Құпияға толы қуыршақ
Жалпы адам баласы қызық әрі тылсым жаратылыс. Бір ғана қимастықтың өзі өте ауыр сезім. Бірі қимастықтан о дүниелік болған жақындарының рухын әлі күнге дейін көрсе, енді бірі сол жанды еске салатын заты арқылы байланысып та жүр. Осы тұста назарларыңызға Жапон мемлекеті қалаларының бірінде орын алған оқиғаны ұсынамыз.
Хоккайдо аралында тұратын жапондық 17 жасар Сузуки есімді жігіт қарындасына қуыршақ сатып алады. Қарындасы Окику қуыршақты ұнатқаны соншалық, оны үнемі өзімен бірге алып жүріп, оған адамға қарағандай қарап, қамқор болады. Кейіннен кішкентай қыз тіпті қуыршақты өз атымен Окику деп атай бастайды. Қыздарының қуыршаққа деген махаббатын байқаған отбасы да оған адам ретінде қарауды әдетке айналдырады. Арада жыл өткенде кішкентай Окику аяқ асты қатты сырқаттанып көз жұмады. Содан ата-анасы Окикудың өмірден өткеніне бой ұсына алмай, қуыршақты қызына балайды. Тіпті оған мұңын шағып, қызына айтқысы келгендерін қуыршаққа айтады.
Қуыршақтың шашы дәл қыздарының шаш ұзындығына дейін жетіп қалады. Анасы қайшымен қиып тастаса да, қайта өсе береді. Отбасы қызының рухы қуыршақтың денесіне кіріп алған деп ойлап, одан әрі қуыршаққа бар сүйіспеншілігі мен махаббатын арнауды жалғастырады.
Отызыншы жылдардың соңында Сузуки отбасы Сахалиннен көшуді ұйғарады. Олар Окикудың бұл жерден басқа ешқайда шығып көрмегеніне алаңдап, қуыршақты сол жердегі ғибадатханаға тастап кетуге бел буады. Ондағы монах қуыршақ жайлы барлық ақпаратқа көзін жеткізіп, оның шашы өсетінін де байқап, қуыршақты ғибадатханаға қабыл алады.
Бүгінгі күнге дейін қуыршақ және оның аңызын естіген жұртшылық бұл жерге көптеп келеді. Тіпті кейіннен бұл ғибадатхана атақты туристік жерге айналып, келген адам оның шаштарының өсу процессін тамашалайды. Десе де қуыршаққа қарау кейбір адамдарға өте қорқынышты болады екен.
Дін зерттеушілері бұл процессті отбасы қыз қимаған соң, оның жанын екі әлем ортасында алып қалған деп түсіндіреді.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА