Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілдегі мүкістік қайтсе түзелмек?

Тілдегі мүкістік қайтсе түзелмек?

Байқасаңыз, бүгінде тілінің мүкістігі бар балалар жиі кездеседі. Бір емес, бірнеше дыбысты бұзып айтатындар көп. Ата-аналар алаңдайтын үлкен мәселелердің бірі де – осы. «Баламның тілі дұрыс шықпай жатыр» деп дабыл қағушылар аз емес.
Кекеш, жасы үш-төрттен асса да, анық дыбыстай алмайтын, физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбейуі ата-аналармен қатар дәрігерлерді де қатты қынжылтып отыр. Осы орайда бала тілі неге кеш шығады, оның себептері мен оларды емдеу жолдарын зерделеп көрген едік.

«Әйәй»-дің әлегі мен «Кәкәй»-дің кінәсі
Мамандардың айтуынша, бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал үш жастан асқасын еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет. Балалар тілінің кеш шығуының басты себептері мынада екен. Жүктілік кезінде ана көңіл-күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы мен тұқым қуалаушылық фактор. Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы, дыбыс шығару жүйесінің және ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуі де себеп бола алады. Ата-ананың әңгімелеспеуінен, оқшауланудан бала тұйықталады. Қатты қорқып қалған балдырғанда тұтығу пайда болады. Сонымен қатар өзге аурулар мен қолданған дәрі-дәрмектердің әсері де тиюі мүмкін.
Әлбетте, бала денсаулығына ана құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлген абзал. Өйткені, бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым бөлігі құрсақта жатқанда дамиды. Баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастауын алуы мүмкін. Логопедтер кей себептердің алдын алу мүмкін емес болғанымен, көп жағдайда бала тілінің уақытында шығуы тікелей ата-анаға байланысты екенін айтады. Ата-аналардың бала тілін қызық көріп, олардың қате дыбыстаған сөздерін қайталауы дұрыс емес. Керісінше, бала ата-анасының сөйлегеніне қарап, сөзін түзеуі үшін әке-шеше әр сөзді анық дыбыстап айтуы қажет.
– Бала бес-алты айдан бастап өзге адамдардың қимылдарын қайталайтын қабілетке ие болса, оның ішінде артикуляциялық қимылдар да бар. Яғни, бала өзіне қарап сөйлеген адамның дыбыстау мүшелерінің қимылын да қайталайды деген сөз. Сол үшін баламен әңгімелескенде, оған қарата сөз айтқанда, әрбір қимыл-әрекетке мұқият болған абзал. Баладағы сөйлеу тілі бұзылысының негізгі себептерінің биологиялық факторларына құрсақішілік даму кезінде ұрықтың гипоксиясы, анасының жұқпалы аурулармен ауыруы, босану кезіндегі зақымдар, сондай-ақ туылғаннан кейінгі алғашқы айларда әсер ететін патогендік факторлар – ми инфекциялары, жарақаттар жатады. Ал әлеуметтік-психологиялық тұрғысынан қоршаған ортаның жағымсыз әсерлері, қостілділік, айналасындағы адамдардың сөйлеу қабілетінің бұзылуы әсер етеді. Көп ата-аналар баланың сөйлеудегі дыбыс шығаруы үлкендердің көмегінсіз, өз бетімен дамиды деп ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Қазір көп балақайлар сағаттап теледидардың алдынан шықпайды немесе ұялы телефон, планшет, компьютер ішіндегі вертуалды әлемге кіріп, санасы қажетсіз ақпаратқа толады. Салдарынан олар ойын жеткізе алмайды және тілі кеш шығады.
Сөйлеу тілі дамуының айқын ауытқуы бала үшін нағыз жағымсыз салдарын туғызады. Баланың психикасы кешігіп дамиды, таным іс-әрекетінің жоғары деңгейлерінің қалыптасуы тежеледі, ерік-эмоциялық жағының бұзылуы пайда болады, ол тұлғалық ерекше қасиеттерінің қалыптасуына алып келеді. Балада тұйық мінез, көңіл-күйінің тұрақсыздығы, сенімсіздік пайда болады, – дейді логопед Райхан Пірімжарова.
