Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүшел жас неге қатерлі?

Мүшел жас неге қатерлі?

Халқымызда адам жасын есептеу үлгісі «мүшел жас» делінген. Қазақ қоғамында адамның ең алғашқы мүшелі 13 жас болып саналады. Әр мүшелдің ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады екен. Көпшілікті «мүшелден мүшелге өту аралығындағы жас неге қатерлі және оны қалай есептейді?» деген сауалдар мазалайтыны анық. Олай болса, сұраққа жауап іздеп көрелік.
Мүшел жасты есептегенде мына бір ерекшелікті қаперге алған жөн. Яғни, бала 13 жасқа толғанда – бір мүшел деп қайырады да, кейінгілеріне 12 жылдан қосып отырады. Сонда бір мүшел – 13 жас, екі мүшел – 25, үш мүшел – 37, төрт мүшел – 49, бес мүшел – 61, алты мүшел – 73, жеті мүшел – 85, сегіз мүшел – 97 деп кайырып, адам жасын оңай шығарады. Көне көз қариялар өткен жылдарды есептегенде немесе адам жасын айырғысы келгенде осы мүшелді қолайлы көреді.
Жоғарыдағы мүшел жылдардың әрқайсысының адам өміріне тигізер әсері, ықпалы болады. Алғашқы мүшелде он үш жастағы баланың ересектік шаққа өту кезеңі айқындалады. Бұл кезеңде ер балалардың даусы өзгеріп, сүйегі іріленіп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды. Халқымыз осындай ес тоқтатып, етек жаба бастаған жасты «Он үште – отау иесі» деп дәріптеген. Балаларын отбасылық өмірге баулуды қолға алған.
Жиырма бес жас – нағыз жігіттік жас деп есептеледі. Бұл кезде бойдағы күш-қуат кемеліне келеді. Тасыған күш-қайратты қайда жұмсарын білмей, жалындап тұратын кез.
Отыз жеті жас – өмірдің жақсы-жаманын, оң-солын танып, ақыл тоқтатып, қырықтың қырқасына көтерілген кез.
Қырық тоғыз жас – бойдағы күш қайта бастағанымен, кәрілікті әлі мойындамаған, ақыл-ойы нағыз кемеліне келген ердің жасы.
Алпыс бір жас – даналығы артып, өткеніне сын көзбен қарайтын, тәубеге келетін кезең.
Жетпі үш жаста адам кәрілікті мойындап, бойы еңкіш тартады, аяғы тұсалып, жүріп- тұруы қиындайды.
Сексен бес жас. Бұл жаста адам жүріп-тұрудан, ұйқыдан қалады. Бала сияқты өкпелегіш болып, күйбең тірлікке түседі.
Тоқсан жеті жас. Бұл мүшелге жеткен адамдардың кейбірі жас баладай жаутаңдап, кауқарсыз болып қалады.
Қазір ғалымдар әр мүшел ішінде адамның ағзасында өзіне тән елеулі өзгерістер болатынын дәлелдеп отыр. Ғылым енді ашқан жаңалықты ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Адам кемелденген сайын қауіп көп болады деп есептеген. Сол себепті, дана халқымыз мүшелге ерекше мән беріп, қатерінен сақтану үшін түрлі ырым-жоралғыларды жасайтын болған.
Психолог мамандар 13 пен 37 жасты ең қауіпті кезеңдердің біріне жатқызады. Әдетте оны ұстанатын да, оған сенбейтін де адамдар бар. Дегенмен мамандар мүшел жасқа немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертеді. Сондықтан бұл жастарда сырт көздің сұғынан сақтанған жөн.
Бұл пікірді қазақ салт-дәстүрлерін дәріптеп жүрген апамыз Зейнеп Ахметова да мақұлдайды.
– Қазақ ұғымында әрбір мүшел жас қатерлі, қалыпты саналады. Бұл жай сөз емес. Өйткені жайшылықтағы жасқа қарағанда мүшел жаста өлім-жітім, әртүрлі кесір-кесапаттың көп кездесетіндігін байқауға болады. Өкінішке орай, көбіне пендешілікке салынып, аңғармаймыз. Соның кесірінен келеңсіздіктерге ұрынып, сәтсіздіктерге ұшырап жатады. Сол үшін ата-бабаларымыз әрбір мүшелден аман шығу үшін құдайы беретін болған. Әрине, қазір де құдайы беретіндер бар. Бірақ олар қой сойып, молда шақырып, құран оқытып, бет сипаумен ғана шектеліп жатыр. Шындығында құдайы беру дегеніміз – бұл адамның алдымен біліп-білмей істеген күнәлары үшін Жаратқаннан кешірім сұрап, тәубаға келуі өзінің олпы-солпы, кем-кетігін түзету және сауапты әрі қайырымды істер жасау болып саналады. Құдайы берудің маңызы осында жатыр. Қайыр-садақа берсем, қатерден аман-есен шығамын деген қасаң пікірден аулақ болған жөн. Мүшел жаста киім береді. Бірақ қазір көбісі мұның да маңызына бойламай жатыр. Өзінің киюге келмейтін киімдерін таратып жатыр, бұл дұрыс емес. Керісінше өзінің жақсы көретін қимас затын не киімін өзі құрметтейтін, сыйлайтын адамына беруі керек, – дейді ұлт дәстүрін дәріптеуші апамыз.

Дайындаған
Арай ЖҮСІП
06 тамыз 2022 ж. 3 351 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930