Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Миллионға апарар жол бос қиялдан тұрмайды

Миллионға апарар жол бос қиялдан тұрмайды

Инстаграм желісінде @aiko.kelinkaa парақшасымен танымал қазалылық жас блогердің есімі көпшілікке таныс. Әсіресе, әлеуметтік желіні қолданатындар жағы келіншектің күнделікті тыныс-тіршілігіне куә. Бүгінде саусақ ұшымен теңге тауып отырғандардың қатарына қосылған Айгерім Дәрібаева бұл салаға қалай келді және заман талабына сай қалталы болудың қыр-сырын білетін блогердің көпшілікке тигізген көмегі бар ма? Сұхбаттасу барысында білген едік.

– Айгерім Нұркамалқызы, алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз...
– Кішкентай кезімде анамның көзінен сүймей ұйықтамайтынмын, ақ батасын алмай үйден шықпайтынмын. Үлкендердің ақ батасы мен разылығы – қазіргі жетістігімнің бір себебі деп есептеймін. Мен Байқоңыр қаласының тумасымын. Киелі Қазалы қаласына келін болып түстім. Негізгі мамандығым фармацевт. Алматы қаласынан оқуды бітіріп, 6 жыл осы салада жұмыс жасадым. Жолдасымның есімі Тұрар. Осындай ер азаматты жолықтырғаныма Аллаға мың шүкір. Ата-енем де өте парасатты жандар. Әрдайым мені қолдап, тілеуімді тілеп отырады. Жолдасым үйде ұлдан жалғыз, яғни мен бір үйдің жалғыз келінімін. Егіз балапандардың ата-анасымыз.

– Блогерлікке қалай келдіңіз?
– Үйде бала күтімімен ұзақ отырып қалмай, бір істі бастағым келді. Алға қарай жылжуды мақсат тұттым. Себебі, дүниеге егіз балалар келген соң, менде стресстік кезең пайда бола бастады. Инстаграмды әуел баста хобби ретінде пайдаландым. Кейіннен табыс табуға болатынын біліп неге жасамасқа деген ой туды. «Адамның жасағанын адам жасай алады емес пе?», – деп фудблогер болып бастадым. Беті сынған телефонмен видео түсіріп жүрдім. Өзіме: «1 айда бірдей уақытта тәттілер пісіріп видео салып отырамын» – деп мақсат қойдым. Видео салынып тұрды, бірақ маған табыс әкелмеді.Тәттілерді алуға ақшаны жолдасымнан алып тұрдым. Кейде енем беретін. Қашанғы біреуден ақша сұрап, алақан жая беруге болады. Оның үстіне жолдасымда: «Қашан табыс табасың? Керісінше, шығын көбейіп бара жатыр», – деп ашығын айтты. Сол кезде нишамды дұрыс таңдамағанымды білдім. Ниша дегеніміз? – сіздің инстаграмдағы бағытыңыз. Біріншіден, ол сіздің сүйікті ісіңіз болу керек. Екіншіден, оқырманға бір пайдасы тиюі қажет. Үшіншіден, табыс әкелуі тиіс. Нишамды, яғни бағытымды өзгерттім. Табыс жайлап келе бастады.

– Бұл бай болудың төте жолы ма? Ең алғашқы табысыңыз...
– Ең бірінші, жарнамадан мың теңге таптым. Табыс – бұл саты, оған қолды қалтаға салып алып жету мүмкін емес. Әрине, күндіз-түні ұйықтамай еңбектендім. Басында «Блогер болып кеттің ба?» – деп миығынан күлгендер болды. Біреу күліп қараса, біреу күдікпен қарады. Бірақ ешкімнің сөзін елемедім. Блогты бастағаныма аз уақыт болсада, инстаграммен тапқан табысыма қыз-келіншектерге арналған киім бутигімді аштым. «Қазалыдағы нөмірі бірінші» атты жобаның авторымын. Енді блог жүргізіп бастаған блогерлер дайындайтын орталық жұмысын жүргіздім. Ол жақтан 70 адамды оқытып шығардық. Қазір олар өздері табыс тауып жүр.
Қаласаңыз блогерліктен бай да бола алсыз. Миллионға апарар жол – бос қиялдан тұрмайды. Мен де армандадым, мақсат қойдым, жоспарладым, шешім қабылдадым, әрекет еттім, нәтиже шығардым. Жетістікке жету үшін істейтін әрекеттер қиын болуы мүмкін. Бірақ, біліңіз ол тек сіздің миыңызда ғана. Миллион табудың құпиясы мида. Есте сақтаңыз, менен инсайт болсын. Күн сайын өз дамуына көңіл мен уақыт бөлген адам ғана өседі, өнеді, өзгереді. Әр адам өзін өзі ғана өзгерте алады.
Асып-тасып байып кеттім демеймін. Бірақ қаржысыз да емеспін.

– Сіз парақшаңызды оқырманға пайдалы деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ойлаймын. Өйткені менің басты мақсатым – үйде отырған қазақтың қыз -келіншектеріне, аналарына қолдау білдіру, өз-өзін дамытуға мүмкіндік беру, мотивация көрсету, үйде баламен отырып та әлеммен байланысуға болатынын дәлелдеу.
– Оқырманды жоғалтып немесе азайтып алмау үшін күнделікті арнайы жұмыс жоспарыңыз бар шығар. Өйткені қазіргі таңда адамдар көп нәрсеге таң қала бермейді...
– Шынында да, камераны қоса сала шығып сөйлей салмайсың. Инстаграмда ниша, контент жос­пар, сторис жоспар, нысанды аудитория деген терминдер бар. Ертеңгі, тіпті, бір айға блогымның контентін дайындап қоюым мүмкін. Мысалы, менің нысанды аудиториям көбіне өзім сияқты жергілікті жерден шыққан баламен үйде отырған келіндер, кәсіп иелері.
– Әңгіме барысында бірнеше жобалардың авторымен деп қалдыңыз...
– Менің алғашқы ұйымдастырған жобам «Қазалы таңдауы». Жобаның мақсаты – аудандағы халыққа жақын, қызметімен жетістіктерге жеткен белгілі бір кәсіппен айналысатын жандарды марапаттау. Сонымен бірге «Келіндер-ай» жобасында қолға алып, сәтті аяқтадым. Онда бір ай бойы парақша жүргізу, сториске шығу, тапсырмалар беру арқылы инстаграмның қыр-сырын түсіндірдім. Бұдан бөлек көптеген жобаларға ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп келемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 сәуір 2022 ж. 533 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031