Түтін мен тұз: табиғат теперіші
Көктемде көңілге қуаныш сыйлап, қайта оралатын құстай Арал теңізінің жағасы толыспай, Төретамның төбесіндегі түтін сейілмей экологиялық апат аймағындағы ахуал жайы жазылмай тұрмайды. Бұлардың ортасында дауға араша түскен сексеуілдей бұталары морт сынып, Қазалы ауданы жатыр. Теңеудің себебін сұрасаңыз, жыл өткен сайын ауданда онкологиялық дертке шалдыққандар артып, қан қысымының дәрісіне тәуелділер көбейді. Тіпті он сегізге толмаған балалардың үлесі өсім алып барады. Бұл қасіретті тоқтатудың жалғыз жолы көк аспанды көк түтіннен сүзіп, дарияның арнасын толтыру екенін жақсы білеміз. Дәл қазіргі сәт – Сырға су толып, зымыран «зынданынан» біраз уақыт шықпаған мезет. Апат аймағындағы ағайын осы көктемде табиғаттан қандай өзгеріс байқап отыр?
Көктен жауған көк сүйді
Әңгімені қыстағы қардың қоңды болғанынан бастаған жөн. Азынаған желі қара жерді қатырып, адам бетін үсіріп, құрғақ өтетін қысқы маусым биыл мал-жанға жайлы болды. Құдай қарашадан бастап қардан қыспады. Наурыз айында бүр жаратын ағаш асықпай, қардың нәрге айналғанын күтті. Көктемде жауын-шашын жанды жадыратты. Бұдан адамның көңілі ғана емес, далалықтағы жайылым, жер құнарлылығына қапаланған шаруа, тіпті дариядан көмек күтіп жатқан көлшіктердің өзі енші алды десек жарасады. Соған сай мамырдағы ауа-райы мамыражай күйде тұр.
– Еске түсіріп көріңіз, соңғы жылдары дәл осы сәтте күн сәулесі «ми қайнататындай» ыстық болды. Күндіз салқындатқыш түбінде отырып, кешке таза ауамен демаламыз деп шықсақ ауа қапырық болып тұратын. Ал қазір Алматының ауа райы көшіп келгендей күй қалдырады. Күндіз жылымық, кешкілік қоңыр салқын жанға жайлылық сыйлайтындай. Әсіресе, кенттің шеткі аумақтарында күн қайтқанда мұрынға жусан иісі келіп, ерекше сезімге бөлейді. Мұның себебін жұрт космодромдағы қозғалыстың бәсеңдегенінен көреді. Анығы, соңғы 5-10 жылдықта мұндай жайлы ауа-райы орнаған емес, – дейді кент тұрғыны Аманғали Оңдасын.
Шынында, өткен жылғы құрғақшылық жауын-шашынның қадірін терең түсіндірді. Сол жылы наурыз айында Қазалы ауданы бойынша 14,8, сәуірде 3,8, мамырдың отыз күнінде 0,4 мм ғана жаңбыр жауған. Қазгидромет РМК Қызылорда облысы бойыша филиалының инженер-метеорологы Лариса Костикованың сөзіне сенсек, бұдан кейін бұлтсыз күндер басталған.
– Жаз айларындағы ең көп жауын шашын Қазалы аумағына шілдеде 3,2 мм көлемінде түсті. Тамыз бен қараша айларының аралығында 5 мм-ге жетпеді. Тек желтоқсанда қар аралас жаңбыр 14,3 мм-ге жетті. Мұның өзі аз мөлшер екенін аңғартады, – деді метеорлог.
Биылғы сәуір айында жауын-шашын былтырғыға қарағанда екі есеге жуық көп жауды. Мамыр айының соңына дейін жұрт әлі де болса тасаттық беріп, мол жауын күтері анық.
«Байқоңырдың әсерін бақылаймыз»
Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары Байқоңыр ғарыш айлағындағы зымыран ұшыруға кедергі келтіріп отыр. Оның аймақ экологиясының жақсаруына әсері болуы мүмкін. Қоғам белсендісі, табиғат жанашыры Болат Нұрғожаев алдағы бес жыл ішінде Байқоңырдың табиғатқа әсерін анық байқауға болатынын айтады.
– 1993-1994 жылдан бері өңірде, әсіресе, Арал, Қазалы аудандарында нағыз қыс болған жоқ. Дегенмен жауын-шашын мөлшері жағынан мәселе туындамаған еді. Малшылар Қарақұм беткейінде төрт түлікті еркіне жіберіп-ақ мал басын көбейтіп жүрді. Ал кешегі қуаңшылық табиғат кеңдігінің де тоқтауы болатынын көрсетті. Қысқа жем-шөп даярлау керегін аңғартты.
Биылғы қыс пен көктемдегі жауын әсерінен Қамбаш көлдер жүйесі суға толды. Теңіз бар кездегі аумақ топырағындағы ылғал бір сәтке қайта оралғандай, экологиялық апаттан арылғандай көрінгені рас. Жердің эррозиясы жақсарды. Дарияға келген су көлемі де артты. Қазалы ауданындағы Басықара су торабына келіп түсетін судың көлемі секундына 350 текше метрге дейін жетті деп жатыр. Бұған қуану керек. Бірақ аймақта 6 бірдей су қоймасының салынуы дарияның өзін-өзі тазалауына, Көкаралдың толуына тосқауыл болады. Мұны басқарманың жауапты өкілдеріне де айттым, – дейді белсенді.