Сондай-ақ сөйлеу процесіне тіл, тіс, ерін және жақ қатысады. Сондықтан ерте жастан бастап баланың сөйлеу мүшелерін, қимыл-қозғалысын дамыту маңызды. Осы орайда балғынның сөйлеу тілін түзете-дамытуда мамандар ата-аналарға мынадай кеңестер ұсынады. Алдымен жаңа туылған сәбиде алғашқы тістер пайда болғаннан бастап қою тағамдарды қосымша жеу қажет. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгілген ас ішеді. Осылайша шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан, оларда тіл дамуы тежеледі. Сондай-ақ, емізікті 1 жастан кейін пайдалануға болмайды екен. Логопед маман бұл ретте былай дейді:
– Балаға жеке және психикалық тәрбие беру балалық шақтарынан басталады. Барлық дағдылар отбасынан алынады, соның ішінде дұрыс сөйлеу дағдысы да отбасында қалыптасады. Баланың тілі жаңадан шығып келе жатқанда онымен бір тілде тілдесіп және «бала тілімен» сөйлеспеу қажет. Мысалы, ням-ням, пи-пи, бум-бум, тағы басқа сөздерге шектеу қойып, оның дұрыс еместігін түсіндіріп, нан, машина деп таза айтқызыңыз. Баланың ұсақ қол маторикасымен көп жұмыс жасау керек. Ұсақ қол маторикасы арқылы баланың тілі дамиды. Бірге көбірек сурет салыңыздар, мозаика, пазл, манка және құммен сурет салу, ермексаз, ұсақ дәнді дақылдармен жұмыс жасау арқылы сіздер өз балаларыңызды жан-жақты дамыта аласыздар. Кішігірім әңгіме құру үшін суретпен жұмыс жасап, балаға уақыт бөліп, кітап оқып беріңіз. Кітап оқу арқылы баланың ойы, танымы, логикалық ойлауы дамиды. Баламен үнемі сөйлесіп, оның жауаптарын тыңдау керек. Бала сөйлескенді, оны тыңдағанды ұнатады, қажет етеді. Серуенде әңгімелесіп, жаңа сөздерді бірнеше рет қайталаңыз. Балаға айтқан сөздеріңіз анық болсын. Сөйлемдерді де анық, дұрыс айтыңыз. Балаға сюжеттік ойындар ойнатыңыз. Мысалы, «Дүкен», «Шаштараз», «Дәрігер», «Балабақша» секілді. Кітаптағы суреттер арқылы әңгіме жүргізіңіз, баланың өзінен сұраңыз. Фотоальбомдағы суреттер бойынша әңгімелесіңіз. Жеңіл тақпақтарды жаттатып, мәнерлеп айтқызыңыз. Тұтықпасы бар балаларға тыныс алу жаттығулары, ән айтқызу және жаңылтпаштар жаттату жақсы нәтиже береді. Өз сөйлеуіңізді тым қарапайым түрде жасамаңыз, ақырын күрделендіріп, ересек адамдардың сөйлегені сияқты сөйлесіңіз. Осындай жай түрдегі кеңестерге сүйеніп отырсаңыз, баланың ойлау қабілеті, тілі, жалпы дамуы жақсы болады және үлкен нәтижеге жетесіздер.
«Бөтелкелі» бала болбыр
Көптің көкейіндегі «Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады?» деген сауалға әркім әр түрлі жауап қатады. Бес баланы өмірге әкелген ана Анар Әуесова бұның бір себебі – бөтелке деген ойда.
– Бүлдіршіндер «бөтелкелі» өмір салтын ұзақ ұстанғандықтан, «кеш сөйлейтін» секілді. Өз тәжірибемде болды. Үлкен қызым үш жасында да шайды, сүтті бөтелкемен ғана ішетін. Күні-түні бөтелкесін құшақтап жүретін. Бір күні үйге туыс апаймыз келген. Сол кісі: «Мынау бала әлі бөтелкемен ішеді ме? Ау, ертең тілі шықпай қалады ғой» дегенінде шошып кеттім. Содан кейін сұйықтықтың бәрін кесеге құйып беретін болдым. Бастапқыда бөтелкені іздеп жылағаны рас. Дегенмен бірте-бірте үйренді. Шынында да сөздер айтып, ақырындап сөйлеп бастады. Алайда сол апайымыздан не себепті «бөтелкелі» баланың тілі кеш шығатынын сұрамаппын, – дейді ол.
Ал, алпысты алқымдаған Ақторғын әже қазіргі кезде «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын үлкендер бала-шағаға тастамайтынын айтады. Бұрынғылар бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын деп солай істейтін көрінеді. Қазір жілік мүжімек түгіл ет шайнаудың өзі шет құбылыс болып тұрғандай. Байқасаңыз көп бала ет жегісі келмейді. Шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан, тіл дамуы тежеледі. Сонымен қатар дәм сезгіш қасиеті бұзылады үнемі сорудың арқасында тіл ұшындағы дәм сезу аймағы әлсірейді екен. 
