Қазақстан бірнеше елмен сауда көлемін арттырды
Қазақстан кәсіпорындары Иран, Қытай, Вьетнам және Мысыр елдерімен сауда-саттық көлемін арттырды. Бұл туралы Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бішкекте өтіп жатқан бірінші Еуразия экономикалық форумға қатысқан қауымдастық басшысы алдымен, соңғы екі жылдың халықаралық саудаға ауыр тигенін атап өтті. Оның айтуынша, пандемия және әлемдегі геосаяси жағдай Қазақстанның сыртқы сауда белсенділігіне әсерін тигізді.
«Қытай тарапынан шектеу шаралары біздің еліміз үшін үлкен кедергі болды. 2020 жылдан бастап Қазақстан Үкіметі өткізу бекеттерінің жұмысын жақсарту үшін Қытай тарапымен диалог жүргізді. Қазір көптеген кәсіпорын қосымша өткізу нарықтарын Иран, Қытай, Вьетнам және Мысыр арқылы қарастырып жатыр. Аталған елдер Қазақстанды да экспорт мүмкіндіктерін дамыту үшін әлеуетті серіктес ретінде қарастырып отыр. Соңғы екі жылда дәл осы елдермен жаңа піскен және кептірілген жеміс пен көкөніс өнімдеріне, мұздатылған және салқындатылған ет пен тамақ өнімдерінің барлық ассортиментіне қатысты сауданың өсуі байқалады», деді Айжан Наурызғалиева Еуразия экономикалық форумда.
Сондай-ақ қауымдастық басшысы Қазақстанда қант қызылшасының сорттарын аудандастыру бағытында қазақстандық және ресейлік ғалымдардың бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Спикердің мәлімдеуінше, Ресей Федерациясымен экономикалық байланыстардың кеңеюіне қарамастан, қазіргі уақытта жеткізу уақыты ұзартылды. Айта кетейік, бүгін Бішкекте бірінші Еуразия экономикалық форум өтіп жатыр. Аталған шараға Қазақстан атынан бір топ делегация барды.