Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Былдырлаған балақай, Безбесе тілден, алақай!

Былдырлаған балақай, Безбесе тілден, алақай!

Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді. Бұл – күллі түркінің бірлігін көздеген Мұстафа Шоқайдың сөзі. Әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, оның бір бөлігі қазіргі күні қолданыстан шығып қалған. Өйткені ғалымдардың айтуынша, өз тілінде сөйлемейтін, сол тілде білім бермейтін ұлттың ана тілі жүз жылдың айналасында ешкімге керексіз болып қалады-мыс. Соның салдарынан 14 күн сайын әлгі 6 мың тілдің біреуі ресми статусын жоғалтып, қолданушыларынан түгел айырылады деген деректер де айтылып жүр. Себебін кітаптан оқымай-ақ түсінуге болады. Мұндай тілдің иелері мақтан үшін өзге тілде сөйлеп, түптамырынан ажырап жатыр.

Орыс сыныптарына сұраныс

Қазақстанда орыс тілін оқитын мектеп оқушыларының саны 2014 жылы 800 мыңның айналасында болған. Одан кейін қазақтар үлесі артып, демографиялық өсім тұрақтала түскені белгілі. Орыстілді ұлттар Ресейге қоныс аударып, Солтүстік Қазақстанда маман тапшылығы байқалғанын да кімнен жасырамыз? Соған сәйкес, орысша білім беретін мектептер қысқарып, сыныптар жабыла бастағандай көрінді. Бірақ олай емес екен. Былтыр ғана «Azattyq Rýhy» порталы қазіргі күні елде орыс тілде білім алып жүргендер саны 1,1 миллион адамды құрайтынын хабарлады.
Статистикаға сүйенсек, балалардың көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы орыс тілді оқу орындарында білім алады. Ал ҚР Білім министрлігі елде жеті мыңға жуық мектеп жұмыс істейді деп түсіндірді. Олардың жартысынан сәл астамы тек қазақ тілінде оқытуды ұйымдастырады. Білім ошақтарының 16 проценті орыс тілінде, отыз процентке жуығы екі тілде білім береді. Стратегиялық мәдениет қорының мамандары орыс тілінде білім алғысы келетін барлық ұлт өкілдерінің, соның ішінде қазақтың да балалары көбейгенін нақты дәйекпен көрсетіп берген.
Бұған дейін Парламент Сенатының төрағасы қызметінде жүргенде Мәулен Әшімбаев қазақ жастарының қырық процентінен астамы қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сыныптан бастап орыс тілінде оқитынын айтқанда жаға ұстағанымыз рас. Соған сәйкес, елде жиырма бір мыңнан астам орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жұмыс істейтіні нақтыланып отыр.

Байқоңырдағы балалар болашағы қалай болады?

Орыс сыныптарында білім алатын оқушылар сөз болғанда алдымен Байқоңыр қаласы ойға оралады.
Бізге белгілісі, 2015 жылға дейін байқоңырлықтар таңдау болмағандықтан тек орыс мектептерінде оқи алды. Бірақ 2015 жылдан бастап бірнеше орта білім беру ұйымдары Қазақстанның құзырына көшіп, балаларды қазақ оқу бағдарламасы бойынша оқытуды бастады. Алайда «алақайлаған» жұрттың үлесі көңіл көншітпеді. Неге десеңіз, қазіргі күні Байқоңырда 77 мыңнан астам адам тұрса, оның 70 проценті – қазақ. Оқушылар үлесі он мыңға жуықтайды. Қазақстандық бес мектепте 5236 бала қазақтың оқу бағдарламасымен, тағы 4049 оқушы орыс тілінде білім беретін жеті мектепте сауат ашқан. Әрине, орысша білімді таңдаған ата-анаға заң мұндай мүмкіндікті беруі құп. Бірақ ұлттық мүдде, құндылық мұндайды кешірмейтіндей көрінетіні бар.
Біраз уақыт бұрын сенатор Мұрат Бақтиярұлы ҰБТ-ға енетін Қазақстан тарихы, қазақ тілі және қазақ әдебиеті орыс тілінде білім беретін мектептерде оқытылмайтынына алаңдаушылық танытты. Оның пікірінше, бұл тек қазақ балаларының санасына зиян келтіріп қоймай, түлектердің жоғары оқу орындарына түсуін қиындатады. Осы тұста айта кетерлік жайт, орыс мектебін бітірген Қазақстан азаматтығы бар шәкірттердің басым бөлігі жергілікті жоғары оқу орындарына оқуға түсуге ынталы емес. Себебі өзге тілде білім алғанын қалаған ата-аналар баласының болашағын Ресеймен байланыстырады.
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сенатор көтерген мәселені шешуге ұмтылыс жасағаны көптің ризашылығын тудырғаны рас. Ол бұдан былай Байқоңыр қаласындағы барлық мектептерде қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндері орыс немесе қазақ білім беру стандартымен жұмыс істеуіне қарамастан оқытылатынын айтты.
– Мәселе көптен бері түрлі дау тудырды, бірақ бұл жолы келістік. Қазақ балалары біздің мектептерде, Ресей Федерациясының мектептерінде де көптеп кездеседі. Бұл біздің балаларымыздың өз тарихын жетік меңгеруіне, қазақ тілін үйренуіне жақсы бастама болады деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейдің білім министрліктері механизмді әзірлеуге келісті. Біз өз тарапымыздан білікті ұстаздармен, оқулықтармен және оқуға қажетті материалдармен қамтамасыз етуге тырысамыз, – деген еді Г.Наушақызы.

