Дархандылықтың дара үлгісі
Қазақ боксы өзіндік стилімен әлем аренасында кеңінен таралып келеді. Қазақстандық спортшылардың қайсы бірінің рекордын, жұдырықтасу барысында өзін ұстауын қарасаңыз, «Бокс қазақ даласында ойлап табылған ба?», деп қаласыз. Қандай кездесуде болмасын, әрбір қазақстандық өз сипатымен көрерменнің таңдайын қақтырмай қоймайды. Осындай кездесудің бірі өткен сенбіде Жапонияның Сайтама қаласында өтті.
Спортшылар қазақстандық 41-1 рекордты Геннадий Головкиннің IBF және IBO, 16-2 рекордымен келе жатқан Риото Муратаның WBA Super белбеуін сарапқа салды.
Айқас барысында Головкин жапондық боксшыны 9-ыншы раундта айқын басымдылықпен жеңді. Яғни, нокдаунға түскен Муратаның бұрышы, сүлгіні шаршы алаңға лақтыру арқылы оның әрі қарай жалғастыра алмайтынын білдірді.
Осылайша кеше ғана 40 жасқа толған Гена өз мансабындағы 42-інші жеңісіне жетті. Қазіргі таңда Головкин әлем боксшілері рейтингінің тізімінде № 1 болып көш басына жайғасты.
Айта кетейік, қазақстандық спортшының соңғы жекпе-жегі 2020 жылы, АҚШ-та поляктық Камил Шереметаға қарсы өткізіп, оны нокаутқа түсірген еді. Ал Риото Мурата болса, 2019 жылы канадалық Стивен Батлермен жұдырықтасып, жеңіске жеткен болатын.
Ең қызығы, әлеуметтік желіні шулатқан Геннадийдің дархандылығы болатын. Жекпе-жектен соң Муратаның дайындық бөлмесіне барып, өзінің айқас алдында киіп шыққан шапанын сыйлап,WBA Super белбеуін қайтарып берді.
– Өзіңе деген құрметім ерекше. Чемпионға тән мінез көрсеттің! Аригато!
Жапон халқына қонақжайлылық пен бізге танытқан ыстық ықыласы үшін, жоғары дәрежеде ұйымдастырылған әдемі бокс кеші үшін алғыс айтамын. Мені қолдаған жанкүйерлеріме шексіз рахмет!, – деп жазды Головкин өз инстаграм парақшасында.
Естеріңізге салайық, Гена өзінің шапанын ешбір қарсыласына сыйлаған емес. Бұл ісімен Головкин қазақтың қашанда кеңпейіл, қарапайым әрі мықты ел екендігін көрсетті.
Міне, дархандылықтың дара үлгісі деп осыны айтыңыз.
Серік АҚМЫРЗА