Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Миллион кімге бұйырады?

Миллион кімге бұйырады?

Биылғы жылы жеке кәсіпті дамытуға берілетін грант мөлшері 1,2 млн теңгеге дейін артады деген жаңалық көпшілікті қуантып, бизнеске бетбұрам деушілердің қатары қалыңдады. Алайда аталған миллион екінің біріне беріле бермейді. Оның өз заңдылығы мен тиесілі тұлғалар бар болып шықты. Егжей-тегжей таныс болу үшін мақаланы толық оқып шығуға тура келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен NEET жастарды ерте анықтау жүйесін енгізе отырып, оларға мамандық таңдау, оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетіледі. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әр ауылдың ерекшелігін ескеріп, кәсіпкерлікке оқыту, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сатуға қолдау көрсету, жеңілдікпен кредит және грант бөлу шаралары қарастырылады. Сонымен қатар министрлік жастар мен халықтың әлеуметтік осал тобына бизнес бастамаларын жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз грант мөлшерін 400 АЕК-ке дейін өсірмек.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, грант мөлшері 200 АЕК немесе 613 мың теңгеден 400 АЕК, яғни 1,2 миллион теңгеге дейін артады. Бұл орайда грант берілетін бизнес жобалардың тиімділігін бағалау күшейтіледі», – деген еді С.Шәпкенов үкімет ­отырысында.

Білім алда, бизнес баста
Биылдан бастап 2017-2021 жылдар аралығында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржыландырып келген «Бастау Бизнес» жобасы тоқтады. Оның орнын «Ұлттық жоба» басады. Бұл жоба 2021-2025 жылдар аралығында ел игілігіне қызмет етеді. Биылғы оқу онлайн болады. 2022 жылғы сәуірдің басында басталады деп жоспарланған «Бастау Бизнеске» мына нысаналы топқа жататын тұлғалар қатыса алады: Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан), жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем), жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар.
Әлеуметтік санаттағылар қатарына 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар жатады.
Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды және тегін өтеді. Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға тиісті сертификат беріледі. Оқуды аяқтау туралы сертификатты бизнес-жоспарды дайындаған және бизнес-жоспарды бағалау мен қорытынды тестілеудің қорытындылары бойынша қажетті балл санын – кемінде 60% жинаған қатысушылар ала алады. Оқуға қатысу туралы сертификатты құзыреттілік деңгейін арттырған, бірақ оқу аяқталған кезде әзірленген бизнес-жоспары жоқ немесе бизнес-жоспардан теріс баға алған қатысушылар ала алады. Оқуды аяқтағандығы туралы сертификат үш жылға жарамды.
Бұл сертификат өз ісін жүргізудің негізгі дағдыларын алуға, он екі айға дейінгі мерзімге бизнес-жобаны іске асыруда сүйемелдеуге, бизнес-идеяны қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қаржы қолға тию үшін...
Айрықша атап өтер жайт, жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар үміткер бола алмайды. Грантқа үміткерлер жұмыспен қамтудың басқа да қолдау шараларына қатыспауы тиіс. Грант қаражатын тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспарға сәйкес пайдалануға болады
Оқуды аяқтаған және сертификат алғандар Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады. Бизнес-жобасын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметті дамытуға «Атамекен» микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады. Шағын несие алуға өтінім беру үшін сізге облыстық және аудандық «Атамекеннің» Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет.

Аудандағы ахуал
Өткен жылы 661 қазалылыққа 385 627 400 көлемінде қайтарымсыз қаражат берілді. Қазіргі таңда бұл азаматтар кәсібін өрге сүйреп, несібесін тауып отыр.
Ал биыл гранттан үмітті 25 адам өтініш білдіріп, арнайы құрылған комиссия алдында бизнес жоспарларын қорғады. Оның 8-і жас, 6-уы көпбалалы отбасы мүшелері, 9-ы мүгедектер, 2-уі мүгедек баланы тәрбиелеуші. Олар бастағалы отырған кәсібін қалай дамытады, одан қанша көлемде пайда тауып, кімдерді жұмыспен қамтиды деген сұрақтар төңірегінде ойларын ортаға салып, жұмыстың жүйелі жүру жолдарын назарға ұсынды.
Нәтижесінде 21 үміткердің өтініші мақұлданып, төрт талапкерге бұл жолы сәттілік серік болмады. Миллион алу бақыты бұйырған жандардың басым көпшілігі мал шаруашылығын шалқытамыз деген ниетте.
– 2019-2021 жылдар аралығында «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негізде білім алған болашақ кәсіпкерлер жобасын қорғап, грантқа қол жеткізді. Өйткені, сертификат үш жылға дейін жарамды. Биылғы оқу әлі басталған жоқ, – дейді жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Алтынбек Төреханов.
Қаржыға қол жеткізгендердің бірі – кент тұрғыны Оңалбек Кенжалиев. Ол үшінші топ мүгедегі. Құс шаруашылығымен айналсуды қолға алмақ. Оның ішінде тауық бағып, табыс табуды көздеп отыр. Қолдың жұмыртқасын сатып, бұйырса берекесін көрмек.
Ал жас жігіт Нұрғазы Нұрғалиұлының бағыты басқалардан бөлекше. Ол балықтан жасалатын «Көктал» тағамын тұтынушыларға ұсынбақ. Аудандық жұмыспен қамту орталығында кезіктіріп қалған бұл жігіт: «Балық бізге жат ас емес. Оны сүйсініп жейтіндер қатары қалың. Көптен ойлап жүрген ісімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме қуаныштымын. Енді тек нәтиже күтіңіздер», – деп ағынан жарылды.
PS: «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу», – дейді қазақ. Сананы тұрмыс билеген мына заманда көштен қалмай, алға ұмтылуға ниетті жандарға қолдау бар. Оны орынды пайдаланып, қалауын тапса, тіпті қарда жанады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 сәуір 2022 ж. 552 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031