саптаулар жастарды желпілдетіп тұр. Орынсыз қолданылатын сөздер көргендіктен сөйлемесе де көрегендіктен сөйлейтіндердің ызасын келтіреді.
Ашығын айту керек, тіл құндылығы биігінен аласармас үшін тіл тазалығына кір жұғып кетпеуі тиіс. Ал біз сөйлеу мәдениетіміз нағыз қазақтың қалыпты тілі деп айта аламыз ба? «Қазақ бауырмал халық» деп ұрандатқандар елдің ділі ғана емес, тілі де бауырмал болып бара жатқанын сезсе керек.
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің.
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі-өмірді думан, – деп жырлап өткен сатирик ақын Шона Смаханұлы сонау елуінші жылдардың басында шығармашылығын енді бастап жатқанда Мұхтар Әуезов бастаған қазақ әдебиетінің нарқасқалары отырған бір жиынға тап болады. Шона ағамызды таныстырғаннан кейін ішінде біреуі: «Қане, ақын болсаң бір шумақ бірдеңеңді оқып жібер, бағамызды берейік», – деген екен. Сонда Шона:
Жазығы жоқ, жазған ұл,
Көп білем деп көкиді.
Әкесінің жазғанын,
Аудармадан оқиды, – десе, отырғандардың бәрі сам-соз болып, үнсіз қалыпты. Сәлден кейін Сәбит Мұқанов алдындағы столды бір қойып қалып: «Күшік-ай, бәрімізді тірідей сойдың-ау», – деген екен. Сөйтсе барлығының балалары орыс мектебінде оқып, ана тілдерінен жұрдай, не шала біледі екен ғой.
Міне, Шона атамыздың осылай жеткізгенінің өзі сол кездің өзінде мұндай мәселенің бар екенін аңғартып тұр. Ал бұл жағдай әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әрине, ондағыда жат тілдің ұғымына қанығып өсіп келе жатқандар қазіргідей емес, аз болды. Бір жағынан сол кездегі саясаттың өзі осыған апаруға душар етті. Ал қазірше? Бодандықтан босап, тәуелсіздіктің туын желбіреткенімізге 31 жыл толса да, әлі күнге дейін қазақтың қанындағы тілде толық сайрай алмай келеміз. Керісінше, бұл үлкен күреске айналды.
Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов:
«Қазақ тілін тұғырына қондырудың бір ғана жолы бар. Ол – қазақ тілін білмейтін қазақтарға қызмет бермеу. Тілге келгенде әуелі біз қазақтарды жөнге салып алуымыз керек. «Өзін-өзі аямаған басқаның бетін шиедей қылады» демекші, өзімізді-өзіміз аямасақ, өзгелер бізден сескенетін болады. Қазақша білмейтін қазақтар қызметке мүлдем алынбаса, олардың бәрі бір жылдың ішінде қазақша сөйлеп кетері анық. Неге десеңіз, оларға жан керек. Бұрын қазақша бірауыз сөз айта алмайтын кейбір шенеуніктердің қазір бұлбұлша сайрап жүргені сияқты. Осы уақытқа дейін өз тілінен безініп келген безбүйректерге осы қатаң талапты қоюымыз керек. Мұны көрген өзге ұлт өкілдері, қазақтар өзді-өзін аямай жатыр, бізді де оңдырмас деп, өз еріктерімен қазақ тілін білуге талпынатын болады», – дейді.
Байыбына барсақ, тілдің бұзылмауын ең әуелі өзімізден бастасақ, ақырында мінберде тұрып міңгірлегендерді жөнге саламыз.
Бабамыздан жан-дүниеміздің айғағы – жер мен тіл, өткенімізді тірілтер шежіре мен тарих қалды. Бұлардан айырылсақ, қасиетімізден айырыламыз! Одан кейін не боларын кім білсін?! Ойлаудың өзі ауыр. Қалай десек те, мұраға қалдырған қазынаны келесі ұрпаққа кіршіксіз күйде табыстай алмасақ, ата-баба аманаттаған ұлттығымызға, азаматтығымызға сын болары хақ.
Ахмет Байтұрсынұлы «XX ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» дейді. Расында ұлт ұстазы айтқандай, тіл турасындағы алғыс пен абырой қазаққа тиіс десек, тиісінше тілдің тамырына балта шаппаған жөн.
Абзал ЖОЛТЕРЕК