Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала болашағы бүгіннен басталады

Бала болашағы бүгіннен басталады

Әр жаңа жыл сайын мемлекет ел ішінде көбірек көңіл бөлуді қажет ететін, жаңғырту мен жайлы жағдай жасалуы тиіс сала бойынша жоспар құрылады. Биыл Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдауы балаларға түсті. Жыл көлемінде бүлдіршіндердің құқығын қорғауға, олардың келешекке деген үмітін сенімдірек етуге бағытталған кешенді шараларға басымдылық беріледі. Бірер күн бұрын Қазалы қаласында жас өрендерді танытатын жастар фестивалі жарияланды. Қазалы ауданы әкімінің қолдауына сүйеніп, Қазалы қалалық жастар ресурстық орталығының бас болуымен ашылған көлімді шара қазалылық балалардың талантын таразылаудан басталды.
«Жаңа дәуір – жаңа Қазақстан» деген тақырыпты теліген фестивалда мектеп оқушылары ғылыми, әлеуметтік, ІТ, инновациялық жобалар, жас ақындар сайысы мен эссе жазу бағыттары бойынша бақ сынасады. Сайыс ұйымдастырушылары 12 мен 17 жас арасындағы жеткіншектер қатысуына болатынын айтқан. 5 сәуір күні фестивалдің алғашқы бөлімі – ғылыми жобалар қорғаудан жарыс өтті.
Жас ғалымдар жарысында 58 жобаның арасынан ат оздырып, бірінші орынды №103 Қашақбай Пірімов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Рахымжан Қожантаев жеңіп алды. Әділ қазылар «Электрлік тізбектердің зертханалық нұсқасын құрастыру және пайдалану бағыттары» жобасын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу грантына лайық деп тапты. Сол сияқты екінші орынды еншілеген Жанкент ауылынан №104 орта мектеп оқушысы Шырай Талантқызының «Асықтың буын ауруларына пайдасы» жобасы университеттің жартылай жеңілдігін жеңіп алды. Үздік үштікті қорытындылаған оқушыға да универсиет оқу ақысының 25 проценті сыйға тартылды. Білімі мен білгірлігі арқасында абыройы асқақтаған Мұрат Аружан «Тұзды көлдің географиялық орны мен минералдық құрамын» зерттеген. Бұдан бөлек аудандық оқушылар үйінен қатысқан Альбина Сәлімжанның «Cho-kz шоколады» үздік жоба ретінде «ZHanellfarm» серіктестігінің 50 000 теңгелік сертификатын жеңіп алды.

Кез келген жарыста бәсекелестікті жандандыруды көздеп, балалар жігерін жасытуға әсте болмайды. Ынталандыру, демеу, қошемет – жеткіншектің жетілуіне септесетінін ұмытпаған жөн. Фестиваль аясында ғылыми жобалар санының көптігі ескеріліп, басты жүлдеден бөлек жаратылыстану мен гуманитарлық бағыттар бойынша орындар тағайындалды.
Жаратылыстану бағыты бойынша «Қағаз шығынын математикалық модельдеу» жобасын дайындаған № 276 орта мектеп өнертапқышы Аяулым Замадинова бірінші орын мінберіне көтерілді. Альбина Сәлімжан күмістен алқа тағынса, №17 орта мектептің мақтанышы Құралай Қарасай мен №266 мектеп-лицейдің жас ғалымы Бағдаулет Жантілеу үшінші орынды місе тұтты.
Гуманитар балалар жайына келер болсақ, бірінші орын «Көне тарихтың құнды жәдігерлерін» зерттеген Аружан Бақытжанға бұйырды. №95 орта мектеп оқушысы Жұлдыз Ақтан екінші, Жанкент ауылындағы №104 орта мектептен келген Нұрай Талантқызы үшінші орынға тұрақтады. Ал сайыстың ең белсенді қатысушы бағанына Кәукей ауылынан ат артып келген №225 орта мектептің оқушысы Ерасыл Қаржаубай лайық деп танылды.
Айта кету керек, ғылыми жобаға әділ қазылар Қызылорда қаласынан шақыртылды. Олардың қатарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Экономика және құқық институтының директоры Нұрлан Құлмұрзаев, университеттің Рекрутиг орталығының басшысы Жандос Оразмаханов, «Business-Start» жастар кәсіпкерлігі орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев бар. Сондай-ақ аудан орталығындағы «ZHanellfarm» серіктестігінің директоры Гулназ Ашрафина мен қалалық жастар ресурстық орталығының дирекоры Нұрбек Ақпанбетов те сайысқа төрелік жасады. Ал сәуір айының 13, 15, 19, 22, 25 күндері өтетінін жобаның басқа бағыттарына лайықты сала мамандары қазылық ететін болады.


Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 сәуір 2022 ж. 569 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031