Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әнмен әрленген әлем иесі

Әнмен әрленген әлем иесі

Осыдан 11 жыл бұрын қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас жезтаңдайынан айырылды. 90 жасына қараған шағында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Қазалы қаласының даңқы асқан перзенті Роза Бағланова мәңгілік әлеміне аттанған еді. Ал өткен жылы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Роза Бағланованың 100 жылдығы да енді.
Осыдан кейін сәуір айының ортасында Алматыда опера әншісі Роза Бағлановаға ескерткіш ашылды. Рәсімге Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, филолог әрі ақын Аққұштап Бақтыгереева, әншінің туғандары мен жақындары - ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар қатысқан.Медеу ауданындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қола ескерткіш орнатылған. Себебі филармония қабырғасында Роза Бағланова 1949-1960 жылдар аралығында өнер көрсеткен еді. Қола және граниттен жасалған ескерткішті Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл есімді мүсіншілер жасап шықты.
Дәл осындай ескерткіш жақында облыс орталығы Қызылорда қаласында да бой көтерді. Аймақтың бас шаһарының қақ төрінен орын алған ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Роза Тәжібайқызының ұлы Тәжен мен келіні Марал лебіздерін білдірді. Мұрат Сыдықов пен Бауыржан Кененбай жасап шыққан мүсіннің биіктігі – 5,7 метрді құрайды. Тұғыры граниттен, ескерткіштің негізі қоладан құйылған. Игі іс, көп уақыт өтпей, үлкен деңгейдегі конкурсқа ұласты. Бүгінгі күні әншілік өнердің үздік үлгісін көрсетіп кеткен бұлбұлға еліктейтін таланатты жастар әнші рухын разы ету үшін мерейтойды жандандыра түсті. Солардың арасындағы жүзден жүйріктері ән падишасының 100 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған «Ақмаңдайлым» республикалық әншілер конкурсында өнерлерін ортаға салды.

«Сұлу Сырдан қанат қағып қазақтың, әлемнің ән өнерінің көгінде жұлдыз болып жарқыраған ғазиз ғұмыр иесінің 100 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуге тиіспіз». Осылай деген өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев “Ақмаңдайлым” әншілер конкурсының ашылу салтанатына қатысып, ылғи мықтылардың өнеріне куә болды. Ұлы тұлғаның ұрпақтарына құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Дүлдүлдер сайысына республиканың 9 өңірі мен Нұр-сұлтан, Алматы қала­ларынан 15 әнші қатысты. Конкурс ережесіне сәйкес талапкер әншілер бірінші кезеңде Роза Бағланованың репертуарындағы әндерден камералық оркестрдің сүйемелдеуімен ән орындады. Бұған әнші, композитор, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің бас көркемдік жетекшісі Бақтияр Тайлақбаев, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сембек Жұмағалиев, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, Қазақстанның еңбек сіңіргенәртісі Күләнда Қалымбетова қазылық етті.
Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Ақмаңдайлым» атты республи­калық әншілер конкурсының Бас жүлдесін Жамбыл облысынан келген Дархан Қабыл жеңіп алды Сондай-ақ «Ақмаңдайлым» номинациясын Батыс Қазақстан облысынан Ерман Дәурен, «Ән бұлбұлы» номинациясы Солтүстік Қазақстан облысынан Ілияс Қадырбай меншіктеді.
Айтулы додада Қызылорда облысы атынан қатысқан «Adajio» триосы бірінші орынды иеленді. Ақтөбе облысынан келген Әкімжан Шакиров, Нұр-Сұлтан қаласының өнерпазы Жамбылбек Қымбат екінші орынды иеленсе, бұлбылдың жерлесі Сәкен Кермеш, алматылық Азамат Бақбергенов пен Алмагүл Батталиева үшінші орынды мәсе тұтты.
Ән бәйгесі гүл дәурен, ғазиз ғұмыр, ғасыр бұлбұлының әндерімен әуелеген гала-концертке ұласып, Сыр аспанын әнмен тербеп тұрғандай күйде болды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

23 сәуір 2022 ж. 663 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031