Қызықтырған қуыршақтан қауіп көп
«Үлкенім мультсериялдағы ханшайымдар бейнеленген бұйымдарды көп алатын, кіші қызымды олар мүлде қызықтырмайды. Біздің үйдің бір бөлмесі қазір «Лолдікі», – деп күлді әріптесім. Мектеп жасына дейінгі бірнеше қыз бала өсіріп отырған келіншектердің әңгімесі бір арнаға тоғыса кетті. Расында ай сайын айлық жалақыдан алатын бір затымыз «L.O.L» брендінің өнімдері. Ойыншық, қол сөмке, ыдыс-аяқ, тәттілер, киім дейсіз бе, бәрінде біз айтып отырған қуыршақ бейнесі молынан көрініс тапқан. Бұл бүгінгі бүлдіршіндер таңдауы. Солардың талғамы мен өмір ырғағына ілесеміз деп жүріп, кейбір жайларды бажайлап, кішкентайларды қызықтырған қуыршақтардан қауіп көбін ескеріп жүрміз бе?
Сауда қатарынан «Барбиді» ығыстырған қысқа бойлы «Лолды» балалардың барлығы біледі, қатты жақсы көреді. Түр-әлпеті сүйкімді, тостақандай көзі, шүртиген ерні, көрінер-көрінбес мұрны бар, бәкене бойлы қуыршақты бірде алыс қалада тұратын туыстарымыз сыйға алып келгенде екіжарым жасар қызымның қуанған кейпі әлі көз алдымда. Кішкентай қорапшаға ұқсас заттың ішін ашқанда қуыршақтың резеңке киімі, тарағы, және емізігі болды. Біздің «Лолмен» таныстығымыз осылай басталды. Қызым ойнамай кеткенге, оны ұмытты десем, қателескен екенмін, сауда орындарына барған сайын шұлықтан бастап, сыртқы киімге дейін осы қуыршақтың суреті барын алдырады. Жақында кішкентайым туған күніне оның топтамасын алып беруімді өтінді. Ұялы телефонды қолға алып, тапсырыс бермек болып едім, жүзге жуық түрі барын естіп таң-тамаша болдым.
Өзін Қазақстандағы таңдаулы балалар ойыншығын сататын желілік дүкендер менеджері деп таныстырған Анастасия есімді кеңесшіден өнімі туралы сұрағанымда:
«Біз Қазақстанмен бірге алыс-жақын шетелдерден тапсырыс қабылдап отырған ұжымбыз. Дұрыс таңдау жасағаныңызға қуаныштымыз. Сіз айтып отырған «Лол» қуыршағы қазір әлемдік сұранысқа ие тауардың бірегейі. Жоғары сапалы материалдардан жасалған, сертификатталған. Балалар үшін қауіпсіз, үшкірлігі, иісі жоқ. Бояуы жұқпайды. Маман ретінде айтарым, таңдауыңыз өте орынды. Топтаманы ала отырып, бүлдіршініңізді ерекше қуанышқа кенелте аласыз», – деді.
Бағасының 4999-25990 теңге аралығында тұратынын айтты. Сондай-ақ 8 наурыз мерекесіне орай акцияға ілінген болсақ, жеткізіп беруде жеңілдік болатынын да ескертті. Жүректі жаулаған қуыршақты базардан да кезіктірдік. 2000 теңгеден басталатын мұндағы ойыншық, сатушының айтуынша, сұраныстан түспеген. Қанша әкелсе де, қалдық қалмай тұрған қуыршаққа олар дән разы. «Мұның зияны жоқ па?» деген сауалыма бірі жауап бере алмайтынын айтса, екіншісі өз баларының “Лолдың” бірнешеуімен ойнаса да, денсаулығында кінәрат жоғын жеткізді. Сөзін тауарын жарнамалық мақсатта, әлде мақтан үшін айтқанын түсіне алмадық.
Осы мәселеге ¬байланысты аудандағы сараптама жұмысымен айналысатын эпидемиолог санитарларға жолыққанымызда олардың бұл шаруамен тікелей айналыспайтындары туралы хабардар болдық. Алайда сұрауымызға орай «Лол» да кедендік одақтың техникалық регламентінің талаптарына сай еместігін, құрамында стирол және формальдегидтің шектен тыс мөлшері анықталғанын алға тартты. Дәрігер Күмісай Қамысбайқызынан ойыншықтар құрамындағы кездесетін жоғарыда аты аталған зиянды қоспалардан бөлек фенол формальдегиды, изопропил, пропил спиртінің аллергияны асқындырып, иммундық жүйесін әлсірететінін білдік.
Дәрігер дабыл қағатындай себеп бар. Осыдан екі жыл бұрын Өскеменде көз жұмған өрімдей қыздың өлімін ақ халаттылар осы қуыршақпен байланыстырған болатын. Бұл оқиға көптің санасынан әлі көмескіленген жоқ. Сол тұста Солтүстік өңірдегі мамандар «Лол» қуыршақтарынбалаларға беруге болмайтынын тексеріс қорытындысымен растап, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу комитетіне мәлімдеме берген. Өнім үшін берілген сертификаттар күші жойылып, Ресейдің аккредитация жөніндегі федералдық қызметіне ескертілгенімен, сатылымнан әлі түсер емес. Аспанасты елі бір ғана ойыншық экспортының өзінен жылына қыруар қаржы тауып отыр. Бүгінде Қытайдың «YiliHansonTradeLogisticsCo.,Ltd» компаниясы өндіретін өнімнен бас тартқан елдер бар.
P.S.Ойыншық – балғындарды жан-жақты тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтуге көмектесетін, талғампаздыққа тәрбиелейтін, өмірге ынталандыратын таптырмас құрал. Ғылыми-техникалық үдеріс қарқын алған кезеңде оларды бұл қызығушылықтарынан ажырату мүлде мүмкін емес. Әрбір ересек адам ұрпағының уақыт талабына сай зерделі, ой-өрісі дамыған, бәсекеге қабілетті болуын қалағандықтан, бұл қадамға сөзсіз барады. Ал осы жолда сәбилерге аз ғана сәттік қызық сыйлаймыз деп, олардың санасы мен саулығына салмақ салып жатқанымызды қаперде ұстап жүрміз бе? Бұны баласының болашағын байыптаған әрбір ата-ана бүгіннен ¬бастап қолға алуы тиіс.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА