Теңбіл доп тартысы
Қазақстан футбол құрамасы Еуропадағы үздік командалар арасында төртінші орынға жайғасты. Мұндай сөзді дәстүрлі футболдан естігім-ақ келеді. Бірақ бұл – аспандағы айды сұрағанмен тең. Алайда әлемдік деңгейде 4-інші орынға тұрақтаған Қазақстан футзал аяқдопшылары осындай жағымды жаңалықты ел жұртына естуді бұйыртты.
Футзал шеберлері 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатты төрттікпен түйіндесе, 2022 жылы Нидерланды қаласында топтық кезеңнен өтіп, ширек финалда сүрінді. Дегенмен ұлттық құраманың ойыншысы Біржан Оразов 4 ойында 7 гол соғып еуропаның үздік сұрмергені атанды. Қуанарлық жағдай ма? Әрине, қазақтың қарапайым қарадомалақтары әлемдік аренаға ел атын шығарып жатса, әрбір қазақ баласы бөрігін көкке лақтырып, шаттануы тиіс. Өйткені жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан кіші футболдан әлі талай ауылдың сен тұр мен атайын жігіттері шығатыны белгілі.
Мұнымен не айтқым келді? Қазалы ауданы футзалының қазіргі деңгейі көңіл қуантып тұр. Міне, бүгін жергілікті жерде доп тебуді сүйетін жастар жайында ой қозғаймыз.
Бүгінгі күні еліміздің бірнеше аймағында жазғы және қысқы «ЛЛФ» ойындары өтеді. Яғни «Казахстанская лига любителей футбола» деп аталатын дода әрбір облыста және оның аудандарында болып отырады. Сосын әрбір жердің лигасында жеңімпаз атанған командалар басты бәсекеге жолдама алады. Осылайша жылдың үздіктері бақ сынайтын додаға аттанады. Негізі бұған дейін аталған ойындар өз дәрежесінде өтіп жүрген. Алайда өткен жылдың жазғы ойындарынан бастап Қазалы ауданы «ЛЛФ» деңгейін қабылдап, соған сәйкес жарыс ұйымдастырды. Нәтижесінде екі айналымның қорытындысымен «Намыс» командасы жеңімпаз атанды.
Осыдан соң өткен жылдың қараша айында қысқы турнир басталды. Бәсекеге алыс-жақын ауылдардан бөлек кент ішіндегі командаларды қосқанда барлығы 14 құрама қатысты. Атап айтсақ, «Көркем сервис», «Намыс», «Әмір», «Ұлағат», «Сыр маржаны», «Қайсар», «Авангард», «13 Аймақ», «Бекарыстан би», «Партсъезд», «Арзан сити», «Басықара» командалары бірінші орынды өзара сарапқа салған. Одан бөлек, Байқоңыр қаласынан «Жәрімбет», Арал ауданынан «Портта» осы қатардан табылды. Алты айға созылған ойынның нәтижесінде «Көркем сервис» ойыншылары екі айналым бойынша 59 ұпай жинап мәреге бірінші жетіп, жеңімпаз атанды. Бірнеше жылдан бері осы жетістікке жету үшін тер төгіп келе жатқан ойыншылардың тілегі орындалды, еңбегі қайтты. Сондай-ақ олар Нұр-Сұлтан қаласында өткен ойынға жолдаманы ұтып алды. Алайда бас қаладағы турнирде топтық кезеңнен өте алмай, кері қайтты. Аудандағы жарыс қорытындысы бойынша екінші орын Бекарыстан би ауылының жігіттеріне бұйырды. Олар округте доп тебетін спорт кешенінің жоқтығына қарамастан, футзалдың ережесіне сай өнер көрсетіп, үнемі дайындықта болғандарын дәлелдеп шықты. Үздік үштікке енген «Намыс» командасының жігіттері биылғы жылы турнирді осылай қорытындылады. Міне, 2021-2022 жылғы қысқы футбол ойыны осылай тәмамдалды. Енді алда аяқдопшыларды жазғы ойындар күтіп тұр.
Құрметті оқырман, білесіз бе? Аудандық спорт кешенінде аптаның жексенбісінде өтетін ойынды көру үшін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келеді. Тіпті мұнда әрбір команда өз жанкүйерлерімен табан тірейді. Әр ойындағы ойыншылардың ашуы, күлкісі, 3 ұпай үшін жан берісіп, жан алысуы көрерменге керемет көңіл күй сыйлайды. Осындайда жанкүйерлерді доп тебетін алаңнын тарлығы, көрерменге арналған орынның жоқтығы қынжылтады.
Жуырда жаңадан стандартқа сай спорт кешені бой көтереді дегенді естіп төбеміз көкке жетті. Алла сәтін салып, аталған кешен ел игілігіне пайдалануға берілетін болса, спорт құмар жастардың сол жерден табылары анық. Тіпті еуроны байрақты бәсекелерінде үздік сұрмергендер шығатынына да сенім мол.
А.БАҚЫТҰЛЫ