Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыздың алдында тізе бүккенің қалай?

Қыздың алдында тізе бүккенің қалай?

Біреудің алдында тізе бүгу қай заманда болсын бағыныштылықтың, мойынсұну мен жеңілістің іс-әрекеті ретінде қаралған. Ертеректегі қазақ жігіттері жауының немесе басқа біреудің алдында тізерлеуді өлімге теңеген. Ал бұл әрекет Құдайға арналып жасалса, күллі әлемнің билеушісі, адамзаттың жаратушысына деген құлшылығының көрінісі еді. Сол сияқты бір ұлтты ұйыстырып, береке-бірлігіне ұйытқы болып отырған билеуші-ханы алдында тізе бүгіп, басын игені – елі үшін құрбан болатындығын әспеттеген. Ал басқа жағдайда еркек басын тізесімен теңестіру қорлықтан басқа ештеңе емес еді. Бұл – сапалы қазақтың сипаты. Қазіргі жігіттер кімнің алдында төменнен қарайды?
Адам бойындағы қасиеттер мен рухани құндылықтары өзгеріске ұшыраған бұл күнде қыз алдында тізерлеп тұрып ұсыныс жасау сәнге айналғаны рас. Ғаламтор желісінде өмірлік жар болуға ұсыныс жасаған жігіттердің неше түрлі қиялындағы видеороликтері көпшіліктің қошеметіне бөленіп, ішінара сөгіс алып жатыр. Иә, қазақ ұлты үшін сезім мен кіршіксіз ақ махаббат өте жоғары бағаланады. Отбасылы өмірге дайындалып жүрген бойжеткендер де бүгінгі күннің «стандарт» ұсынысын асыға күтетіні жасырын емес. Сондай-ақ, ұрлық қылған қол сұғанақ болатынындай, бір рет қыз билігіне бас ұрған жігіт жау алдында қасқайып қарсы тұрады дегенге де сену қиын. Дей тұрғанмен аудан жастарының пікірлеріне де құлақ түріп көрейік.
Бақытжан, 22 жаста: «Тізерлеп отыру – жалыну, кешірім тілеу, бас ие отырып, сенің құлың болайын дегенді білдіреді. Барлық тарихи фильмдерде тек лауазымы төмен адам ғана тізерлеп отырады. Жеңілуді де «тізе бүкті» деген тіркеспен сипаттайды. Сонда мен келешек жарымның құлы болғысы келеді дейсіз бе? Қысқасы, менің жауабым – жоқ.
Аяулым, 19 жаста: Өмірімде бір-ақ рет болатын мұндай сәтте барлығы қиялымдағыдай болғанын қалар едім. Бізді айнала қоршаған адамдар, әсем-сазды әуен, сан-түрлі жарықшамдар мен шарлар, тізерлеп отырып қолыма жүзік салып жатқан сүйіктім: мұның барлығын жүрегімді сұрайтын адам жасауы керек. Елестетсем денем тітіркеніп кетеді. Керемет емес пе?
Ұлдай, 25 жаста: Менің ойымша, кез келген көзі ашық, көкірегі ояу қазақ қызы болашақ күйеуінің мықты, ер мінезді мысы басым азамат болғанын қалайды. Алда-жалда қателіктер жасап немесе өзіне қауіп төнген кезде ерінің жайбарақат қалмайтынын сезгісі келеді. Ал мұндай еркектер өз қабырғасынан жаратылған әйел затының алдында тізе бүкпейді деп ойлаймын.
Қарлығаш, 28 жаста: Шын ғашықтарға ұсыныстың қалай жасалғаны маңызды емес. Бастысы, бұл жерде тек зейін ғой. Адамдар өздерін бір сәт бақытты сезінгісі келеді де осындай алдамшы сәттерді ойдан шығарып алады.
Азамат, 20 жаста: Достарымның осылай ұсыныс жасағанын көргенде өзімді қоярға жер таппаймын. Айтсам түсінбейді. Дүниеге әкелген анасының алдында сый-құрметін көрсетпеген жігіт қалай ғана қыздың алдында тізерлеп отырады? Мысалы мен жүретін қызыма ұсыныс жасайтын болсам, кәдімгідей-ақ сақинасы мен гүлін беремін. Артық ештеңе емес. Ол да мұндай әрекеттерді жақтырмайтынын айтқан.
Батыс елдерінен бастау алған «I said yes» бастамасы қазір елімізде кеңінен таралған. Мінезі өр, еркек атауын елін қорғайтын азамат деп таныған қазақ жігіттерінің бүгінде тізесі жер иіскеп жүр. Шынтуайтына келгенде, бұл әрекеттер қыз көңілін қалдырғысы келмегендіктен жасалынады. «Ақыры өмір бойы менің жанымда болып, ыстығы мен суығын бір көретін қыз ғой. Бір рет жанын жадыратар дүние жасайын» деген жігіттік ой оның намысын таптап, өмір бойы тізеге отырғызатынын қайдан білсін? Ал еркелігін жеңер есі бар қыз еркегін мұндай әрекеттерге итермелемесе керек. Себебі, жарын патшасындай сыйлаған әйел, келешек ұлы – ханзада, қызы – ханшайым болып есейетінін біледі. Мұндай қыздарымыз да жоқ емес.
Мәселен, желі белсендісі Гүлжаз Ертасова тойда болған осындай көрініс жайында: «Жігіттер, сауыт киіп, атқа қонып, найза асынбасаңдар да, биік намыстарыңды сақтаңдаршы! Қатынсыз қалсаңдар да, қыз алдында тізерлемеулеріңді өтініп сұраймын! Сенсеңдер, сырт көзге сондай жиіркенішті көрініс!
Есті қыз тізерлеген, еліктеген жігітті намысты ерге санамасы, ұсынысын қабылдамасы анық», – дейді. Өте қатты айтты десек те, бұл пікірде шындықтан бөтен иіс сезілмейді.
Шынында жүрегі қалап, көңілі қоштап тұрған нәзік жанды ару сенің бір тал раушан гүлің мен күміс жүзігіңнен-ақ махаббатыңның мансабы жоғары екенін ұғынар. Бұл топтағы қыздармен бақытты болашақты елес¬тетуге болатын секілді. Ал қайталанбас романтиканы саныңызға ымдап түсіндірумен болатындары да бар. Мұндай қыздар түбінде төбеңізден қарайды. Бірақ, болашағыңызды болжамай-ақ қояйық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
24 сәуір 2018 ж. 2 485 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 66

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 59

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930