– Көп келін ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін болды. Емізулі баласына да көңіл бөлуге қолы тимей, телефонға үңілетіндерді көз көріп жүр. Жыласа, аузына емізікті тыға қояды. Сосын қай баланың тілі дұрыс шықсын? Сақау, кекеш баланы өзіміз қолдан осылай жасап алып жатырмыз. Біз 10 баланы ешқандай емізіксіз-ақ өсірдік. Қазір келіндерімнің көбі баласын жасанды сүтпен тамақтандырады. Ана сүтін еміркеніп ембегеннен кейін, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие, тіл, дәстүр балаға қалай берілсін? – деп қынжылды Ақторғын әже.
Емізік мәселесіне келгенде мамандардың пікірі екіге жарылады. Бірі нәресте қолын сорғанша, емізік сорғанын құп көреді. Келесі бір топ емізік аузын толтырып қана қоймай, миына да салмақ түсіреді деген тұжырымда. 
Ұрып-соғу ушықтырады
Ата-аналарға балаларының тілі ерте шығып, сөйлеу қабілеті дұрыс жетілуі үшін логопед маман берген бірнеше кеңеспен бөліссек. Ең бірінші, бесік жыры баланың есту қабілетін, түйсігін дамытады. Бала естіген дыбысына еліктеп, соны қайталайды. Бесік жырының басты ерекшелігі – онда жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң-үнді дыбыстардың барлық түрі қамтылған. Тиісінше, әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Бұл баланың кейін кей дыбыс түрлерін дұрыс айта алмауының алдын алады. Сондай-ақ, баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады. Екіншіден, баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін. Үшіншіден, жастан асқанша ана омырауын емуден шектемеу қажет. Ана сүтін емген бала тез қуаттанады және баланың ауыз қуысындағы бұлшықеттер тез әрі жақсы дамиды. Төртіншіде, баланы ұрып-соғудан мүлдем аулақ болу керек. Бұл психикалық ауытқуларға әкеледі. Ал психикалық ақауы бар балалардың әдетте тұйықталып, сөйлеу дағдысы бұзылатыны белгілі.Балаларға сүйек немесе құрт мүжітуді әдетке айналдыру керек. Анасының омырауын ему кезінде әбден жаттыққан балалардың ауыз қуысындағы бұлшықеттері қалыпты тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін аздап әлсірейді. Ал бұлшықеттің жақсы жетілуі сөйлеуге тікелей әсер ететіндіктен, оны жаттықтырып тұру қажет. Бұл ретте сүйек мүжу не құрт жеу, тіске зиян келтірмейтін өзге де кепкен жеміс-жидектерді жеу, қатты тамақ өнімдерін шайнау өте пайдалы.
«Қылғындырудың» құдіреті
Жоғарыда айтқанымыздай қазір ғылымның көптеген əдіс-тəсілдерін пайдалана отырып, баланың жасына сай сөйлеу мүмкіндігін арттырудың бірнеш тәсілдері бар. Мамандар да жеткілікті. Ал, ілім-білім жолға түспеген ықылым замандарда ата-бабаларымыз ұрпақтар арасындағы кездескен бұл кемшілікті өз беттерінше жоюға тырысқан. Ертеден келе жатқан «Өңешпен қылғындыру» деген ырымды біреуіңіз естісеңіз, енді біріңіз таң қалып отырған боларсыз. Бұл жоралғыны көнекөз қазыналы қарттар біледі. Дегенмен қолданатындар қатары көп дей алмаймыз.
Өткенде бір әңгіме естіп таңырқағаным рас. Ауылдағы Сейілхан ағаның немересі үштен асса да «атадан» басқаны айтпай, керегін ым-жыммен көрсететін көрінеді. Ұлы мен келіні қалаға әкеліп, арнайы мамандардың көмегіне жүгінуге бел буыпты. Алайда Сейілхан аға ескіден қалған есті әдісті қолдануға кеңес береді. Келіні «қылқындыру» дегенді қате түсінсе керек бастапқыда шошып кетіп, атасына ренішін білдіріпті. Мәселенің мән-жайын толық түсінген соң ғана рәсімді орындауға разылық танытады. Бала қазір бірнеше сөзді емін-еркін айтып жүр екен. Таң қалмай көр.
– Иә, дана халқымыздың осыншама тапқырлығы мен данышпандығына бас имеске болмайды. Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апараып, қой сойып, соның ішегімен буындырады. Бұны өңешпен қылқындыру деп атаған. Әр нәрсенің өз орны бар. Ғылымның жолы өз алдына бір төбе болса, ырым-тыйымның да тығырықтан шығаратын кезі болады, – дейді оқырман Сәбит Нағыметов.
PS:Сайып келгенде балалардағы тіл мүкістігін түзету тек біржақты процесс емес. Бұл ата-ана, тәрбиеші және логопед арасындағы тығыз байланыспен жүзеге асырылады. Бал тілді балапандардың жарқын болашағы үшін тіліндегі түсініксіздікті тежеуге бүгінен талпыну басты талап.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
16 шілде 2022 ж. 457 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031