Балаға қаншалықты қамқормыз?
Әлеуметтік желі әлем-жәлем. Телеарналар мен газеттер, сайттар 11 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында болған оқыс оқиға туралы жарыса ақпарат таратып жатыр. Оқиға былай өрбіген. Елордадағы көп қабатты пәтерлердің бірінде 8 қабаттың балконында ілініп тұрған 3 жасар бөбекті қос қызылордалық азамат жұмысқа кетіп бара жатып кенет көріп қалған. Сағи мен Сабит есімді азаматтар әлгі бала ілінулі тұрған балконның төменгі қабатынан шығып, ешқандай қорғаныш құралынсыз, көзсіз ерлікке барып, форточкадан шығып, балконның жақтауынан 20 минуттай салбырап тұрған бүлдіршінді қағып алған. Бұл жөнінде оқиғаның басты кейіпкері Сәбит Шонтақбаев: «Таңғы сағат 10:00-дің шамасында Самал-2 көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерден шығып, жұмысқа бара жатқан едік. Біз тұрған үйдің 6 кіреберісінде кішкентай баланың жылап жатқан даусына елеңдеп біраз халық тұр екен. Содан біз кішкентай баланы аман сақтап қалудың амалын қарастырып, көмектестік» дейді.
Сол сәтте видеоға түсіп қалған сюжет әп-сәтте қаладан-қала, елден-ел шарлап, жігіттерді бір сәтте көпке мәшһүр етті. Ел астанасына жұмыс істеуге барған қос қызылордалық азаматтың ерлігіне сүйсінген көпшілік түрлі ақпараттық ресурстарда алғыстарын білдіріп жатыр.
Иә, «Ерлік – елге өнеге». Екі отбасының тіректерінің көзсіз ерлігі ескеріліп, отандық құрылыс компаниялары Сәбитке үш, Сағиға екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Әрине, еңбек ескерілгені орынды. Жұрт намысын оятып, айналаға бейтарап көзқараста қалмау – азаматтық парыз. Бірақ оң, солын танымайтын баланы жалғыз қалдыру қаншалықты дұрыс? Соңғы жылдары өрт ішінде, суға батып, қаскөйлердің қолынан қаза тауып, жоғары қабаттардан құлап кетіп жатқан бүлдіршіндерге қатысты оқыс оқиғалар тым жиілеп кеткен жоқ па? Жалпы бала құқын қорғайтын заң, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі қаншалықты жүзеге асуда?
Бұл жөнінде түрлі қоғам өкілдерінің пікіріне де құлақ түріп көрген едік.
Белгілі журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрбек Әмиша:
– Үш жасар бөпе екен. Неге терезе ашық тұр? Ол неге салбырап тұр? Оны ата-анасы неге қараусыз қалдырды? Неге "бала қорғау" құрылғысы орнатылмаған? Ата-ананың моралдық және заңдық жауапкершілігі қайда? Сол күні үйде кім болды немесе болмады?
Зерттеушілер осы оқиғаны негізгі обьектив қылып, мәселені әр қырынан зерттеп тастаса тіпті жақсы. Бірақ біз тек сол күнгі эмоциямен, құтқарушыны құрметтеу дүрмегімен ғана шектелеміз.
Мысалы, Американың Чикаго қаласында терезеден құлаған сәбилер туралы ғылыми мақаланы оқыдым. Зерттеушілер 1995-2002 жыл аралығындағы болған осындай оқиғаларды талдапты травматология орталығымен бірлесіп. Демографиялық өсім, құлаудың себептері және бүлдіршіндердің қандай жарақат алғанын тәптіштеп тексеріпті.
Нәтижесі мынадай: осы уақыт аралығында әртүрлі себеппен терезеден құлаған 90 баланың 55-і – ер бала. Балалардың 98 проценті 3-ші және одан төменгі қабаттан құлаған (құрылыс сипатына орай біздің елде басқаша болуы мүмкін). Көбінің басы жарылған. Үшеуі қайтыс болған. Терезеден ауып түскендердің орташа жасы – 2 жас екен.
Зерттеу нәтижесінде 23 процентінде терезе маңында керует пен төсек орналасқан. Ата-аналардың айтуынша, 53 процентінде ата-аналар бала құлаған кезде үйде болған, 13 процентінде балаға бұл үйде тұрмайтын жасөспірімдер қарап отырған, 2 процентінде туыс-туған, баланың аға-тәтесі болған. 1 проценті бақылаусыздықтан құласа, 31 процентінде үйде кім болғаны құжатталмапты.
Мәселеге бей-жай қарай алмаған белсенділер Нью Йоркте Children Can’t Fly (Балалар ұша алмайды) деген ұйым да ашып тастаған ғой. Олар терезеге қағатын темір тор таратып, балаларды қалай қорғау керектігі жөнінде айтып берген. Сол арқылы ереже шығарылып, Чикаго әкімдері пәтер иелеріне терезеге бала қорайтын құрылғы орнатуға үндеген халықты. Соның арқасында бұндай оқиға 96,3 процентке қысқарған.
Бір ғана мысалдан тоқсан тоқсан түрлі түйін жасауға болады.
Заң жағынан алсақ, ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 70-бабы бойынша ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi. Осындай құқықтық міндетіміз бар екенін де ұмытпасақ деймін, – дейді.
Ал белгілі адвокат Сейфулла Шыңғыс:
– Оқыс оқиғаны бәріміз көрдік. Жігіттердің ерлігі құрметке лайық. Осы жағдайға байланысты көпшіліктің көкейінде «Баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылады ма?» деген сұрақ бар. Әсіресе – қылмыстық жауапкершілік. Жалпы статистика бойынша баланың 80 проценті ата-аналардың жауапсыздығынан қайтыс болады екен. 70 проценті үйде оқыс жарақат алады. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде «Қауіпті жағдайда қалдыру», «Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін тиісінше орындамау» деген екі бап бар. 119,141-баптар. Алайда қылмыстық кодекстің бұл баптары бойынша ата-ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту мүлдем мүмкін емес. 119-бап бойынша қылмыстық жауапкершілік егер ата-анасы баланы оның денсаулығы мен өміріне қауіпті жағдайда қалдырып кетсе туындайды. Мысалы, анасы жаңа туған сәбиді көшеге қалдырып кетсе, болмаса жаздыгүні баланы автокөліктің ішіне қамап кетсе бала тұншығып мерт болуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 141-ші бабы бойынша медбике, тәрбиеші, мұғалім секілді арнайы субьектілер тартылады. Ата-аналар бұл бапта жауапты тұлға ретінде қарастырылмаған.Осы мәселе тұрғысынан біздің заңнамалар батыстық заңдарға қарағанда осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға қарастырылмаған. АҚШ-ты алатын болсақ, баланы 12 жасқа дейін қараусыз қалдыру – балаға дұрыс емес тәрбие беру болып табылады. Ал Германияның қылмыстық кодексі 14 жасқа дейінгі балаларды 10 минутқа дейін қараусыз қалдырғаны үшін ата-аналардың қылмыстық жауапкершілігін қарастырады. Англияда баланы қараусыз қалдыру – қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекет.
Өкінішке орай, мұндай жағдайлар елімізде жиілеп кетті. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін қатаңдату қажет деп санаймын, – деген пікірін жасырмайды.
Жалпы не болса да көз қуанышымыз, болашағымыз саналатын балаларды көзден таса етпеу баршамыздың ортақ мақсатымыз. Үрей үдеп, қауіп дендеп тұрған бүгінгі қоғам өкілі ретінде «Сақтансаң – сақтайды» дегенді есте сақтаумыз шарт.
Е.АЙДАРБЕК