Сондай-ақ 14-15 мамыр күндері Аралда ғылыми конференцияда, Арал апаты туралы деректі фильмнің тұсаукесерінде көтерген мәселелерін тілге тиек етті. Су ғалымдарымен пікірлесе отырып, проблеманы шешуге бағытталған 6 ұсыныс айтқан.
Қоғам белсендісі ең алдымен ҚР Президенті Арал өңірі экологиялық проблемалары жөніндегі арнайы өкілі қызметін Байқоңыр жөніндегі арнайы өкіл қызметіне қосу қажет немесе арнайы Арал өңірі экологиялық проблемалары жөнінде өкіл тағайындау керек деп санайды. Сонымен бірге Қызылорда облысы аумағында су ресурстарын үнемді пайдалану, барлық шаруашылық пен аудандар арасында су үлесінде әділдік болуы үшін облыстық тұрақты комиссия құрып, қатарына технарь қоғам белсенділерін қосу керек. Аралда жиналған ғалымдар осы арқылы су тапшылығы жағдайында барды үнемдеп, егістікке де, Аралға да жеткізуге болатынын айтқан.
– Бұдан бөлек, Мырзатастағы су реттегіш құрылғы құрылысын жеделдеткен жөн. Өйткені қазір көлдер жүйесі суға толды, тіпті артық су көлдер айналасындағы жайылымды басып отыр. Ал Бұрмақұлақтың екі 100-дік шлюзі артық суды Кіші Аралға өткізе алмай тұр. Сондықтан Кіші Арал 41,3 «отметкасына» түсіп кеткен. Сондай-ақ Бейнеу-Бозой-БҚ/БЕ жолы трассаға Сексеуіл арқылы қосылуын, Оңтүстіктегі Түркістан, Жамбыл, Талдықорған облыстары, Шымкент, Алматы қалалары мен Жезқазған, Қарағанды, Маңғыстау және Атырау өңірлері бір позицияда қолдап, Үкімет пен Президентке жеткізу керек деп есептеймін, – дейді Болат Нұрқожаев.
«Аққу, шортан һәм шаян»
Кеңес үкіметі үстемдік етіп тұрған тұста одақ аумағындағы көлдер жүйесі, арналар табиғи циклмен бірін-бірі толыстырып тұрды. Ал әркім өз еншісін алып, есігіне құлып салған тұста адамзат табиғатқа қастандыққа барды. Посткеңес құрамындағы елдер ресурсты өз жерінде ұстап қалу, басқа да саяси мақсатқа қол жеткізу үшін ондаған қойма соғып, тіршілік көзінің қан тамырын байлады. Ізін ала дарияға тәуелді көрші мемлекеттер келіссөзге келгенімен, әділ бөлініс болмағаны түсінікті. Әйтпесе, бүгінгідей табиғи апат болмас еді. Дегенмен барды базар етіп әкету – парыз еді. Бұйырған суды жеткізу, оны үнемдеу әр өңірге қатаң тапсырылды. Әсіресе, етекте отырған Сыр еліне суға тәуелсіз шаруаға ден қойып, күріш көлемін кеміту міндеттелген. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының» басқарма төрайымы Лаура Маликова облыстағы экологиялық ахуал жақсарып келеді деген бос сөз екенін, суды үнемдеуге байланысты әкімдік шара қолданбай отырғанын алға тартады.
– Сырдың суын үнемсіз пайдалану экологиялық жағдайға душар етіп отырғанын алдымен айтайық. Бүгінгі күнге дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі тиісті мамандардың, облыс әкімдігі мен шаруалардың суды үнемдеу бағытында қолға алған жұмыстарын білеміз. Бірақ жоспар бірімен бірі үндеспейді. Тура Ахмет Байтұрсыновтың «Аққу, шортан Һәм шаян» мысалындағыдай жағдай. Облыс әкімдігі шаруаларға үгіт-насихат жүргізуде кенжелеп келеді. Бірнеше жыл бұрын егіс алқабының көлемін қысқарту керек еді. Көз қылып, суды көп қажет ететін егіннің үлесін азайту бағытында бірер шаруа атқарғандай болады. Диқандар бұрынғы ізбен жеке бастың қамын күйттеп, гектар-гектар дән сеуіп, соған сай су сұрап отыр. Мұндай жұмыс жоспарымен, қарқынмен қуаңшылық жағдайына қайта оралуымыз ғажап емес. Ал мұндай жағдайда экологтар немесе халық емес, шаруаларға басқа тиімді бағыт ұсынып, еліте алмаған әкімдік ғана кінәлі
P.S: Сырбойылықтар Аралдың тұзы алқымнан алса да, зымыран түтіні мен жарылған гептилдің зиянынан бір сәт құтылғанын олжа көріп отыр. Бірақ өткен жылғы қуаңшылық қайта айналып соқса, өз үйі орналасқан экологиялық аймақ одан әрі қауіптене түсе ме деп қорқады. Қазалыдағы 80 мың халықтан бөлек, көрші аудандардағы жүздеген мың жұрт өңірдегі атқамінерлер мен экологтарға үміт артып отыр. Бәрінен бұрын суды үнемдеу, төменге келетін Сырдың көлемін арттыру бағытында нақты, нәтиже беретін жоспар құрса екен дейді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