Мәңгілік шырқар жырымсың
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі жанындағы Ғани алаңында Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы, Шығыстың жарық жұлдызы атанған тұғырлы тұлғаның туған күніне орай «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы өтті. Шараға жиналғандар алдымен оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Шығыстың жарық жұлдызы» тақырыбындағы көрмемен танысты.
Мүшәйрада жас ақындар Ғани Мұратбаевтың өнегеге толы өмір жолы мен адами болмысын, еліне еткен елеулі еңбегін жырларына арқау етті. Соңына өшпес із қалдырған, бір туар перзент есімін мәңгі есте қалдыру, өнегелі өмірін жастарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға жиырмаға жуық жас ақын қатысты.
Кеш «Жас ғанитанушылар» үйірмесі мүшелерінің орындауындағы «Тойбастар» биімен ашылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Жолтаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі. Сонымен бірге бұрынғы комсомол қызметкері Б.Кәшімов, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының иегері Д.Садақбаев, музей жанындағы «Өнеге» бірлестігі төрағасының орынбасары Ө.Күлімбетов Ғани туралы естеліктерімен бөлісті.
Әділқазылар шешімімен Әлихан Махашев бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын Диас Нұрлыбекке бұйырса, Жаннұр Әби мен Нұрила Бөкебай екінші орын иеленді. Аяулым Өмірзақ пен Ақбота Тағыберген үшінші орынға лайық деп танылды.
Шара соңында №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Ғани кубогы үшін мекемелер арасында дәстүрлі кіші футболдан өткен жарыстың жеңімпаздары марапатталды. Спорттық шарада бірінші орынды Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері жеңіп алса, екінші орын Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің футбол командасына бұйырды. Үшінші орын тұғырына Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің спортшылары көтерілді. Сондай-ақ Ғ.Жақсылық «Үздік қақпашы», Ә.Бекқожа «Үздік шабуылшы», Б.Жанмырза «Үздік ойыншы», М.Ізімбетов «Үздік қорғаушы» бағамдарына ие болды.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