Ел үшін от кешкен
Қазалы ауданында Жанқожа бабадан бері қарай да қанша батырдың кіндік қаны тамды. Солардың бір парасы бертінде, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүректі жігіттер шейіт кеткені ақиқат. Олардың әрбірі батыр атағына лайық. Бұдан бөлек, кәрі құрлықтан кесел жауды тырқырата қуып, елге аман-есен жеткен ержүректер де аз емес. Бүгінде олардың көзі тірісі саусақпен санаулы. Майданда дархан даланың дарабозындай батырлықпен шайқасқандардың бірегейі Бекет Бердібаев еді.
Бекең суы мол, арнасы кең, ел ырысына айналған Сырдың бойындағы «Сарыкөл» ауылында 1902 жылы дүниеге келген. Адам баласының бұл тірлікте ғұмыр жолы шыр етіп дүниеге келген кіндік қаны тамған жерден басталады. Кейін тағдырдың жазуымен жары Аққаным екеуі 1939 жылы Қандыағаш станциясына барған. 1940 жылы ұзындығы 544 шақырымдық Қандыағаш – Гурьев теміржолы салынып бітіп, енді ұзындығы 240 шақырым Қандыағаш – Орск теміржолы салына бастағанда тұңғыш баласы Нәдірбек дүниеге келген. Отбасының бақытты күндері бастала бергенде тыныштықты 1941 жылы соғыс бұзды. Теміржолшыларды шетінен соғысқа ала бастады. 1942 жылдың қыркүйек айында еңбек майданында жүрген Бекетті де Қандыағаш станциясынан Отан қорғаушылар қатарына шақырып, соғысқа аттандырған. Олардың орны Кавказдан жер аударылғандармен толықтырылып, Қандыағаш – Орск теміржолын салу жалғаса береді. Ал жапан түзде жалғыз қалған Аққаным баласы Нәдірбекті алып, туып өскен жері Қазалыға қайтқан.
Қазалылық батыр Орынбор қаласының түбінде атты әскер дайындайтын құрамға қабылданған. Доватордың атты әскер қатарында таңертеңнен бастап жаттығу, сабан төсеніш, ол бір жетіден кейін ұнталып, топанға айналып, казармада шаң көтеріледі. Мың шақты 1922-1923 жылы туған өрімдей жастар, Бекет сияқты жасы қырыққа шамаласқандар да бар. Бұлар жылқы зауытында бағылған сымбатты және ақылды жануарларды иесі жараланып, аттан құлап түскен жағдайда, қасына жата қалып, әлі келіп, ерге жабысып мінсе тұрып, кейін қарай шаба жөнелуге үйреткен. Майдан даласындағы кескілес жайында әкесінің айтқанын батырдың ұлы ардагер ұстаз Қадірбек Бекет былай дейді.
–1942 жылдың күзінде бізді соғысқа салды, сол уақытта жау Москвадан 500 шақырымға дейін кейін шегініп кеткен екен. Міндетіміз – қаланы қоршауда қалған немістерді тазарту. Осы аралықтағы мыңдаған немістергі қолға түсірдік. Бізден де мыңдаған адам мерт болды. Жылдың соңына таман бұл соғыста атты әскер тиімсіз деп, бізді жаяу әскер қатарына қосты. Әкемді танкіге қарсы ататын мылтықтың оғын тасушы етіп, бір орыс жігіттің қасына берген.
Немістердің танк шабуылы басталады. Мылтық атушы орыс жігіті бір танкті атып, жандырып жібереді, екіншісі көздеп жатқанда оқ тиіп, жараланып қалады да әкеме дереу ат деп бұйрық береді. Көздеп атып салған кезде неміс танкісінен түтін бұрқ етіп, тоқтап қалады. Сол үшін «За отвагу» медалімен марапатталды. Оған дейін де бас қолбасшыдан Сталиннің алғыс хаттарын алған екен, – деп әкеден естіген әңгімесін баяндады.
1944 жылдың мамырында Польша шекарасынан өтіп Кеңес әскері Висла өзенінің жағасындағы Ярославль қаласын қоршауға алды. Қала үшін шайқас үш күнге созылды. Қалаға үшінші күні қиян-кескі шайқаспен басып кіргендер арасында Бекет те бар. Осы жылдың күзінде Польшада жауын-шашын көп, қара батпақтан аяқты алып жүру мұң болады. Сондай кезде полк командирі келіп солдаттарға соғыс жағдайын баяндап, енді жүре бергенде етігінің табаны аударылып қалады. Бас-аяғы жарты сағатта етігін тігіп беріген сегіз қырлы Бекетке командирі риза болып старшинаға: «Мына солдаттың жасы да келіп қалған екен. Етікшіге лайық құралдар, материалдар тауып және бір ат арба бер. Солдаттардың жыртылған аяқкиімдерін тігеді», – деп бұйрық береді. Осыдан кейін соғыс аяқталғанша соғыса жүріп, жауынгерлердің аяқ киімін де кәдеге жаратып беріп отырады.. Соғыс аяқталып, 1945 жылғы маусым айыда аман-есен елге оралды. Бұдан кейін еңбекке қызу араласып, туған жерді түлетуге кіріскен.
– Әкеміз 200 сауын сиырдың қорасын тазалайды. Колхоз берген екі өгіз жегілетін үлкен ырдудан арбасы бар, кішігірім автомашинаның жүгі кетеді. Сол арбаға шөп тиеп әкеліп, сиырға шашады. Сауын сиырға берілетін сүрлем дайындауға қатысады. Күзде піскен жүгеріні шауып алып, машинамен шайнатып, цементтелген үлкен шұңқырға тұз араластырып толтырып, бетіне қамыс төсеп, топырақпен жауып тастайды. Оны желтоқсан айында ашып, сауын сиырларға береді. Ол өте керемет, буы бұрқыраған хош иіс шығады. Соны жеген сиырлар күніне бір-бір шелектен сүт береді. Сиырдың сүті тілінде деген рас екен. Бақташы әкеміздің осындай мезгіл-мекені жоқ жұмыста шаршадым дегенін, ренжігенін көрмейсің, – дейді ардагер ұстаз.
Бекет батыр жетпіс жасқа келгенше сол сауын сиырларды бақты. Сиырларды «Ақсайдың» бойында үнемі бір жерден суарады екен. Сондықтан сол жерді малшылардың бәрі «Бекет суаты» деп атап кеткен. Қазіргі де солай аталады. Бұл дүниенің қызығына кім тойған? Анамыз Аққаным 1971 жылы 53 жасында өмірден өтті. Ал әкеміз Бекет ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, шөбересі Ақеркенің қолынан су ішіп, 93 жасында дүние салды.
Жанкешті еңбекпен өмірден өткен Бекет пен зайыбы Аққанымның ел-халықтың алдында абыройлы, Отанын қорғаған батыр болғанын білетін көзі қарақтылар қатары азайды. Қарапайым, адамгершілігі мол, біреуге болсын деген жандарды ұрпақтары әрдайым мақтаныш сезіммен еске алады. Соғыстағы көзсіз ерлігі, тізе қосқан сарбаздарға еткен пайдасы мен ел дамуына қосқан үлесі ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс. Бұл іс бүгінгі ұрпақтың, ел амандығы үшін жанын шүберекке түйген батырдың жерлестерінің еншісінде қалып отыр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