Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға барсаң, сақ бол

Суға барсаң, сақ бол

Қазалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі А.Қалиевтің айтуынша, 2022 жылғы 8 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі су айдындарында жыл басынан бері 121 адам қаза болған, оның 45-і балғындар. Облыс аумағында жыл басынан суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде 21 адам көз жұмса, оның 7-і бала. Ал ауданда 4-і келместің кемесінен орын тапқан болса, оның екеуі бүлдіршіндер екен. Сенейін бе, сенбейін бе? Бұл масқара ғой. Неге мұндай көрсеткіш жыл сайын артып келеді? Әлде жауаптылар қажетті шараны қолға алмай ма?
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта ішкі істер бөлімі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түрлі іс-шара атқарып келеді. Бірақ нәтиже шамалы. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы мұның бәрі немқұрайлылық пен жауапсыздықтың салдарынан болатынын айтады.
Жалпы төтенше жағдайлардың түрі бойынша адамдардың судағы қазасы бірінші орында тұр екен. Жергілікті жердегі су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайлар орын алуда. Оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымы басталды дегеннен судағы адам қазасының көбеюі өзекті мәселе болып отырған көрінеді.
– Негізі суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Атап айтсақ, оған бірінші себеп, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсуі. Ал екіншісі, спирттік ішімдік ішіп суға шомылуы. Сондай-ақ ата-ананың бақылаусыз қалдырған балалардың су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жыл басынан азаматтардың судағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Аудандық білім бөлімімен «Балалардың судағы қауіпсіздігі» тақырыбында бекітілген жоспарға сәйкес, білім бөлімі тарапынан оқушылардың ата аналарымен кездесу ұйымдастырып үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жергілікті баспасөз бетінен 12 мақала, «Open Kazaly» және лед экраннан 4 түрлі видеосюжет орналастырылып және 2 мәрте брифинг өткізілді, – дейді бөлім басшысы.
Рас. Түсіндірме жұмыстары тоқтаған емес. Бірақ неге бөлім тарапынан судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, тұрғындардың белгіленбеген жерлеріне суға шомылу жағдайлары азаймай отыр? Бұлай болмайды. Енді қайтпек керек?
Иә, адамдардың суға кетіп қайтыс болуының басты себебі – рұқсат етілмеген жерге түсу. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережеде «тек жабдықталған орындарда суға шомылуға болады» делінген. Ал бізде жабдықталған орындар жоқ. Мұның барлығы аудан тұрғындары мен қонақтары үшін суға түсуге қауіпсіз орындардың жоқтығынан туындаған мәселе. Күннің аптап ыстығында суға түскісі келетін адамдар ауданда арнайы шомылатын орын болмағандықтан рұқсат етілмеген жерлерге кетеді. Апат айтып келмейді десек, соның арты адам шығынына ұласады. Бұл мәселенің жуық арада шешімін табу қажет.
Отбасындағы баланың қауіпсіздігі әке-шешесінде екені рас. Осындай қайғылы жайттардың көбеюіне әлеуметтік жағдай да әсер ететін секілді. Күнкөріс қамымен жүрген ата-ана балаларына қарауға мүмкіндігі болмай жататын жайттарды да ескерген жөн болар.
Бала – біздің келешегіміз. Айдың күннің аманында судан келіп жатқан балалардың өлімі ойлантады. Тек ойлантып қана қоймай, нақты іс-әрекетке итермелеуі қажет шығар. Обалы не керек, әр суға шомылу маусымы басталар тұста қауіпсіздік мәселелеріне қатысты түрлі хабарландырулар жарияланып, ескертпелер айтылып, сақтық шаралары қолға алынып жатады. Бірақ суға кету оқиғалары жыл сайын аз тіркеліп отырған жоқ. Нәтиже тым төмен. Бәлкім әлі де болса, құтқарушы мамандардың санын арттырып, судағы қауіпсіздік шараларының қатаңдығын тексергеніміз жөн шығар.
Айтпақшы, Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алтынбек Қалиев аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа баянадама жасағанда ұсыныс қылып: «Суға шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық жағажайларды ашуға және балалардың қаза болуының алдын алу, жүзу даярлығын үйрету, тегін шомылуға мүмкіндік беру үшін модульдік-қаңқалы бассейндерді сатып алуға ықпал жасауыңызды сұраймын» деген еді. Енді мұның қаншалықты іске асатынын алдағы күннің еншісіне қалдырдық. Бастысы, шешімі табылмай қалмаса болғаны. Әйтпесе күннен-күнге «суға кетіпті» дегенді ести береріміз анық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
12 шілде 2022 ж. 511 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930