Қазақ әкені орыс сынып несімен еліктіреді?

Баласын орыс тілде оқытатын мектепке берген ата-ананы көптеп кездестіруге болады. Бұл тұста басым бөлігінің ойы: «Үйде тегінен ажырамас үшін қазақша сөйлесеміз, ал білімді орыс тілінде алған бала алғыр болады», – деген пікірде тоғысады. Алайда елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі тенденция екі бөлек.
Түркістан облысының қазақ мектептерінде оқитын балалардың жүз проценттен асатын көрсеткіші көпшілікті таңғалдыра қоймас. Бұл аймақта өзбек, қырғыз сияқты басқа түркі тілдес, сондай-ақ тәжік ұлтының жүз мыңнан астам балалар тұрады. Олардың барлығы дерлік қазақ сыныптарында оқиды. Бірақ сол оңтүстікке іргелес жатқан Қызылорда облысындағы дерек ерек. Мұнда да жаһанды жат тілде танып жүрген балалар аз емес.
Алысқа бармай-ақ, Қазалы ауданына тоқталайық. Мұнда тек орыс тілде білім беретін мектеп жоқ. Оның орнын орыс сыныптары толтырады. Ауданның білім беру ұйымдарында 16552 оқушы болса, соның 552-сі орыс сыныбында оқып жүр. Осыған байланысты, Әйтеке би кентіндегі мектепке баласын орыс сыныбына берген ата-аналардан пікір алу оңай болмады. Көпшілігі мұндай қадамға бару себебімен бөлісуден үзілді-кесілді бас тартты. Дегенмен аты-жөнін жасырын қалдыруға келіскен әкенің ойын біле алдық.
– Қайбір әке баласын жаман болсын дейді? Болашағын ойлағасын осындай шешімге келдім. Өзіңіз білесіз, қазіргі күні билік басында отырған шенеуніктің барлығы халықаралық қатынас тілінде сөйлейді. Олар да ана тілін білетін болар, бірақ істі орысша жүргізеді. Мүмкін орысша білімнің сапасы жоғары деп түсінгендігімнен де шығар. Мен де ұлымды ел басқарып жүрген зиялылар қатарынан көргім келеді. Себебі – сол, – деп қысқа қайырды.

Білім сапасын салыстырсақ...

С
оңғы 10 жылдықта ресейлік жоғары оқу орындарына түсетін қазақстандық жастардың саны көбейіп келеді. Қазақстандық жұмысшы күш нарық пен жалақысы жоғары көрші елге көптеп көшіп те жатыр. Өткен жылы ғана Владимир Путин Ресейде жұмысшылар жетіспейтінін, олардың тапшылығы жыл өткен сайын өрши беретінін ашық айтты. Тіпті жұмысқа тұтқындарды тарту мүмкіндігі қазір үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр. Бірақ көрші ел көбіне білімді орыстілділерді қажет ететіні түсінікті. Мұндағы орысша білім алған қазақтар бәсекеге қауқарлы ма?
Тағы бір маңызды сәт. Бұған дейін білім сапасы бойынша қай мектеп жақсы екендігі туралы сұрақ туындаған болар. Бұл ретте тараптардың бәсеке нәтижесі туралы нақты зерттеу болмаған.
2011 жылдан кейін салыстырмалы деректер пайда бола бастады. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім сапасын бағалау ұлттық орталығы 15 жастағы қазақстандық студенттердің PISA тестілері кезінде көрсеткен нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндамасын жариялады.
Олар сынақтардың нәтижелеріне қарап, орыс және қазақ сыныптарындағы оқушылардың білім деңгейі мен дағдылары арасындағы елеулі алшақтықты анықтады. Математикалық сауаттылық үлгерімі бойынша бір жылдан астам, ал оқу және жаратылыстану пәндерін меңгеру бір жарым жыл кешеуіл қалған. Өздеріңіз түсінгендей, қазақ мектептерінде орыс тілінде білім алатын балалардың пайдасына емес. Бұл Қазақстандағы орыс мектептерінің оқушылары басқа көптеген елдерден, соның ішінде Ресей мен Украинадағы құрдастарынан білім сапасы жағынан айтарлықтай артта қалғанын көрсетсе керек.
Дәл қазір PISA-ның зерттеу жұмыстары Қазалы ауданындағы 15 жастағы оқушылар арасында да жүріп жатыр. Оның қорытындысы шыққаннан кейін жергілікті азаматтар балаларын қай тілде оқытуды шешу оңайырақ болатыны анық. Бірақ заманауи технология мен білімге ілесу қазіргі күні күрделене түскендіктен, ана тілінде білім алған баланың бағы бес елі екеніне ешкім дауласа қоймас.


Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
04 мамыр 2022 ж. 658 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930