Сандар сөйлейді, сырын білсең
Ойшыл әрі ақын Гете: «Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді», – деп айтқан екен. Соңғы уақытта ойшылдың ойын жүзеге асырып жүрген жандар жетерлік. Олар өздерін нумерологпен деп таныстырып, сізге тиесілі сандардың сиқырын ашып береді. Талайдың тағдырын жіпке тізгендей етіп «есептеп» жүргендер туралы толығырақ білуге бекіндік.
Балгерлік бөлек әңгіме
Жалпы сандар сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келеді. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққан. Негізі нумерология ғылыми сала деседі. Оны бал ашумен шатастырмау керек. Балгерлер болашақты болжаса, ал нумерология ғылым болғандықтан, әр санның сипаттамасы, тарихы ғылыми түрде зерттелген. Бұл салада сен нақты осы жаста тұрмысқа шығасың деп айту қиын. Нумерологияда керісінше саған осы жаста тұрмысқа шыққан ыңғайлы болады деп айтуы мүмкін. Әр жылдың өзінің тобы болады. Сол топтың бастапқы, орта және соңғы кезеңі бар. Осы жылдың кезеңіне қарай отырып, осы кезде іс бастасаң болады деп ақыл-кеңес береді. Мысалы, жылдың бір кезеңі аяқталғанда бастаған іс нәтижелі болады деп айту қиын. Тіпті, құрған жоспарыңыз нәтижесіз болып, құр шығындалып қалу мүмкіндігі басым. Сондықтан нумерология кәдімгі психология, биология, физика, химия сияқты өзінің сандары мен ережесі бар ғылым саласы. Нумерология саласын игеру үшінде ерекше қабілет қажет. Яғни, көрінген адам сізді сипаттай алмайды. Оған арнайы білім алу керек.
Өзіңді тану – өзгеріске қадам
Ғылым жайлы оқып отырып, бұрын-соңды болашақты болжайды дегендерге қырын қарайтын маған: «Неге есептетіп көрмеске?» деген ой оралды. Қызығушылығым артып, инстаграм желісінен нумерологтар іздей бастадым. «Көп естігеннен, бір көрген артық» деп 43 мыңнан астам оқырманы бар нумерологқа ватсап желісі арқылы хабарлама жібердім. Көп күттірген жоқ. Бас-аяғы жеті минуттың ішінде жауап жетті. Хабарламада: «Сізге консультация ма әлде техника ма? Толығырақ жазсаңыз» депті. Білмеген соң, «Консультация деген не нәрсе?» деп қайыра сұрақ қоюыма тура келді. Айтуынша, консультацияны таңдасаңыз, көкейде жүрген бірнеше сұрақтың жауабын алатын көрінесіз. Ал, алға қойған арман-мақсаттарға лезде жету үшін техника деген бөлікті таңдайсыз. Алдымен көрсетілген нөмірге 1490 теңге жіберуімді сұраған нумеролог ханым ақша түсу бойына туған айым, күнім мен жылымды, тегімді, атымды, әкемнің атын жазып жіберуді өтінді. Сұрағанына жауап беріп, құдды бір керемет дүние орын алардай тағатсыздана күтіп отырдым. Алғашқыдай емес, бұл жолы жауап тым кеш келді. Не керек, өзім туралы көп мәліметке қарық болдым. Қалай дегенмен сананы тұрмыс билеген заман ғой. Ақша шақыратын кодыңыз деген тұсты, бірнеше мәрте оқып, жаттап алдым. Сонымен қатар мен үшін сәтті күндер мен сәтсіз күнді де жіктеп жазыпты. Қай салада жұмыс істегенім жетістікке жетелейтінін, мінезімнің мінсіз тұстары мен керағар қасиеттерімді де қағазға шимайлаған сандарды сөйлете отырып жеткізді. Айтқаны көп, оның бәрі рас болса, мені жарқын болашақ күтіп тұр. Рахметімді айтып, журналистік әдетіме салынып, бірер сұрақ қойып үлгердім.
Кәсіпкерлерге көмегі көп
– Нумерология мыңдаған жылдар бұрын Пифагордың кезінде пайда болған. Былай қарасақ, өмірімізде бүкіл жер саннан құралған. Мысалы, қазіргі программа, бүкіл формула, тіпті үйдің салынуына дейін сан. Ғылымның дамуы да санға байланысты. Бүгінгі таңда нумерология ғылымының берер пайдасы өте көп. Өйткені жан-жағыңдағы адамның туған күніне қарап мінезін біле аласыз. Мысалы, бизнес саласында жүрген адамдарға бұл өте ыңғайлы. Кәсіпте қандай да бір шарт жасау үшін осы жылдың қолайлы не қолайсыз екенін білуге болады. Сол жылмен адамның туған жылының сәйкестігін есептейміз. Егер сәйкес кодтар шығатын болса, онда белгілі бір іс бастауға немесе келіссөзге отыру нәтижелі болады, – дейді нумеролог Гүлназ.
Сонымен қатар бұл ғылым адамның потенциалын анықтап беретін ерекшелігі барын айтты. «Адамның қай іске қызығушылығы және талабы барын нумерологияда сандарға қарап, тіпті оның өмірлік миссиясын білуге болады. Бүгінде көп ата-ана балаларының кішкентайынан нумерологиясын зерттеп, қай салаға қабілеті бар екенін анықтап алады. Бұл дұрыс. Егер баласының актер не қандай да бір салаға жақын екенін білсе, баланы кішкентайынан бастап сол салаға икемдеу керек. Дарынын ашса, өсе келе бала өз саласының біліктісі болады», – деген ойымен бөлісті.
Тіпті әріптестер арасында не отбасында кикілжің болып, бір-бірін түсінбей жатады. Осы кезде нумерологияның көмегіне жүгіну арқылы түсініспеушіліктің себебін анықтауға болады-мыс.
Сіз қандай жансыз?
Нумерология туралы аз-кем ақпарат алдық. Ол жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Адамның өзі білмейтін құпияларын да ашуы мүмкін. Оны жүзеге асырып көру үшін туған күніңізді білсеңіз жеткілікті. Ғылым туралы зерделей келе, ұққанымыз бойынша ұлы жобасы осындай. Алдымен туған күніңізді есептейсіз. Мысалы сіз 1996 жылдың 21 ақпанында өмірге келдіңіз делік. 21.02.1996. 21=2+1=3, 02=0+2=2, 1996=1+9+9+6=25=2+5=7, 3+2+7=13=1+3=4.
Енді шыққан санның сипаттамасын оқимыз. 0-саны жиі қателесетін адам. Мұндай адамдар шешімді асығыс қабылдап, жиі қателесіп жатады. 1- көшбасшы әрі креативті идеяның авторы. 2- дипломатияға жақын жан; 3- кез келген істің шешімін тез табатын, шапшаң адамдар; 4- жауапкершілігі жоғары, тәртіппен жүретін адамдар; 5- эмоцияға тез берілетін және ақыл айтқанды жақсы көретін адамдар; 6-әдемілікті жақсы көретін адамдар, яғни тәтті тағамды, әдемі киінгенді жақсы көреді; 7- рухты әрі көшбасшылық қасиеті басым адамдар; 8-әділдікті жақсы көретін, кез келген істің шешімін табатын адамдар; 9- өте ақылды, логикасы мықты адамдар;
Ал сізде қай сан шықты?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА