Мүшел жас қатерлі ме?
Қазақ халқында мүшел жас ерекше аталып өтеді. Ел арасында «Бұл жаста не істеу керек, не істемеу керек?» деген сауалдар да жиі айтылады. Мүшел жастың ерекшелігі неде? Осы турасында ескіден қалған есті сөздер мен бүгінгі заманның ұстанған ұстанымы қандай?
Бәріміз білетіндей мүшел жас жұп саннан тұрмайды. Бірінші мүшелді 13 жаста атап өтсек, кейінгілері 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97 деп жалғаса береді. 109-ға келген қарт тоғызыншы мүшелін тойлайды.
Қазақ бала бірінші мүшел жасқа келгенде «он үште – отау иесі» атандырып ұлды бір үйге ие болатын, мал бағар жасқа жетті, қыз баланы ожау ұстар, қазан қайнатар кезге келді деп бағалаған. Баланың жақсы киімдерін таратып немене құрбан шалып, ырым етіп, садақа беру де қазаққа тән сипат. Одан кейінгі 25 жас ақылы толысып, оң-солын ажыратып, жан-жағын бағамдай алатын шақ. Өмірдің екінші буынына жетіп, иіліміне келгенде садақа беріп, киімін, жанына жақын дүниесін үлестіріп жатады. Тіпті кейбірі жасын жасырып, бір жасқа кем, не бір жасқа артық айтады. Бұл нағыз толысып, айы оңынан туар мезгілде тіл-көз тиіп кетеді деп сақтанғандығы. 37 мен 49 да адам өміріндегі керемет жастар. Ел ағасы атанып, басқаларға жөн-жосық көрсетер тұс. Бұл кезеңде де садақа беру, сауапты іс. 61 ата жас, 73, 85 қарттық кезеңге келеді.
Мүшел жас неге қатерлі саналады?
Бұл туралы деректерде: «Қазақ есепшілері адам баласының 100 жасын бір ғасыр ғұмыр деп есептейді. Осы жүз жастың 50 жасын «Ұйқылы өмір» немесе «барзақ ғұмыр», қалған 50 жасын «ояу тірлік» немесе «саналы ғұмыр» дейді. Ал ояу тірліктің 15 жасын ойнақтаған балалық, 75-тен асқанын жер таянған кәрілік, ортасын «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп атайтыны содан. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп түсінген. Сондықтан бұл жаста алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, өлімді жерлерге көп бармаған, мал бауыздамаған, адамдармен ұрыспаған. Той-томалақта көзге түсіп, көрнекті жерде отырмаған.
Бір жылдың он екі айының ішінде аспандағы ай толған сайын оған қарап, «Айда аман, жылдан есен, өмірден бүтін болып келемін» – деп садақа беріп отырған.
Қандай сыйлықты кімге беру керек?
Мүшел жасқа келген адамның бағалысын сыйға тарту керек екені жиі айтылады. Мүшел жасқа шыққан кезде адам өзінің қимайтын бір затын жолдас-жорасына, тілеуін тілеп жүретін қарияға, құрбысына, болмаса ауылдағы дуалы ауызды адамға беріп, содан бата алған. Бұл рухани тұрғыда желпініп, сергек жүріп, өз бағытын дұрыстау жолында жасалған іс. Қимас затын садақаға бергеннен кейін көңілі кеңейіп, сергіп қалады екен. Өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа арқылы кетеді деп сенген. Үлкендердің айтуынша, бұл сыйлық – аман-саулық, бақыт жолындағы ізгілік.
Сондай-ақ мүшеліңде біреуге сыйлық бермесең, қауіп-қатер келеді деген жалған түсінік. Бұл ретте этнограф: «Бұрын байлар, жомарттар мүшел жасқа келгенде атын не қымбат тонын, алтын жүзігін, жан садақасы деп малдай, заттай сыйлаған. Мүшел жаста өзі ұзақ ұстаған затын беру керек деп ойлаған. Мұндай сыйлықты жай адамдар емес, бата бере алатын, дуалы ауызды, жылы лебізді адамдарға береді», – дейді.
Әрине жаныңа жақын затыңды сыйламасаң, міндетті түрде ауыр сырқатқа ұшырайсың, қауіп-қатер келеді деген сөз емес. Бұл ұлтымыздың тіршілігінде қабылданып кеткен ырым-кәделер. Оның үстіне мүшел жасқа келгеннен сый алған адам үшін де бұл үлкен құрмет.
Мүшел жасты қалай қарсы аласыз?
– Оқырмандарымыздың бірі – Аяулым Ізбасарқызы: «Қазақ ырымшыл халық ғой. 13-ке толғанымда апам Талма Бесеуова: «жамандық алыста болсын, тіл-көзден сақтасын!» деп мені тұзбен аластап, көрші-көлемге тандыр нан таратқаны бар. Мүшел әркімге әр қиылы келеді, біреуде жақсылық, біреуде жамандық кездеседі деп жатады. Мүмкін рас да шығар. Мен 25 жасымда тұрмыста болдым. Мешітке садақа беріп, туған күнімді отбасы мүшелерімен атап өттім. Өзіме ұнайтын алтын сақинамды, қайын сіңілім қалап сұраған соң берген болатынмын», – десе, Айнұр Ерболқызы мүлде басқа пікірде.
– Мен ондайға сенбеймін. Жалпы туған күнді асыға күтіп, ерекше тойлайтындардың қатарынан емеспін. Мүшелге толдым деп те аса қатты мән бере қоймаппын. Биыл құдай қаласа, үшінші мүшелім. Дегенмен әр жылдан жақсылық күтетініміз рас. Ал садақа беру, біреуге жақсылық жасау белгілі бір күнмен шектелмейді, – деген ойда.
Ал Ақмарал Арзиева «Мүшел жастан қорқамын», – дейді. Оған себеп қайтыс болған адамдар туралы: «мүшелде тұр екен», «биыл мүшел жасқа толады екен» дегенді жиі естуі.
– Әрине ажал айтып келмейді. Бәлкім менің бұл қорқынышым орынсыз болар. Дегенмен 25 жасқа толған шағымда өзімнің айлық табысыма, үйде құран оқытып, бақилық болған жақындарымның рухына құран бағыштаттым, – дейді ол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА