Мүмкіндігі шектеулі жандарға әрқашан қолдау бар
Облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов пен Уақытша комиссия төрағасы Г. Есқалиева және комиссия мүшелерінің облыста халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғаудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы мәселе бойынша жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты.
Ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.
Комиссия отырысында алғаш болып аудан әкімінің орынбасары Д.Тілеуімбетов баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, қазіргі таңда аудан көлемінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектер саны 3219 құрап отыр. 1 топ мүгедектері -255, 2 топ мүгедектері – 1196, 3 топ мүгедектер – 1304. Жеті жасқа дейінгі мүгедек балалар – 125, 7-18 жас: 1 топ – 43 бала, 2 топ – 42 бала, 3 топ – 254 бала.
3219 азаматтың 2019-ы мүгедектігіне байланысты оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған.
2021 жылы Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығына» 44 мүгедек оңалтуға жіберілді.
Мемлекет әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс «Инватакси» қызметіне 2021 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 6,4 миллион теңгеге 3 «Инватакси» көлігімен 3931 тапсырыс қабылданып, қызмет көрсетілді.
«Шапағат» мүгедек балаларға күндізгі жартылай стационарлық жағдайдағы оңалту орталығында арнайы қызмет көрсету бойынша Республикалық бюджеттен 16,0 миллион теңге қаралып, 25 балаға қызмет көрсетілді.
2021 жылы жұмыс іздеуші ретінде 5150 адам хабарласып, 2489 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2022 жылдың 1 наурызына жұмыс іздеуші ретінде 1508 адам хабарласып, 49 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 322 адам жіберілсе, жастар тәжірибесіне 22 адам және әлеуметтік жұмыс орнына 26 адам жіберілді.
2022 жылға атаулы әлеуметтік көмекке 160,4 миллион теңге қаралып, 1579 адамға төленеді деп жоспарланып отыр. 2022 жыл көлеміне «Инватакси» қызметін алушылар саны көбеюіне байланысты қосымша 3,0 миллион теңге қосымша қаржы қажет.
«Шапағат» оңалту орталығында арнайы қызмет көрсету бойынша бюджеттен 24,0 миллион теңге қаржы қаралып, 20 балаға қызмет көрсетілуде. Баяндамадан соң, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж. Даулетбаева жұмыспен қамту саласындағы мәселелерге қатысты ақпараттармен бөлісті.
2022 жылға 381 адам грант алады деп көзделіп отыр. Жұмыспен қамту жол картасының бірінші бағытында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда 250 орындық мектеп салынды. Екінші бағыты 6% пайыздан аспайтын шағын несие беру. Сондай-ақ, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Ұлттық жоспар аясында қабылданған Жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік грант беру Ережесі бекітілді. Көптеген азаматтар бюджеттің қаржысын көп жағдайда мақсатсыз пайдаланады. Қазір қайтарымсыз гранттар мақсатты түрде жұмсалу қажет.
Аталған ереженің кей тармақтарына сәйкес, ауылдық округ мамандары мен аудандық депутаттар Парламентке ұсыныс беру туралы өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Одан кейін, облыстық мәслихат депутаты І. Тілеп Қазалы қаласындағы ем алып жатқан жүйке аурулары науқастарының ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалмағандығын және ұсынысты сессияда қарап, шешуді қажет ететіндігін қаперге алуды сұрады. Одан бөлек, облыстық мәслихат депутаты М.Өтеев, аудандық мәслихат депутаты Ғ. Әліш тарапынан да сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді.
Отырыс соңында, Қазалы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының жұмыс барысымен танысты.
Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, көмек көрсету, медициналық кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасауға арналған және т.б жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.